Елбасы бірқатар азаматтардың еңбегін елеп марапттады

Осы аптада жыл сайынғы үрдіс бойынша Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасы мен дамуына өз саласында сүбелі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Ерекше көңіл-күймен Ақордаға бет бұрған өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлеріне салтанатты рәсімде Президент:

«Баршаңызды алда келе жатқан сәулелi мерекемiз – Тәуелсiздiк күнiмен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – қазақ елiнiң жаһанға танылған барлық игiлiгiмiздiң бастауы болған ең ұлық, басты мерекемiз. Сiздер осындай айтулы күннiң қарсаңында жоғарғы марапат мәртебесiне жетiп отырсыздар. Бұл жеке азаматтар арқылы барша халқымыздың iстеген еңбегiне деген баға болады. Кез келген ел жұрттан елеулi өнерiмен, мәйектi мәдениетiмен ерекшеленедi. Бұл ретте талантты туынды тұтас ұлттың рухани қазынасын байыта түседi. Осыған орай, бүгiн әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттiк сыйлықтарды тапсырғалы тұрмыз. Ақорданың төрiнде жиналған баршаңыз үшiн бұл ерекше мерейлi сәт деп бiлемiн. Қуаныштарыңыз құтты болсын», – деп ақжарма тілегін жеткізген болатын.

Сонымен, Қазақ елі басшысының қолынан мемлекеттік награда алып, қуанышы қойнына сыймаған жандардың кейбіреуін атай кетейік. Еліміздің ең жоғары дәрежелі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық тұрғыдан дамыту жолындағы аса үздік жетістіктері үшін «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы С.Қ.Ақшолақовқа және Қостанай облысының «Қарасу» СӨК» ЖШС бас директоры А.Ж.Тұрсыновқа берілсе, «Отан» ордені Астана қаласындағы «Стройконструкция» АҚ президенті В.Д.Буллердің маңдайына бұйырыпты. Ал, І дәрежелі «Барыс» орденімен – Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков және Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат Мәми марапатталса, ІІ дәрежелі «Барыс» орденін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов, «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» РМҚК нұсқаушы-спортшысы З.Р.Габидуллина, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ президентінің кеңесшісі Ф.Х.Галимов, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» РҚБ президенті М.Жұрынов, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі М.М.Тәжин, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік және жергілікті басқару институтының директоры З.Л.Федотова иеленді.

b72915cd6d1683d95f209f65a42e2d35

Аталмыш награданың ІІІ дәрежелі орденіне қол жеткізгендердің қатарында заң саласының майталманы, бүгінде ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, атақты композитор Алтынбек Қоразбаев пен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары М.А.Құл-Мұхаммед те бар. Сондай-ақ, белгілі ғалымдар мен мәдениет, білім қайраткерлерінің, өндірістік сала өкілдерінің еңбегі «Парасат» орденімен бағаланды. Қалың көрермен үшін «Қыз Жібек» көркем фильміндегі Төлеген бейнесімен аңызға айналып кеткен әйгілі Құман Тастанбеков пен сахна саңлағы, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының белгілі актрисасы Торғын Тасыбекова, биыл жетпіс жасқа толған ақын Серік Тұрғынбеков және өзге де азаматтар жоғарыда аталған орденнің иегері атанды. Қазақ ұлттық хореография академиясының басшысы Алтынай Асылмұратова, ҚР ӘДСМ министрi Тамара Дүйсенова, Астана әкiмi Әсет Исекешев, ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы да «Парасат» орденінен тыс қалмапты.

ІІ дәрежелі «Достық» ордені де ғылым мен мәдениет, өнер саласында адал қызмет етіп жүрген бірнеше маманға тапсырылса, олардың қатарында белгілі режиссер, Астана қаласы «Жастар театры» МКҚК көркемдік жетекшісі Н.Жақыпбай мен халықтың сүйікті әншісі Роза Рымбаеваның барын айта кеткен жөн. «Құрмет» орденімен марапатталған тұлғалардың қатарынан биыл ғана шахматтан әлемді мойындатқан Динара Сәдуақасованы көзіміз шалса, әскери қызметін адал атқарып жүрген ел қорғанысы шебіндегі бірнеше азаматпен бірге ұлттық «Ұлан» курсанты Бақтияр Қайырбеков есімін Елбасының өзі ерекше атап, оған ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. Естеріңізде болса, Бақтияр жазда Ақтөбеде болған лаңкестік шабуыл кезінде жастығына қарамай өжеттік танытып, басын бәйгеге тіккен болатын. Сөйтіп, тыныш заманда елдің берекетін алған жауыздардың әрекетіне тосқауыл қойған бейбіт күннің батырының еңбегі еленді. Бұдан бөлек, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 72 жұмысшысы мен еңбеккері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегерлері атанды. Ал, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мәдениет және әлеуметтік саланың 53 көрнекті өкіліне берілсе, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 539 адам марапатталды. Айта кетейік, Ақорда төрінде Елбасының қолынан мемлекеттік марапатқа ие болған тұлғалардың есімі әдеттегідей толығырақ баспасөз беттерінде жарияланбақ.

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ,

Суреттер Baq.kz порталынан алынды

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған