ЕКІ КЕЛІНІМ ЕКІ ТҮРЛІ Бірі өз басын, бірі отбасын ойлайды

Менің екі келінім бар. Екеуінің мінезі екі түрлі. Бірі отбасын ойлап, қамқорлық танытса, екіншісі қолда барды қанағат тұтпай, ақшаның басын құрай алмайды. Олардың сырттарынан қарап отырып, біріне сүйсінсем, екіншісіне күйінемін…
Келін алып қолым ұзарғанымен, отағасы екеуміз оларды қолда ұстамауға бекіндік. Ұлдарымның жастарының арасы бір-ақ жас, келіндерім де жасты. Екі ұлымызды бірдей үйлендіріп, бірден екі келінге қол жеткіздік. Бірақ жастар бөлек тұрып, үй-жай болып кетсін, қашанғы олардың қастарында боламыз, әзірше өз қамымызды өзіміз жасайтын жағдайдамыз, қайта өз бетінше өмір сүруді үйренсін, өздері өз күндерін көрсін деп шештік. Бұны естіген кіші келінім тіпті қуанып кетті. Ал үлкені «апа, қарсы болмасаңыздар біз осы үйде тұрайық, сіздерге қолғабыс жасаймыз» деп айтты. Келіннің ниетіне риза болғанымызбен, батамызды беріп, бөлек отауға шығардық.
Екі келінім де Құдайға шүкір, оқыған, тоқыған, білімді жандар. Екеуі де жұмысқа тұрды, бірақ қазір баламен үйде отыр. Ұлдарым да отбасыларын асырай алатын жағдайда. Дегенмен отбасында әйел адам пысық болып, кіріс-шығысты бақылап, барды құрап отырмаса күн көру қиын. Әрине, пәтерде тұрған соң да шығындары көп. Отбасын асыраушы еркек болғанымен, еркекке жағдай жасап, үйде барды көрсетіп, жоқты жасырып отыратын әйел адамы. Менің ішкі мақсатымда келіндерімнің өз бетінше күн көріп кете алу қабілеттерін білу еді. Қазір емін-еркін тұрып, таршылық көрмесін, шаршамасын деген ой. Бірақ біз қартайғанда қолға бір келінді аларымыз белгілі.
Ол келінді де таңдап қойғанмын, ол үлкен келінім. Жасына қарамай өзі ақылды, сабырлы, сөзі де, тірлігі де салмақты. Жоқтан барды құрап, үйіне бара қалсаң құрақ ұшып тұрады. Ал кіші келінім салақтығынан бөлек, бостау, қайта оның үйіне барсаң тірлігі бітпей баласын қаратып қояды. Бір шәй беруге анау жоқ, мынау жоқты сылтауратып, тамақ істеуге ерінеді. Адам жоқ, жоқ дей берген соң қалайша бар болмақ. Бұрын өзіміз үйде ұн мен май болса шүкіршілік етіп, солардан-ақ түрлі тағам пісіре беретінбіз. Ал кіші келінім үйінде ет болмай, басқа заттары болса да, ет жоқ не тамақ дайындайтынымды білмеймін, деп отырады. Айналайын-ау, қазір жаз мезгілі көкөністерден неше түрлі тағам дайындауға болады емес пе? Сары майға пияз қуырып, “нансалма” дайындап жіберуге болады ғой? Тірлігі сылбыр келінімнің үйінен кеткенше асығамын. Екі жастың ортасына түспей-ақ қояйын, ұлым жақсы көріп тұрған соң ұрыстырып, берекелерін кетірмейін деймін. Әйтпесе, айына бір барғанда үйін таптай етіп, бір тамағын дайындап беруге болады ғой. Қолынан телефоны түспей, бір баласынан тірлікке уақыт таппайды. Іштей ұлымды аяймын. Кешке жұмыстан шаршап келген-де үйінде жағдайы болмайды, дайын тағам жоқ, сол келген соң барып қана баласын жылатып жүріп ас әзірлейді. Ол пісем дегенше адамның тәбеті кетіп қалады. Үйде не бар, не жоқты түгендемейді. Тағамды дастарханға алып келеді де, үйде нан жоқ екен деп отырады. Қолына сәл ақша түссе барып киініп келеді. Үйге зат алу, ақша жинау деген жоқ. Қыдырып жүргеніне мәз. Дайын тағамдарға үйір, үйде отырған әйел түрлі тағам әзірлеп қоюға болады ғой. Ол әрі арзан әрі пайдалы. Бірақ соны айтып түсіндіре алмадым. Қайта алыстан сыйласқанымыз дұрыс деп қалдым. Өз бетінше тірлік жасауды білмейді, барлық затты дайын күйінде сатып алуға үйреніп қалған, баласының ақшасына да өзі киініп, үстіне жамағаннан басқаны білмейді.
Ал үлкен келінімнің жағдайы басқа. Түсінігі бар, көп нәрсені талап етпейді, жұмыс істегенде де бізге қонаққа келіп, анау-мынаусын алып келіп, самаурынға шәй қойып беріп кетеді. Өткенде ол да босанып алған. Жақында баласына үкіметтің берген ақшасын, бізге алып келіп тұр. Бұл қылығына көзіме жас алып қалдым. Бірақ өздерің жаратың-дар, өздеріңе бұйырсын деп алмадық. Тек көңіліміз бір демделіп қалды. Осы келінім жұмыс жасап жүргенде де көп шығын шығармайтын. Қайта күйеуінің түскі асқа деп берген ақшасын жинап, үйіне ыдыс-аяқ, майда-шүйде алып келетін. Үйін жайнатып қойған, бақша егіп, қазір тегін көкөністерді пайдаланып отыр. Барсаң тез арада тағам дайындап жібереді. Қонақ келгенде көмектесуге шақырсаң да дастарханды жайнатып, тірлігіңнің көзін тауып жасайды. Кейде жұмыстан аш қайтып, кейде үйден дайындап алып кетіп, үйіне бірнеше зат алып қойыпты. Кішкентайына да, үй тірлігіне де үлгеріп, барған қонаққа да уақыт тауып, әңгімесін айтып, ыстық шәйін береді. Бұл келініме қарап отырып, ұлымның болашағынан қорықпаймын. Киімі таза, қарны тоқ, жаны тыныш, алаңсыз жұмысын істеп жүр. Жақында өздері үйге ақша жинап жатқан-дарын есітіп қуанып қалдым. Үй боламын деген адамның әңгімесі осындай болса керек-ті.
Қазір жарқырап киініп, тойып ас ішпегенімен болашақтарынан көп үміт күттіреді. Келінімнің арманы көп, барлығын ашық айтып, болашақта былай істейміз, олай істейміз деп отырады. Біз енді қартайдық, баяғыдай күш жоқ, артыңда тірлігіңді жалғастыратын адамның барына қуанып, риза болып қаласың. Той-жиында ақылшы керек болса осы келінімізді шақырып аламыз.
Мен бұл жерде екі келінімді екіге бөліп, бірі жақсы, бірі жаман деп отырған жоқпын. Тек олардың үй-жәй болып кетулерін қалаймын. Бірақ кіші келін күйеуін байытпайды. Мейлі ғой, өз беттерінше күн көріп, үй болып кетсін. Немерелерім аман болсын.

Бейбіт апа

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған