«ДОМБЫРА – АТА КӨЗІ, БАБА МҰРА»

«Ұлттық домбыра күніне» арналып «Домбыра – ата көзі, баба мұра» деген тақырыппен фестиваль болып өтті.  Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Жамбылұлы Шәпкенов құттықтау сөз сөйледі.

dav

– Бүгін нағыз рухани ұлттық мерекеміз. Осы мерекемізбен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Ата-бабамыз ежелден осы домбырамен әнін асқақтатып, күйін күмбірлеткен. Әрдайым осы домбыраны үкілеп, киелі санап, төріне іліп қойған. Қазақтың сән салтанатында домбыра ерекше қастерлі дүние, келіннің бетін де осы домбырамен ашқан. Ақын Қадыр ағамыз айтқандай «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген жолдар ежелден келе жатқан біздің тарихымызды осы домбыра шегі шертеді дегенді білдіреді. Тәулсіздігіміздің арқасында ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп жатырмыз. Сонау ежелгі  бабаларымыздан қалған мұра домбыра олардың асқақ арманы мен қиялын аманаттап бізге жеткізді, енді оны жалғастырып, қастерлі әуенді алға апару аманаты біз бен сізге парыз, ағайын. Шаңырақтарыңызда домбыра үні шалқып, ұлттық рухымыз  жаңғыра берсін, мереке құтты болсын! -деді  Серік Жамбылұлы.

Фестиваль облыстық, қалалық саз мектептерінің мұғалімдерінен біріктірілген домбырашылар ансамблінің орындауындағы Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» күйімен ашылды. Одан әрі жыршылар мен жыраулар, әншілер мен бишілер, көсем сөз шеберлері сахнаға кезек-кезек көтеріліп, алаңға жиналған халықты өнерлерімен баурап алды. Осы фестивальда ұлттық аспабымыз жайында қаншама дастан, аңыз бен ертегі, ән мен күй, би бар екенін біліп, көріп, тамсанғандар көп болды. «Әншейінде көңіл аудармайды екенбіз-ау» – деп жатты олардың қайсыбірі.

Біз танысып сөйлескен Сақыпжамал Хамиева  Атырау қаласының тұрғыны. Концертті тамашалауға келінімен, немерелерімен келіпті. Немересінің үлкені Мәлика Бағытжанова Дина Нұрпейісова атындағы колледждің домбыра бөлімінде оқиды екен. Қазір осында сахнада өнер көрсетуде. Мәлика Мақсотқызы домбыра сайыстарының бірнеше дүркін жеңімпазы, Гран При жүлдесін алған, мақсаты – болашақта дәулескер күйші атану.

Концерт көрермендерге керемет шаттық сыйлады. Осы жердегі қолданбалы өнер көрмесі де жәдігерлерімен қызықтырды. Самсатып ілінген домбыралардың шеберлікпен жасалғандығы байқалады. Домбыра жасау шеберлері мен осы домбырада ойнаған танымал тұлғалардың фотосуреттері мен өмірбаяндары ілінген. Бұл көрмені ұйымдастырған Ш.Сәриев атындағы өнер мұражайы. Олармен қатарласа Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының өнер бөлімі арнаулы әдебиеттер мен күйшілер туралы деректі басылымдар әкеліпті. Кітапханашылар: С.Мусағалиева, Э.Дөкенова, Г.Ақбалиева қызығушыларға таныстырып, әңгімелеп тұрды.

Фестиваль Құрманғазы, Дина, өзге де композиторлардың күйлерін төгілтіп, әннен шашу шашты. Бишілер мың бұралды. Көркемсөзшілер жүректерге жеткізіп, сөзден маржан кестеледі. Атыраудың күйіп тұрған +40 С t. ыстығына қарамастан көрермендер Жайықтан ескен самалмен тыныстап, думанның аяғына дейін отырды. Арнайы орнатылған көлеңкелі қалқа, тізіле қойылған орындықтар көңілді демалысқа қолайлы жағдай жасады. Сахнаның да төбесі жабылғаны оң іс болды. Фестиваль аяқталған соң да адамдар тарқап кетпей, алаңда әртістермен, жәдігерлермен естелік суретке түсіп, көрмені тамашалады.

                                                Светлана Муньянова,

                                                 Суреттерді түсірген автор

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған