Елімізде 318 орын құрбан шалуға дайын

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аймақтағы өкілдері жергілікті әкімдік қызметкерлерімен бірлесе отырып, еліміз бойынша Құрбан айт күндері мал соятын арнайы орындарды белгіледі.

Сонымен, биыл елімізде жергілікті мешіттер мен арнайы белгіленген 318 орында мал сойылады. Астанада (8 орын), Алматыда (21 орын), Алматы облысында (89), Оңтүстік Қазақстан облысында (36), Қостанай облысында (20), Павлодар облысында (11), Маңғыстау облысында (8), Шығыс Қазақстан облысында (23), Батыс Қазақстан облысында (13), Қарағанды облысында (24), Ақтөбе облысында (11), Атырау облысында (12), Қызылорда облысында (32), Солтүстік Қазақстан облысында (2), Жамбыл облысында (8) белгіленген құрбандық шалу орындарының мекен-жайын, қосымша мәліметтерді жергілікті мешіт қызметкерлерінен білуге болады.    +

Құрбан шалатын орынның тазалығына, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен талаптардың сақталуына мән беріліп отыр.

Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.

Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.

Айта кетейік, биыл Құрбан айт мерекесі 12-қыркүйекте басталады. Құрбандыққа түйе, сиыр жəне қой (ешкі де) шалынады. Құрбандық малын айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалуға болады.

Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге таратылады.

Дереккөз: ҚМДБ-ның баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған