Егіздер де ерегіседі екен…

Жаз. Жексенбі күні орталық базарға жақындай бергенімде, он жасар шамасындағы қазақ баласы алдымнан жүгіріп шықты.

— Сіз театрда жасайсыз ба?

— Иə.

— Сізді ылғи теледидардан көремін.

— Ым, жарайсың! — дедім. Балаға басқа не айтамын?

— Аға, сағыз сатып алыңызшы, — деді өтініш жасап.

— Сағыз шайнамаймын, — деп едім, ол үндемей тұрып қалды. Сəлден соң артымнан қайта қуып жетіп:

— Аға, шөлдеген шығарсыз, су сатып алыңызшы.

— Жарайды, əкеле ғой, — деп, бір бөтелке су сатып алдым. Алдыға қарай екі-үш қадам жасай беріп едім, жаңағы бала тағы да:

— Ағай, су алыңызшы, — деді.

— Айналайын, сенен жаңа ғана сатып алдым ғой.

— Ол мен емес, менің сыңарым. Біз егізбіз, — деді.

— Олай болса, сенен шоколад сатып алайын, — деп, қалтамнан ақшамды алып жатыр едім, қасына екіншісі жетіп келді.

— Бұл ағаны бірінші рет мен көрдім. Шоколадты менен алады.

— Сен су саттың ғой, — деді сыңары. Екеуі жанжалға көшті. Сəлден соң бір-бірінің жағасына жармасты. Ортада төрешілік жасамасам, бір-біріне жұдырық жұмсауға əзір тұр. Мына əрекеттеріне қарап, бір құрсақтан шыққан деп айта алмайсың. Бірақ ұқсастықтары керемет. Екі тамшы су сияқты. Əне, сауда да ағайынды айырады… — Сендер бір анадан туып, бұлай жасағандарың дұрыс емес, əкеліңдер, екеуіңнен де сатып аламын, — дедім. Жүздері жарқ ете қалды. Мүмкін, бұл жоқшылықтың да əсері шығар. Қазір кім бай дейсің?..

Нұрлыбек Жұбатқан,

«Екі езу» театрының директоры,

ҚР Мəдениет қайраткері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған