Елбасының Ақмола облысында болған сәттерінен

«Иә, Ақмоланың жұлдызды сағаты туды. Тарихтың ұлы көші бойында оның басынан өткергені де аз емес. Сарыарқаның төсінде, ұлы керуен жолының үстінде тұрғандықтан, халықтардың бірбірімен бауырласуының, рухани байланыс орталығына, көптеген ұлт өкілдері үшін туған ошаққа, аталы шаңыраққа айналды… Ал үшінші мың жылдыққа аяқ басар қарсаңында Астананың осы өңірде болу мәртебесі оның маңдайына жазылды. Бұл — тамаша жетістік, ол ерік-жігерді, табандылықты, бірлік пен келісімді талап етеді».

Н. Ә. Назарбаев.

Солтүстік Қазақстан, бұрынғы Көкшетау облысына қараған Еңбекшілдер, Зеренді, Щучинск, қазіргі Бурабай аудандары және Көкшетау қаласы 1999 жылы 8 сәуірде Елбасының жарлығымен Ақмола аумағына беріліп, астаналық облыстың жері ұлғайып, қайта құрылды. Облыс орталығы болып Көкшетау қаласы бекітілді. Осы күннен бастап облыс өңірі өркендей бастады. Бұдан бұрын Көкшетау қаласының жағдайы мәз болмаған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Көкшетаудың жағдайына сәл шегініс жасайық. Қырсыз әкімдердің кесірінен жылу қазандығы отынсыз қалып, дүниежүзі жаңа жылды тойлап арқа-жарқа болып, от шашуға оранып жатқанда, Көкшетау көк мұзға оранып, көп қабатты тұрғын үйлердің тең жартысы қатып қалды. Жарық жоқ, жылу жоқ, су жоқ… Көкшетау сүлдесін сүйретіп жүріп, облыс мәртебесінен айырылып қалды. Экономика минусқа кетті. От жағатын қазан шұрық-тесік. Жөндеуге қаржы жоқ. Осы кезде Көкшетау халқының жайына жаны ашыған Президент Нұр-ағамыз өзі келіп, қазандықты аралап көрді. Ел басқарудың қыруар шаруасын ысырып қойып, қазандықтың жайын көзбен көріп, тапсырма беріп, қаржы бөлдірді.

Елбасы бұл жайында: «Көкшетаудың қатуына байланысты жағдайды біз білеміз. Мен шұғыл шара қолдануға мәжбүр болдым… Қаржы бөлдік. Жаңа ғана мен қазандықта болдым. Күлкілі жайт, маған айтыңыздаршы, батыстың президенті қазандықты аралап көрмек түгілі, қазандық дегеннің не екенін біле ме екен?! Жөндеу аяқталды, ол енді Көкшетау қаласын жылумен толық қамтамасыз етеді».

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары басы жастыққа тимей, коммуналдық шаруашылық бастығының ролін атқарғанын көреміз. Елбасы сөз соңында: «Менің саясатымды қолдап отырған көкшетаулықтарға алғысымды айтамын. Облыс орталығын Петропавловск қылып жібергенім үшін өкпелейтіндер бар екенін де білемін… Алайда Көкшетау далада қалмайды…» — деген-ді. Елбасының айтқаны болды. Осыдан 6 айдан соң Көкшетау астаналық облыстың орталығына айналды.

Тәуелсіздік туралы сөз бастағанда Ұлы Абылай ханды айтпау мүмкін емес. 1771 жылы қазақтың үш жүзінің басын қосқан құрылтайда көне астана Түркістан қаласында сұлтан Абылай бүкіл қазақтың Бас ханы болып жарияланды. Сол Абылай хан жер шоқтығы, көгілдір Көкшенің баурайында ақ ордасын тіккен. 48 жыл хандық құрған. Бурабайдағы Абылай хан алаңына 1991 жылы ұлы ханның туғанына 280 жыл толуына орай ескерткіш тақта қойылды. Ұлы ханға арналған ескерткіш елімізде алғаш 1999 жылы 5 қарашада астаналық облыстың орталығы Көкшетауда орнатылды. Еліміздің әнұраны шырқалып, осы алып ескерткішті Президентіміз Н. Ә. Назарбаев салтанатпен ашты. Ескерткіштің іргесіне Қожа Ахмет Иасауи кесенесіндегі Абылай хан мүрдесі жатқан жердің топырағы салынған құтыны орнатты. Елбасы ескерткішті ашар сәтте толғанып: «Абылай — ұрпақтарымыз үшін құдіретті хан. Қазақ халқының мемлекеттілігі мен тәуелсіздігі осынау даңқты есіммен тығыз байланысты. Ардақты бабамыздың үш арманы тыныштық, кәсіп, тәуелсіздік еді. Бүгінгі күні ол мақсаттар еңсесін тіктеп келеді. Ал бүкіл Қазақстанда тұңғыш рет толыққанды Абылай ескерткішінің ашылуының өзі тарихи әділеттіліктің салтанат құруы», — деген еді. Ескерткіштің ашылуы Ақмола облысының — 60, Көкшетау қаласының 175 жылдығы қарсаңында болды.

Ақмола тарихында ХІХ ғасырда отаршылдыққа қарсы Кенесары Қасымұлының азаттық аңсаған күресі ерекше мәнге ие. Кенесары ханның есімі Бурабай ауданына қарасты Жамантұз ауылына және Астана, Көкшетау, Щучье қалаларының көшелеріне берілген. Астана қаласында, Есілдің жағасында зәулім ескерткіш орнатылған. Айбынды қолбасшы Кенесары ханның 200 жылдық мерейтойы 2002 жылы қыркүйек айында өтті. Оған ел Президенті Н.Ә.Назарбаев арнайы келіп, Ақмола жұртын құттықтады.

Ел Президенті 2004 жылдың 8 шілдесінде Бурабайдағы Абылай ханның ақ ордасы тігілген алаңға тұрғызылған ескерткіш мемориалды сәнсалтанатпен ашып, арнау сөз сөйлеген.

2005 жылы Ақмола облысына кезекті сапармен келген. Елбасы Ресей — Қазақстан біріккен ауыр жүк көлігін құрастыратын «КамАЗ-Инжиниринг» компаниясының алғашқы өнімімен танысты. Қаладағы «Тыныс» АҚ кәсіпорнын аралады. Кеңес Одағының батыры, жазушы, ғалым М. Ғабдуллин мұражайында болды. Президент Н.Ә.Назарбаев 2008 жылы 1 мамырда облыс орталығы Көкшетауға келіп, халықты Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесімен құттықтады. 2010 жылдың 28 мамырында іссапармен Көкшетауға келіп, «Васильковка тау-кен байыту комбинатының», алтын өндіретін жаңа зауыттың ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты жиында Елбасы: «Васильковка» деген атаудың қайдан шыққанын да білмейміз. Қарағандыда Теміртау бар, оңтүстікте Кентау бар, мына киелі Көкшетаудың енді Алтынтауы болсын. Комбинат «Алтынтау» аталсын», — деген-ді. Бұл кәсіпорын жылына 15 тонна алтын өндіреді. Бұл елімізді әлемдегі ең көп алтын өндіретін 15 елдің, облысты Қазақстандағы №1 алтын өндіретін кәсіпорын қатарына қосты. Осы 2011 жылдың 8 тамызында Целиноград ауданына қарасты «Ақмола-Феникс» ауылшаруашылық ірі кәсіпорнының жұмыс жағдайымен танысып, Ақмол ауылында жаңадан салынған нысандарды аралап көрген. Осы күні Елбасы Зеренді, Бурабай ауданының шаруашылықтарын және Еңбекшілдер ауданындағы «ҚазГерҚұс» фабрикасы мен «KazBeefLTD» ЖШС-ның асылтұқымды мал бордақылау алаңдарын көріп, атқарылған жұмыстарға көңілі толып кеткен-ді. Бұдан кейін де Ақмола облысына бірнеше мәрте ат басын тіреді. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы 2015 жылы қыркүйектің 3 жұлдызында киелі Көкше жерінде болып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Алтын – Тау» ЖШС-нің 765,2 млн. теңгеге салынып, көкшеліктерге сыйға тартылған теннис орталығын көріп, елдің спортқа бет бұрып, саламатты өмір салтын қалыптастыруда нәтиже барына қуанған. Бұдан соң Елбасы орталықтан алыс емес, Қопа көлінің жағасына салынған «Достық үйіне» келіп, ынтымағы жарасқан 105 ұлт өкілдерінің басын қосқан 45 этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесті. Елбасы этномәдени орталықтардың
басшы, жетекшілерімен емен-жарқын сұхбат құрып, қара домбыраның үнін тыңдап, өзі де көпшіліктің құрметіне ән салып, елді бір жадыратып тастады. Ел ағасы — ақсақалдардың жай-күйіне көңіл бөліп, дәл осы күні туған күні дөп келген еңбек ардагері, кәріс этномәдени орталығының жетекшісі Мойсей Чженмен (кейін өмірден өткен) жөн сұрасып, естелік сыйлық табыстап, гүл шоқтарын ұсынып, көпшілікті қарапайымдылығымен тәнті еткен-ді. Этномәдени орталықтың өкілдері Елбасының емен-жарқын әңгімесіне ризашылық білдіріп, Президенттің сындарлы саясатын бірауыздан қолдайтындарын жеткізді. Елбасының Ақмола облысына деген ықыласы ерекше. Себебі Ақмола — астаналық облыс. Басқа облыстар Астана, Ақмолаға қарап бой түзейді. Басқа облыстардан ерекшелігі — зор және астаналық атына сай болуы керек. Осы тұрғыдан қараған Елбасы биыл көрікті Көкше, оның ішінде сұлу табиғатты Қазақстан «маржаны» атанған Бурабайды жан-жақты көркейтудің алғышарттарын көрсетіп, бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы сұхбат берді. Н. Назарбаев: Бурабай — Қазақстанның «маржаны» — Әр өңірдің өзіндік көрікті орындары бар, солардың бірі Бурабай — Қазақстанның «маржаны». Мұнда болғанда ән айтпау, шабыттанбау мүмкін емес. Бурабайдың сұлулығын халқымыз ежелденақ жырға қосқаны бекер емес. Мысалы, ақын Біржан салдың мынадай жыр жолдары бар: «Жер шоқтығы — Көкшетау, бауырың толған бақша бау, төңірегің сексен көл, иісің жұпар аңқиды-ау». Мен бұл өңірге келіп жүргеніме 25 жылдан асса да әлі тамсанамын. Қазір біздің басты мақсатымыз — курортты аймақты оның тазалығы мен тұмса табиғатын сақтай отырып дамыту, танымал ету. Бурабай қазірдің өзінде Қазақстанның рәмізіне айналды. Елорданың қасында орналасқандықтан, жақсы автомагистраль бар болғандықтан, соңғы уақытта туристер саны артуда. Жыл бойғы демалыс үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Велосипедпен және жаяу серуен жолдары ашылды, қыста шанамен сырғанап, атқа мінуге, шаңғы тебуге болады. Мұнда ірі халықаралық іс-шаралар өткізуге мүмкіндіктер бар. Мысалға, шетел инвесторлары кеңесі болғанда Бурабайда барша әлемнің жетекші бизнесмендері бас қосты. Бұл жерде ТМД, ЕАЭО саммиттері өтті. Оларға қатысқан мемлекеттердің басшылары мен үкімет мүшелері сол іс-шаралар туралы ілтипатпен еске алады. Әрине, «ЭКСПО — 2017» халықаралық көрмесіне келген қонақтар үшін де Бурабайға дейін бағыт ұйымдастырылатын болады. Курортты аймақ көптеген туристерді тартады, бастысы — олар үшін барлық қажетті жағдайларды жасау керек. Инфрақұрылымы дамыған сайын Бурабайдың атағы әлемге таныла беретін болады. — Қазір Астана маңында үлкен агломерация қалыптасып келеді. Іс жүзінде елорда мен курортты аймақ арасындағы қашықтық қысқаруда. Болашақта шағын авиация ұшып, тікұшақ көлігі дамиды деп ойлаймын. Мен Астананы салу барысында табиғат жағдайы келмейді дегенге қарамастан, оның айналасына ағаш отырғызу міндетін қойдым. Бүгінде көріп отырғанымыздай, Астананың маңына 73 мың гектарға ағаш егілді, бұл Бурабай аумағымен бірдей. Қазіргі уақытта екі аймақтың орман алқаптарын біріктіру міндеті қойылды, бұл жұмыстың жартысы атқарылды, — делінген сұхбатында. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев Көкше жеріне бір келгенде Ақмола облысы жайлы ойын былай түйіндеген еді: — Мен Ақмола өңіріне келген әрбір сапарымда халықтың қуанышты жүзін көріп, болашаққа деген сенімін байқап, көңілім толады. Кең алқапты астығымен, Бурабайдың сұлу табиғатымен Қазақстанды әлемге әйгілі еткен бұл өңірдің елдің дамуына қосқан үлесі ерекше. Елбасы осылай Ақмола облысын ерекшелеп зор сенім артуы астаналық облыстың Қазақ елі үшін мән-мағынасы зор екенін білдіреді. Астананы құшағына алған Ақмола облысының еңбеккерлері Елбасымыздың сындарлы саясатын нық қолдап, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сенімінен әрқашан шыға беретініне сенімдері кәміл.

Дахан Шөкшир

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған