Ел Анасы Шығыстағы білімнің ақ ордасында…

Ғажап! Көптен бері  жігерімді қамшылап, жүректі дір еткізетін дауысты аңсап, көңіл шіркін шарқ  ұрғаны шындық… Ұстазым «Қазақтың Хан апасы», «Ұстаздықтың Падишасына» айналған Қанипа Омарғалиқызының ортамыздан сағымдай болып алыстап кеткеніне де біраз уақыт болыпты. Ұстазымның ғажайып болмысын, даналық тағылымын, академиялық білімін, рухқа тұнған өр даусын  сағынып, күз айының сұр бұлт басқан күніндей аласұрып жүрген шағымда ғажайып рухқа бөлендім…

img-20161101-wa0005Қараша айының  алғашқы күні біз үшін ерекше күн болды. Киелі шаңырағымызға белгілі қоғам қайраткері, танымал журналист, ұлағатты ұстаз Сәуле Мешітбайқызының бір ғасырға жуық тарихы бар ДБА Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатына келуі ерекше бір шуақты жылулықты, қайсарлық пен өрлікті, асқақ рухты ала келді.  Еңбек жолын ұстаздықтың киелі көшінде жүріп  бастаған Сәуле Мешітбайқызының мейірім тұнып тұрған нұрлы жанарынан, әр сөзінен өткір ой мен рухқа тұнған даналықты, күрескерлікті аңғардым. Өз ісінің  майталманы, нағыз еңбекқор жанның болмысы көпшілігімізге ой салып, табандылыққа, еңбекқорлыққа, ұлттық рухқа үндеді.  Өзінің замандасы Қанипа Омарғалиқызының облыстық ғылыми-әдістемелік мұражайымен танысқан сәтте ерекше әсерге бөленгені көз жанарынан-ақ  байқалды. Өзінің де ұстаздық еңбек жолына таныс мұражайдағы жәдігерлерді көріп, ішкі толқынысын  жасырмады, педагогика әлемінде ірі тұлғаға айналған замандасының рухына, артына қалдырған тағылымы мол мұрасына тәнті болды. 

                             img-20161101-wa0016   img-20161101-wa0015

      Мектеп ұжымымен  зертханадағы кездесу барысында жүрегі «елім» деп соққан қаһарман ақ жаулықты анамыздың  алмас қылыштай тіліп түсетін өткір ойлары мен  жігерлі сөздері біздерге шабыт беріп, көңілімізге сенім ұялатты.  Мектебіміздің басшысы Нұркен Жаңбырбайұлын арнайы іздеп келіп, жаңа ұжымдағы еңбек жолына аналық тілегі мен ақ батасын беріп, халқымыздың игі дәстүріне сай ұлттық құндылығымыздың көзіне айналған қамшыны сыйға тартты.  Халық мүддесін арқалаған ұлт жанашыры  Сәуле Мешітбайқызы кімге болса да үлгі боларлықтай. Әсіресе, еңбек жолын жаңа бастап жүрген жас мамандар үшін де, еңбектеніп жүрген біздер үшін де «Қалай еңбектену керек?»  деген сұрақтың жауабын  Еланасына қарап табатынымыз да шындық.

img-20161101-wa0012

    Зейнеткерлікке шықса да, аянбай еңбек етіп, өзінің журналист болсам деген арманына қажырлығы мен еңбекқорлығының, талмай қанат қағудың нәтижесінде  жеткен ұлағатты ұстаз Сәуле Мешітбайқызының  әлі де талай келелі мәселелердің шешімін тауып, бел ортасында  жүретіндігіне күмән келтірмеспіз.

img-20161101-wa0002

     Ұжымның атынан Сәуле Мешітбайқызына  зор денсаулық тілей отырып, қарымды қаламынан әлі де талай тың ізденістер туындай берсін деген ниеттеміз.

      Мұқашева Меруерт Қозықанқызы,

Қ.Бітібаеваатындағы республикалық ғылыми-әдістемелік

зертхананың жетекшісі.

ШҚО, Өскемен қаласы.

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған