ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕР ЕУРАЗИЯЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ФОРУМЫНДА МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазан айының басында Алматыда «Үздіксіз білім беру проблемалары: дәстүр мен мен инновациялар» атты халықаралық форум өтті. Оған жергілікті және шет елдік университеттердің тоқсаннан астам университет өкілдері қатысып, мұғалім мәртебесін көтеру мәселесін талқылады. Форум Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагикалық университетінің (ҚазҰПУ Qazupy Kaznpu) 90 жылдығы аясында, Білім және ғылым министрлігі, Педагогикалық университеттер Еуразиялық қауымдастығының қолдауымен өтті. Қатысушылар арасында Қазақстан, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Австрия, Польша, Чехия, Япония, Түркия, Украина, Кипр, Болгария, Армения, Ресей, Белорусь, Қырғызстан секілді көптеген елдердің ректорлары мен профессорлары бар. Барлық баяндамалар мұғалім мәртебесін көтеру мәселесіне келіп ойысты. Бұл жайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазан айында жасаған жолдауында баса айтылған еді.

ФОРУМ МАҚСАТЫ: ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ
Форумның халықаралық деңгейде өтуі – күн тәртібін айқындап берді. Біріншіден, түрлі елдердің ЖОО басшылары үздіксіз педагогикалық білім беру мен заманауи мұғалімдерді дайындау мәселесінде тәжірибе алмасты. Екіншіден, мұндай деңгейдегі шаралар педагогикалық ғылым мен инновациялық білім беру қызметі бойынша мемлекетаралық әріптестікті дамытуға мүмкіндік береді.

ВИЦЕ-МИНИСТР АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ СӨЗ АЛДЫ
Вице-министр Асхат Аймағамбетов сөз алғанда Елбасы биыл мақұлдаған академиялық еркіндік туралы заңға баса назар аудару керектігін алға тартты. Бұл заңмен қатар, жетпістен астам норматив-құқық құжаттары жасалды (заң жазылу барысында). Бұл құжаттар жоғары оқу орындарына жан-жақты мүмкіндіктер берді.
– «Біздің ғалымдар мен мамандар дайындап, Елбасы жүктеген міндеттер білім саласының қарқынды дамуына жол ашады. Енді министрлік тарапындағы көптеген құзіреттер жоғары оқу орындарына беріледі. Шын мәнінде университеттер өзін-өзі басқарып, студенттерге баса назар аударуы керек. Осы бағытта өзгерістер жүріп жатыр», – деді ЖОО ұйымдастыру-құқықтық құрылымына өзгерістер енгізілуі туралы түсіндірген Асхат Аймағамбетов.

Одан кейінгі отырыста ректорлар баяндама жасады. Түрлі елдердің педагогикалық білім беру жүйесінің бет алған бағыттары, бұл саладағы проблемалары қандай, оны ЖОО басшылары қалай шешетіндігі туралы тыңдау қызықты болды.

ҚазҰПУ РЕКТОРЫНЫҢ БАЯНДАМАСЫ
ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев білім берудегі маңызды сала – кадр дайындау мәселелерін ауызға алды. Бірінші кезекте Президенттің Қазақстан халқына жолдауында білім беру саласының алдына үлкен міндет жүктеген. Ол – экономика талаптарына сай болу. Екінші кезекте, әлемдік процестер өзгерістерге мұрындық болуда. Зерттеу нәтижелеріне сүйенер болсақ, 2020 жылдарға қарай өзгерістер еңбек ету барысында маңызды болып саналатын білім мен біліктіліктің үштен біріне әсерін тигізеді (БҰҰ 2017 жылға арналған бағдарламасында көрсетілген). Сондықтан да білім беру мазмұнын жаңарту ісі кезек күттірмейді. Осы міндеттерге сүйене отырып, ҚазҰПУ алдына екі міндет қойды. Бірінші – педагог мамандығының мәртебесін көтеру. Екінші – мектепте жаңа талаптар бойынша жұмыс істейтін мұғалімдер даярлау.
– «Мектепте жаңартылған мазмұн, жаңа бағалау жүйесі бойынша оқыту басталды. Робототехника үйірмелері енгізіле бастады. Мұндай педагог кадрларды даярлау үшін біз университетте оқу-әдістемелік бірлестік құрып, жаңартылған оқу бағдарламаларына байланысты 23 бағдарламаны жаңарттық. Барлық педагогикалық мамандықтарда болашақ ұстаздар оқу барысында қолдануы үшін цифрлы технологиялар бойынша курстар енгізілді. Сонымен қатар, педагогтар робототехникадан хабардар болуы үшін университет жанында STEM-парк ашылды», – деді ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев (ескерту. STEM – Science, Technology, Engineering, Math).
Университет мектептермен етене жұмыс істеу үшін білім беру басқармаларымен әріптестік орната бастады.

ММПУ РЕКТОРЫНЫҢ БАЯНДАМАСЫ (РЕСЕЙ)
Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Педагогикалық университеттер Еуразиялық қауымдастығының президенті Алексей Лубков сөз алғанда да мұғалім мәртебесін көтеруге тоқталды.
– «Мұғалім – білім беретін адам ғана емес. Ол – күрделі бастамаларды жүзеге асыратын, қоғамдағы зор азаматтық миссия. Біз тіпті оқушыларымыз бен студенттеріміздің 10, 20 тіпті 30 жылдан соң қандай міндет жүктеп, жүзеге асыратынын елестете де алмаймыз. Олар барлығына дайын болуы керек. Яғни, мұғалім терең білімге сүйенуі керек», – деді ректор.
Алексей Лубков әлем цифрлы технологияларға қарай бет бұрған мына заманда педагогикадағы тәрбие беру ісін де ұмытпау керектігін айтты. Ол Асхат Аймағамбетовтің «ЖОО студенттерге баса назар аударуы керек» деген сөзімен келісетінін жеткізді.

БМПУ РЕКТОРЫНЫҢ БАЯНДАМАСЫ (БЕЛОРУССИЯ)
Максим Танк атындағы Белорусь мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Александр Иванович Жук өз елінің тәжірибесімен бөлісті. Белорусь елінде мектепті үздік бітіргендер мен медаль иегерлері педагогикалық мамандықтарға сынақсыз түсе алады. Ректордың педагогикалық сыныптар қауымдастығын құру жайындағы ұсынысы жұртты елең еткізді. Белорусь елінің жоғары сынып оқушылары педагоикалық сыныптарға ауысып, болашақ ұстаз ретінде тәжірибеден өтеді екен. Ректордың айтуынша, педагогикалық сынып бітірушілері өте белсенді, университетте жақсы оқиды. Себебі олар өз мамандығын жүрек қалауымен таңдаған. Бүгінде Белоруссияда осындай 100 сынып бар. Онда 470-тен астам бала оқиды. Осындай сыныптар Ұлыбритания, Чехия мен Ресейде де бар.

ҚР ЖОО РЕКТОРЛАРЫ КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ
Шараның екінші жартысында «Жоғары білім сапасы – бәсекеге қабілет негізі» тақырыбында ректорлар кеңесінің отырысы өтті.

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік университінің ректоры Дәрия Қожамжарова баяндамасында ЖОО жанында бизнес-кластер құру тәжірибесі жайлы айтты. INALCO президенті Манюэля Франка ҚазҰПУ әріптесі Сорбонна университетінің ерекшелігіне тоқталды. Ол – қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Еуропадағы жалғыз ЖОО. Жиында Слупск қаласындағы Поморск академиясының ректоры Збигнев Осадовский (Польша) мен Австрия педагогикалық университетінің ректоры Ханс Шахл да сөз алды. Олар екіжақты білім беру бағдарламаларын дамыту үшін жоғары оқу орындары арасындағы әріптестіктің маңызды екеніне тоқталды.

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕР ЕУРАЗИЯЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ
Педагогикалық университеттер Еуразиялық қауымдастығының вице-президенті Эдуард Михайлович Никитин қауымдастық құру керектігін айтты. Ол – тәжірибе алмасу, студенттердің ұтқырлығы, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге көп ықпал етеді. Қазір қауымдастық үш бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: жас оқытушыларға қолдау, педагогикалық оқу орындарында отбасылық тәрбие беруді қайта жаңғырту және медиа білім беруді дамыту.

ҚР Білім және ғылым министрлігі фб парақшасынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған