Дінді мешіттен үйреніңіз!

Павлодарда «Діни экстремизмге қарсы тұрудың озық тәжрибесі» атты діни оқу-семинары өтті. Жиынды Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті мен «Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту» орталығы ұйымдастырды. Оған облысымызға қарасты аудан және ауыл имамдары қатысты.

            Семинарға елімізге танымал дінтанушы теологтар келіпті. Олар – «Аңсар» консультативтік-оңалту орталығының директоры Асқар Сабдин және Қарағанды қаласындағы «Әл-Машани» мешітінің бас имамы, республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Қабылбек Жұмабеков. Семинарды облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас Қоспақұлы жүргізді. Конференцияның басты мақсаты – ел тыныштығына сына қағатын жат ағымдардың  іс-әрекетіне тосқауыл қою, имамдардың халықпен жұмыс жасау тәжірибесін көтеру.

Дінтанушы Асқар Сабдин «Қазақстандағы Ислам мектебі» тақырыбында баяндама жасап, радикалды діни топтарды елден шығарудың тиімді жолдарын сөз етті. Оның сөзінше, 1970 жылдан бері әлемде 150 мың жарылыс болған екен. Соның көпшілігі Ауғанстан, Пәкстан, Ирак, Иран, Сирия, Түркия секілді мұсылман елдерінде болыпты.

– Жалпы, мұндай діни радикалдық идеология бертін пайда болған жоқ, мұның түп-тамыры сонау Пайғамбарымыз (с.ғ.с) кезінен бастап шықты.  Одан кейін алыс-жақын елдерге жайылып, соның бір тамыры біздің елге де жетті. Қазір осындай теріс көзқарасты діни топтарға тосқауыл қою – мемлекет үшін маңызды. Бұл жерде имамдарға өте ауыр жүк артылып отыр. Пайғамбарымыздың бір хадисінде әрбір имам қойшы секілді болуы керек дегенді айтқан. Яғни, өз жамағатына ие болуы керек.  Алланың Елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) халықты имандылыққа шақырып, діни ұстанымдарын дұрыс жолға қою жұмысын үш бағытта жүргізген. Біріншісі – Құран кітапты үйрету, екіншісі – хикмет үйрету, үшінішісі – тәрбие беру. Міне, біз де осы тәсілді қолдануымыз керек, – дейді дінтанушы.

Имамдардың сөзінше, Қазақстанда терроризм және экстремизм бабы бойынша сотталып, жазасын өтеп жатқан 900 адам бар.   Оның көпшілігі жас азаматтар. Бұл – еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін рухани қауіпсіздікті сақтай алмағанымыздың, сырттан кірген келімсектердің бәріне бірдей төрден орын бергеніміздің айқын «нәтижесі». Еліміздің рухани қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кім? Ол – осы елде өмір сүретін кез-келген адамаға байланысты дүние.

– Біздің елдің жамағаттары әлі күнге дейін кімді тыңдап, кімнің соңынан еретінін білмей жүр. Мысалы біреулер, Арабияның, Түркияның және Ресейдің ғалымдарын тыңдаса, тағы біреулер Египеттен, Мысырдан «тура жол» іздейді. Мұндай адамдардың өзі Қазақстанда болғанымен, сана-сезімі шетелде жүр десек болады. Өйткені олар өзіміздің имамдарды мойындамайды. Біздің мақсатымыз – сол отандастарымыздың санасына әсер ету, оң жолға салу. Міне, ертең осылардың қамытын кимеу үшін дінді мешіттен үйрену керек. Менің ойымша діни радикализмнің көзін жоюдың жалғыз жолы бар. Ол – түп-орнымен құрту. Мысалы, аулаңыздағы артық ағашты алу үшін оны тамырымен қопармасаңыз, бұтағын сындырып, жапырағын жұлудан ешқандай нәтиже болмайды, – дейді Асқар Сабдин.

Облыс орталығындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінде ұйымдастырылған діни семинар таңғы сағат 10:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін жалғасты. Жиын соңында дәріске қатысқан имамдардың барлығына арнайы сертификаттар берілді.   

Тілеуберді САХАБА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған