ЕЛБАСЫ МАҢҒЫСТАУЛЫҚ ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келген Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңір активімен кездесті. Алқалы жиында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысына аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. 6 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіштер жаман емес. Өңір экономикасының тұрақты өсу динамикасы байқалады.

Жыл басынан бері ішкі өңірлік өнім 99%-дан 104,4%-ға өскен. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6%-ға артып, 256 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш әлі де еселене түсуі мүмкін. Себебі, облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін 7 жоба жүзеге асырылады. Өңір әкімі Ералы Тоғжанов Қазақстан Президентіне аталған инвестициялық жобаларды таныстырды. Олардың қатарында жіп иіріп, мата өндіретін зауыт, Құрық ауылындағы су тұшыту зауыты, Түпқараған ауданындағы жел электр стансасы мен “Ақтау эко қала” жобасы бар.
Маңғыстаудың әлеуетін арттыратын жобалармен танысқан соң, Елбасы өңір активімен кездесті. Келелі кездесуде Мемлекет басшысы Каспий маңы аймағының тарихи, мәдени, рухани-идеологиялық, геосаяси маңызын ерекше атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің мұнай өндіру, инфрақұрылым және көлік-логистика әлеуетін дамытуда Маңғыстау облысының ұлттық экономикаға елеулі үлес қосып отырғанын айтты.
«Ақтау — әлемдік саясатта орны бар қала болайын деп тұр құдай бұйыртса. Осының өзі өлкенің стратегиялық маңызы зор екенін көрсетеді. Бұл облыс «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында ірі көлік-логистика орталығына айналып отыр. Мұнда әуе, авто, темір жол, паром және теңіз көліктерінің желісі тоғысқан. Атап айтқанда, халықаралық әуежай, «Жезқазған–Бейнеу» және «Өзен–Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» теміржолдары, «Атырау–Ақтау» автомобиль жолы салынып, заманауи Ақтау теңіз порты және Құрық паром кешені іске қосылды. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін болады», — деді Қазақстан республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Содан соң аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндаған Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов терең баяндап берді.
Отырыста өңірдің зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлер сөз алып, орамды ойларын ортаға салды. Облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Клинчев Елбасыға аймақ кәсіпкерлері атынан алғысын айтып, өңірлік «Нұр капитал» бірегей жобасының ұтымды тұстарына тоқталды.
Жалынды жастардың атынан өлкета-нушы Бекболат Төлегенұлы сөз сөйледі. Зерделі жас Елбасының “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында аймақта қолға алынған жобаларды тізбектеді.
Маңғыстаулықтардың ұсыныс-пікірін тыңдаған Президент өңірдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты екенін атап өтіп, одан әрі пысықтауды қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды.

ПРЕЗИДЕНТ ТЕҢІЗ ЖАҒАЛАУЫН АРАЛАДЫ

Облыс активімен кездескен соң, Нұрсұлтан Назарбаев Ақтау қаласында-ғы жаңа теңіз жағалауын аралап көрді.
Елбасы өнер адамдарымен әңгімелесу барысында Ақтау қаласының және Маңғыстау өңірінің қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.
— «Құрметті маңғыстаулықтар, сіздер әлемдік тарихқа енетін айтулы оқиғаға куә болғалы тұрсыздар. Ертең алғаш рет бес мемлекеттің басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындайтын құжатқа қол қояды. Облыста туризм дамып келеді, теңіз порттары мен әлеуметтік нысандар салынуда. Осының бәрі сіздер үшін, балаларыңыз бен сіздердің болашақтарыңыз үшін жасалуда», — деді маңғыстаулықтармен тілдескен Президент.

ҚҰРЫҚ ПОРТЫНДАҒЫ МУЛЬТИМОДАЛЬДЫҚ КӨЛІК ХАБЫМЕН ТАНЫСТЫ

Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының қатысуымен Құрық портындағы мультимодальдық көлік хабының таныстырылымы өтті.
Соңғы он жылда Еуразиялық көлік дәлізін дамыту мақсатында көлік-логистикалық саласына 30 млрд. доллар шамасында инвестиция құйылды. Жаңа инфрақұрылым жасақтау құрылысы мен жаңғырту жұмыстары және IТ-инфрақұрылым жасалуда.
— «Бүгін іске қосылған Құрық портының автожол инфрақұрылымы көлік транзитін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Құрық арқылы өтетін Транскаспий бағыты Қытайдан, Орталық Азия елдері — Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, сондай-ақ Ресейдің Орал-Сібір өңірлерінен Түркия мен Еуропаға және кері қарай жүк тасымалдаудың тиімді логистикасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай Қазақстанның транзиттік тасымалдан түсетін кірісін жылына 5 миллиард долларға арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Маңғыстау облысы әуе, автомобиль жолдары, темір жол және теңіз көліктері желісі тоғысқан ірі көлік-логистика орталығына айналып отыр. Каспийдегі екі заманауи порт өзара бірін-бірі толықтыратын болады. Бұл өңір үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Қызмет көрсету секторын ілгерілетіп, трансұлттық компанияларды тарту керек, сондай-ақ жаңа технологияларды пайдалана отырып, қайта өңдейтін өндірісті дамытқан жөн. Бұлардың бәрі туристік индустрияны дамытуға жол ашады. Бұл аймақ экономикасын диверсификациялау үшін аса маңызды. Бізге осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керек», — деді Мемлекет басшысы.


«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев Мемлекет басшысына «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы Құрық порты паром кешені құрылысын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
— «Жергілікті атқарушы органдар индустриялық және сервистік өндірістерді жаңа жағдайларға бейімдеу үшін қажетті шараларды қабылдауы керек. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, кадрларды жаңа мамандықтар бойынша оқытуға және қайта даярлауға, сондай-ақ өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасау қажет», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы телекөпір режімінде «Құрық порты – «Тажен» шекаралық кеден бекеті», «Құрық порты – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы құрғақ порты» мультимодальды бағыттар бойынша қатынайтын автомобиль және темір жолдарын іске қосты.
Қазіргі таңда Қазақстанның Каспий теңізіндегі логистикалық тізбегі жылына 26 миллион тонна жүкті өткізе алады. Серіктес елдер өздерінің әлеуетін ұлғайтып, нысандарын жаңғыртуда.

Айман Нұрмағанбет

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған