Елордада Қысқы Универсиада алауы жағылды (Видео)

Бүгін елордада 28-ші Дүниежүзілік Қысқы Универсиаданың алауы жағылды. Осы шараға арналған салтанатты жиын Елбасының қатысуымен Назарбаев Университетінде өтті.  Алау көтерушілердің әрқайсысы шамамен 200 метрді жүгіріп өтеді. Айта кетейік, эстафета үшін Универсиада логотипі бейнеленген 140 алау дайындалған. Ол сөніп қалмас үшін арнайы құтыға салынады. Осылайша елордадан бастау алған алауды жағу рәсімі ертең Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Қостанайда жалғасады. Ал бүрсігүні Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтауда жағылады. 28 қаңтарда Қызылорда, Шымкент, Тараз, Талдықорғанға жеткізіліп, 29 қаңтарда Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де тұталады. Кейіннен Шымбұлақ, Медеу, Балуан Шолақ атындағы сарай мен білім беру орталықтары, қаланың көрікті орындарына жеткізіліп, Универсиада ашылу салтанатының шарықтау шегі «Алматы-Арена» стадионында өз мәресіне жетеді. Алауды 100 адам 20 шақырымға созылған жол бағытында алып өтпек. Осылайша Универсиада алауы жалпы алғанда 22500 шақырым жолды жүріп өтеді. Аймақтарды қоса есептегенде, эстафетаға жалпы саны мың адам қатысады. Өңірлерде 60, ал Алматыда 100 адам алауды алып өтеді. Әрине, қатысушылар арнайы іріктеуде таңдалынып алынған. 17 мен 28 жас аралығындағы білім мен спортта жетістікке жеткен, қоғамның өміріне белсене араласатын, саламатты өмір салтын ұстанатын нағыз патриот студенттер мен аспиранттарға мұндай жауапты міндет жүктеліп отыр.

Дереккөзі: 24 Хабар арнасы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған