Ел Анасы Сырымда болды (Фото)

Жуырда ауданымызға  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі,Ұлағатты ұстаз «Қазақстан-Zaman» газетінің бас директорының бірінші орынбасары, «ЕлАна» сайтының редакторы Сәуле Мешітбаева келді.

img_3557

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Сәуле Мешітбайқызын Сырым шыққан төбеден қарсы алды. С.Мешітбайқызының сапары Алғабас ауылындағы М.Қаналиев атындағы орта мектептің мұражайынан басталды. Мектепке есімі берілген ел азаматы Молдаш Қаналиев, мектептің мақтаныштары жайындағы деректерге қанықты. Білім ошағының залында Сәуле Мешітбайқызымен кездесу ұйымдастырылып, аудан басшысы қонақты таныстырып, ауданда еңсесін тіктеген егемендіктің жиырма бес жылдығына орай атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.

img_3618

Сөз алған Сәуле Мешітбайқызы өзінің өмірі жайында әңгімеледі. Әдебиетке құмар боп өсіп, журналист болғысы келгенімен, өмір сүрлеуі география-биология пәнінің мұғалімдігіне бұрыпты. Бүгінде бес ұл, бір қызынан немере-жиен, шөбере сүйіп отырған Сәуле Мешітбайқызы қарапайым жұмысшыдан республикалық деңгейдегі танымал мектептің директорлығына дейін еңбектің арқасында көтерілген. Ел анасы атанған журналист қаламды қару еткен салаға, «Қазақстан-Zaman» газетіне пайғамбар жасында келіпті. «ЕлАна» сайтын ашуға Г.Әбдіхалықова мұрындық болып, сайттың тұсаукесері Үкімет үйінде кесілді. Бүгінде ақпараттың таралу ауқымы кең, алуан түрлі сайттар бар. Олардың ішінде жастарға тәлім-тәрбие беретіні, ауызбіршілікке шақыратыны некен-саяқ. «ЕлАна» – рухани, имани сайт.

img_3606

Кездесуде мектеп оқушылары сұрақтар қойып, Алғабас ауылының кітапханашысы Ұлболсын Карина «Қазақстан-Zaman» газетіне өңірдің, ауданның тұлғалары туралы, мысалы Сырым Датұлы, Жаһанша Досмұхамедов, Молдаш Қаналиев, Донеділ Қажымов жайында мақалалар жарияланып тұрса деген ұсынысын ортаға салды.

                       img_3595   img_3586

М.Қаналиевтің ұлы, ұстаз Саламат Қаналиев адамға рухани демалыс сыйлайтын, өнегесі мол осындай кездесулер жиі өтіп тұрса, жас ұрпақ үшін жақсы болар еді деген пікірін білдірді. Математика пәнінің мұғалімі Базарбай Қанатов «Қазақстан-Zaman» газетінен өзі әсер алған мақалаларды оқушыларына әңгімелеп беретінін айтты.

img_3583

Жылы лебіздер мен ұсыныс-пікірлерді асықпай тыңдаған С.Мешітбаева да сөз алып:

-Сырым Датұлындай біртуар батыр әрі шешен дүниеге келіп, ғұмыр кешкен бұл ауылдан әлі талай мықтылар шығарына сенімдімін. Осы отырған жас өскіндердің де ортасында келешек кәсіпкер, болашақ батырлар мен ақындар, еліне елеулі, халқына қалаулы болатын азаматтар отыр. Ел Анасы деп аяғымды жерге тигізбей қонақжайлық танытып жатқан баршаңызға Алла риза болсын! Ұсыныс-пікірлеріңіз өте орынды. Оның баршасын таяу уақытта ақылдасып, газет бетінде және «ЕлАна» әлеуметтік, қоғамдық-танымдық сайтында үздіксіз жариялап тұруға тырысатын боламыз. Бүгініміз бен болашағымыздың жарқын болуы үшін тарихымызға әбден қанық болуымыз абзал. Әсіресе, жастардың ешкімге ұқсамайтын салт-дәстүрімізді, ата-баба мұрасын сары майдай сақтауы аса маңызды. Осы орайда тарихы тереңде жатқан өңірлеріңз, жалпы Батыс Қазақстан өлкесін кеңінен насихаттағаннан ұтарымыз көп. Ептеп қазақ интернет сайттарының қатарынан өз орнын тауып келе жатқан «ЕлАнамыздың» бұл жағынан ақпараттық қолдау көрсете алатынына еш күмән жоқ. Ендеше бірігіп жұмыс істеуде Алла Тағала ынтымақ-бірліктен айырмасын, еліміз аман болсын, тыныш болсын!,-деп батасын берді.

img_3597

 Артынша   ауыл әкімі Өркен Әменовке қамшы сыйға тартты. Сырым Датұлының 275 жылдығына, Алашорда Үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай жіберілген материалдар аталмыш үнпарақта басылатын болды.  Кездесуді аудан әкімі А.Шыныбеков қорытындылап, жасы жетпісінші белеске жеткеніне қарамастан, халықаралық газетте қызмет етіп, қоғам үшін жан аямай, еліміздегі жеті мыңнан астам ауылдардың бес мыңын аралап көрген ел анасына алғысын білдірді.

img_3642

Аудан орталығы Жымпитыға келген Сәуле Мешітбайқызы бұрын баспасөз үйі болған Сырым колледжіне ат басын бұрып, жазушы болмысты журналист Бақтығұл Ойшыбаевқа арнап қойылған ескерткіш тақтаны көрді, колледждің тынысымен танысты. Абыз ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткішіне соғып, естелікке суретке түсті.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

БҚО, Сырым ауданы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған