Елордада судьялардың VII съезі өтіп жатыр

Ширек ғасыр бұрын елiмiзде нағыз құқықтық, сондай-ақ шынайы сот жүйесi болған жоқ. Соттар партиялық бюрократтық аппараттың қолжаулығы болғаны белгiлi. Бұл туралы бүгiн Астанада өтiп жатқан республика судьяларының VII съезі барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты. 

Елбасы сөзiнде заманға сай және тиiмдi сот билiгi болмай, ешбiр реформаның нәтижесi болмайтынын алға тартты.

«Тәуелсiздiк жылдары көз алдымызда iстелген жұмыс қыруар. Қазақстан бүгiн қалыптасқан, әлем таныған бәсекеге қабiлеттi мемлекет ретiнде әлемге танылып отыр. Бiздiң табыстарымыздың дәлелi заманға сай және тиiмдi сот билiгi болып табылады. Экономикада алға жылжу бар, халықтың жағдайын өзгерттiк, бiрақ сот жүйесi, құқық қорғау органдары өзгермей, бiз еш уақытта реформаларды орындадық деп айта алмаймыз. Сондықтан бiрiншi күннен бастап сот жүйесiнiң жұмысына мемлекет үлкен көңiл бөлiп келедi. Әрине, бұл жол оңай болған жоқ. Ширек ғасыр бұрын нағыз құқықтық, сондай-ақ шынайы сот жүйесi болған жоқ деп айтуға болады. Соттар баяғы өзiмiзге белгiлi партиялық бюрократтық аппараттың қолжаулығы болғанын да бiлемiз. Тәуелсiздiк таңында бiзге көп нәрсе жетiспедi», – дедi Мемлекет басшысы.

Президенттiң айтуынша, тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары судьялық корпусты қайта оқыту, жаңа буынды тәрбиелеу, әкiмшiлiк-командалық ойлау стереотиптерiн жою қажет болды.

«Бүгiн бiздiң алдымызға қойған мiндеттер табысты шешiмiн тапты деп айта аламыз. Қоғамда және мемлекетте соттардың абыройы мен ықпалы артып келедi», – дедi Н.Назарбаев.

Айта кетейiк, Астанада республика судьяларының VII съезі өтуде. Маңызды жиынға судьялар корпусы, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, заңгерлер қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен әлемнің 10-нан астам елiнен келген сарапшылар – барлығы 600 делегат қатысып жатыр.

Республика судьяларының съезi 4 жылда бір рет өтеді. Тәуелсіздік жылдары iшiнде алты съезд (алғашқысы 1996 жылы) өтті. Маңызды жиын сот жүйесінің дамуы үшін айрықша стратегиялық мәнге ие. Олардың әрбірінде соттар дамуының қорытындысы шығарылып, өзекті мәселелер бойынша шешімдер қабылданады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған