Елбасы назарына іліккен электромобиль – «JAC»

Адамзаттың тақымына автомобиль тигеніне бір ғасырдан асқанына қарамастан, керемет дамуға ие болып үлгерді. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, өркендеген елдер арасында аса қуатты бәсекелестікпен дамыған автомобиль өндірісі біртіндеп жаңа энергия көздерін пайдалануға ойыса бастады. Осыған дейін әлемде көлік қозғалтқышына жанар-жағармайды пайдаланып келсе, оның орнына баламалы энергия көздерін қолдану төңірегінде түрлі тәжірибелер жасалып келген болатын.

Оның бастылары — су тегін қолдану, ерекше батарея, онан қалса қуатты аккумуляторды токпен қуаттау, яғни электромобиль еді. Алдыңғы екеуінің қауіпсіздік және экологиялық талаптарға сай келмейтіндігі себепті, 04114252ndtlүшінші жоба-электромобиль көлік өндірісінде тұрақтанған нұсқаға айналды. Қазіргі таңда АҚШ, Германия, Жапония елдері өздері өндірген электромобильдерін нарыққа шығара бастады. АҚШ-тың TESLA, Германияның BMW, Жапонияның MITSUBISHI компанияларының аталған маркадағы жанармайды қажет етпейтін көліктері халықаралық нарықты меңгеруге көшті. Осы қатарда Қытай елі де өздерінің электромобильдерін көбейтіп жатыр. Олар экологиялық апатқа ұшырап жатқан ірі қалалардың ауасын тазарту мәселесін басты назарға алғандықтан, Қытай елінде ең әуелі таксилерді жаппай электромобильге көшіру мемлекеттік деңгейде қарастырылуда. Бүгінгі таңда Қытайдың көлік өндіруші кәсіпорындарының ішінде «BAIC» (BAIC MOTOR CORPORATION LTD Бейжің автомобиль зауыты), «BYD», «JAC» секілді бірнеше маркалы көлік түрлері елдің ішкі нарығында өзара бәсекелестікпен дамып келеді. Осының ішіндегі «JAC» маркасы Қазақстанға таныла бастады. Қостанайдағы автомобиль өндіретін кәсіпорынмен бірлесіп, құрастырылатын «JAC iEV6S» электромобилі алдағы уақытта Қазақстан арқылы көрші елдердің нарығына шығады деген болжамдар да айтылып жатыр.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында да аталмыш көлік туралы айтып өтті. Қытай тарапымен жасалған уағдаластық туралы айта кеткен Елбасы «қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі — гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт. Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан ары дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын», — деген болатын. Біз бүгін осы көліктің Қытай нарығындағы жай-жапсарына қысқаша тоқталмақпыз. «JAC» маркалы көлік өндіретін зауыт Қытайдың Ан Хуэй провинциясында орналасқан «Jiang zhun» корпорациясына тиесілі. Бұл кәсіпорында ірі, орта, шағын жүк көліктері, жеңіл автомобильдер мен тасымалға арналған көліктер және қуатты моторлармен қоса түрлі-түсті көлік бөлшектері өндіріледі. Аталмыш корпорацияның Қытайдың ішкі нарығында 2000-нан астам арнаулы сату бөлімі, 1600-ден астам қызмет көрсету орталығы, 1000-нан аса көлік бөлшектерімен қамтамасыз ететін дүкендер желісі жұмыс істейді. 1990 жылдан бастап көлік өндірісіне мықтап араласа бастаған кәсіпорында қазіргі таңда зерттеуші ғалымдарды қосқанда 4000-нан астам адам қызмет етеді.

                            10880-news-photo-04    10880-news-photo-03

Соңғы кездері жаңа энергия көздерін пайдаланатын көлік өндірісімен айналыса бастаған кәсіпорын алғашқы электромобилі EV6S жеңіл көлігін алғаш рет 2016 жылғы Бейжің автомобиль көрмесінде көпшілікке ұсынды. Өзіндік ерекшелікке ие болған бұл электромобильге шетелдерден де тапсырыстар түсе бастаған екен. Олар 2025 жылға дейін жалпы өндірістің 30 пайызын электромобиль саласына бұруды көздеп отырған көрінеді. Жоғарыда сөз етілген Қытайдың көлік өндірісіндегі бірнеше жетекші кәсіпорындары әрқайсысы өз алдарына даму бағытымен кетіп бара жатыр. Осындағы «BAIC», «BYD» маркалы автомобиль өндірушілер де шетелдіктермен бірлесе отырып, өздері өндірген түрлі электромобильдерін нарыққа шығарып жатыр. Қытайдың «autohome.com.cn» сайты 2016 жылдың қараша айында, статистикалық мәліметтерді жинақтай отырып, заман талабына сәйкес жаңа энергия көздерін пайдаланатын көліктердің сатылым мөл-шеріне талдау жасаған екен. Жалпы рейтингке электромобильдердің түрлі моделдерінің сатылу мөлшерін сарапқа салғанда 1-3 орынды «BAIC», 4-6 орынды «BYD», одан кейінгі жерде өзге маркалар, 12-17 орынды «JAC»-тың моделдері иеленіпті. Бұл тек электромобиль нұсқалары екендігін айта кету керек. Сондықтан да «JAC» маркалы көліктер Қытайдың ішкі нарығында танымал болғанымен, сатылым мөлшері мен танымалдылық жағынан басқашалау. Өзге де сараптамалық материалдарға көз жүгірткенімізде, тұтас электромобиль саласына жаппай көшуге әлі талай уақыт қажет екендігін анық байқаймыз. Себебі көлікті ток көзіне қосып қуаттау мәселесі басты назарда тұрған көрінеді.

10880-news-photo-02

Қытайда қазіргі таңда электромобильдерге арналған қуаттау пункттерін салу ісі қолға алына бастады. Ал кәдімгі 220 вольттық ток көзіне қосқанда 8 сағатта жинаған қуатымен 200 шақырым шамасында жол жүруге мүмкіндігі бар автомобильдерге тұтынушылар әлі де болса бой үйрете қоймаған сыңайлы. Ал АҚШ-тың көптеген тұрғындары коттедждерде тұратындықтан, әрбір үйдің көлік тұрағында ток көзі бар. Жұмыстан оралған адам ертеңіне дейін көлігін қуаттап алуына мүмкіндіктері бар. «TESLA»-ның қара үзіп шығуының бір себебі осы болса керек. Керісінше көп қабатты үйлерде тұратындар үшін осы жағы қолайсыздық туғызған. Ал аккумуляторлардың қуаттылығы жағынан Қытайдың электромобильдеріне қарағанда АҚШ-тың көліктері екі есе ұзақ жүруге жарамды екен.

Ерқазы Сейтқали

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған