Елбасы Алаш қайраткерлерінің жолымен келе жатыр

Бүгінгі Тәуелсіз қазақ елінің билігін ұстап, бүкіл әлемге өзінің саяси қырағылығымен танылған, төрткүл дүниеге қазақ елін танытқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 25 қаңтар күні 26 жылдық жаңа тарихы бар еліміздің назарына мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жариялады. Содан бері елімізде саяси бетбұрыс басталып, талқылаулар жүріп жатыр.

Осы аптада «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан конституциялық реформа жүргізу төңірегінде  депутаттар, қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар, сарапшылар қатысып, ой бөліскен телекөпірді тамашалап, қолыма қалам алып, еліміз үшін саяси маңызы зор бастамаға өз пікірімді білдіріп, Елбасының үндеуін қолдағым келді. Біздің Елбасымыз, тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев шыныменде өте парасатты, болашағын ойлаған кемеңгер басшы ғой. Өтірік мақтап, көлгірсіп отырғаным жоқ. Енді өзімнің конституциялық реформа турасындағы ойымды баяндайын:

Мен – қарапайым оқырман ретінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қаламынан туған бірқатар кітаптарын оқып, еңбегімен танысқан зейнеттегі адаммын. Меніңше, Елбасы Н.Ә.Назарбаев –  ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің жолымен жүріп, солардың саяси ұстанымдарын ұстаған адам. Мысалы, Алаш зиялыларының Қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» – деп көрсеткен болатын. Көрдіңіз бе, зерделі де зерек ойлы президент  тарих қатпарындағы жай-жапсарлармен толық танысып, Қазақстан халқына билік тармақтарын қайта қарау жөнінде үндеуін жариялады. Осыған қарағанда, Елбасы – ғасыр басындағы Алаш зиялысы Барлыбек Сыртанұлының «Қазақ елінің уставы» деп аталатын алғашқы конституциялық еңбегін оқып, танысып шыққандай әсер қалдырды. Әсіресе, Елбасының үндеуі – Барлыбектей арыстың пікірімен ұштасып тұр. Бұны – екі дәуірде өмір сүрген қазақтың қос перзентінің бірін-бірі толықтырғаны деп түсіндім.

Телекөпірде ҚР Бас прокурорының аса маңызды ісі бойынша бас көмекшісі, профессор Қабылсаят Әбішевтің «Қазақ қоғамында жүз жылдан бері конституциялық идея келе жатыр. Жүз жыл бұрын қалыптасқан идея үзіліп, тоқтап қалып, өсіп дамып келе жатқан идея» дегенін естіп, Алаш қайраткері Барлыбек Сыртановтың Уставын есіме түсірдім. Сосын шамалы ойланып, заңгер-ғалым Сәкен Өзбекұлының 1996 жылы жарық көрген «Барлыбек Сыртанов» деп аталатын кітабын оқығаным есіме түсті. Аталған кітапта автор профессор Қ.Әбішевке өзінің алғысын білдірген болатын.

Ғасыр басында жазылған, менің жерлесім, Қапалда, Алатаудың  шыңында дүниеге келген, «Елім!» деп қыруар еңбек атқарған Б.Сыртановтың  конституциялық заңының І бөлімінде: «4 бап:  Қазақ елінің ең басшы орыны Ұлт мәжілісі. Оған дауыспен өткендер Қазақ елінің басшысын,  Президентті төрт жылға сайлайды.

5 бап: Бір президент екі реттен асып ел билеуге хұқы жоқ.

6 бап: Президент Қазақ елін министрлер арқылы басқарады. Министрлерді  Президент өзі таңдайды, бірақ Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді.

7 бап: Министрлер өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің  һәм Ұлт мәжілісінің алдында есеп беріп тұрады.

8 бап: Қазақ елі Президентінің орынбасары – Вице – президент. Ол Президент жоқ болғанда орнын басады, бар кезде оның айтқанымен жұмыс істейді», – деп анық жазылған.

Ал, қазіргі Тәуелсіз қазақ елінің қолданысында жүрген Ата заңымыздың  44 бабының 3 тармағында: «Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Республика Үкіметінің құрылымын айқындайды; Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкіметінің мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырады; Республика Үкіметі мен Премьер-Министрінің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады», – деп «тасқа таңба салғандай» анық көрсетіліп тұр.   

Міне, көрдіңіз бе, бірін-бірі толықтырған, бірін-бірі үстемелеген заң талаптары. Өстіп ретіменен мысалды келтіре беруге болатын еді, бірақ, мен заң маманы емеспін. Қарапайым оқырман ретінде әрі осы алып мемлекеттің азаматы ретінде өз ойымды жазып отырмын.

Жаңа заман тоғысында қазақтың билік тізгінін қолына алып, жаһанға елімізді танытқан Елбасы Н.Назарбаевтың әрбір саяси бастамасына, нық  қадамына сәттілік тілей отырып, оның ісі мен сөзінің – ХХ ғасыр басындағы қазақ интеллигенциясының пікір, ұстанымдарымен тоғысып, астасып жатқанына қуандым. Елбасының бұл қадамын биыл ғасырлық тойы аталатын Алашордашылардың саяси-көзқарастарымен ұштасып жатқанын  байқап, жақсылыққа бағалап, символизмдік мәнін ұқтым. Сонымен, Елбасының үндеуі –  Барлыбек Сыртановтай  Қазақ елінің алтын ұлдарының  бірі, оның  жазған заңын толықтай қуаттап, жандандырып отыр емес пе! Менің ойымша, Алаш бабаларымыздың, Барлыбек  Сыртанов бабамыздың рухы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  батылдығына, көрегендігіне  дән риза шығар! Бәлкім, Алаш боздақтарының аруағы бір аунап түскен болар…

Сөз соңында айтарым: еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесі, билік өкілеттілігі – Елбасының айтқанындай болса, еліміздің саяси инфрақұрылымы да, демократиялық басқару талабы да – жаңа заманның үдесінен шығар еді. Сәттілік болсын!

Шоқан НҮСІП,

Алматы облысы, Ақсу ауданы 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған