Енді «санаторий» іздеп сыртқа сабылмаймыз

Жамбылда «Айша бибі» анамыздың атындағы шипажай ашылады

«Қазақстан-2050»  мемлекеттік стратегиясының басым бағыттарының  бірі – сапалы  денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру. Яғни, медицина  саласына заманауи  технологияларды енгізе отырып,  қоғамның  өмір сүру жағдайын жақсарту. Сондай-ақ,  Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында да денсаулық саласына ерекше көңіл бөлініп, нақты міндеттер жүктелді. Бұл бағытта облысымызда соңғы жылдары атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Жаңа ауруханалар мен емханалар бой көтеріп, шалғай елді мекендердің өзінен медициналық пунктер ашылуда. Енді міне, биыл жамбылдықтарға тағы бір жағымды жаңалық жетіп, Жамбыл ауданы Қызылтаң ауылынан «Айша бибі» шипажайы ел игілігіне қызмет көрсеткелі тұр.

img_7040

Жалпы аталмыш емдеу-сауықтыру  орталығының ғимараты 2015-ші жылға дейін №1 жүйке аурулар интернат үйінің  теңгерімінде болған. Алайда  екі жұл бұрын нысан облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қарауына өтіп, мұнда  күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бастапқыда 210 орындыққа арналған санаторий құрылысына 520 497,0 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапкершілігіне алған. Міне, осы нысанға биыл тағы қосымша қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жақын арада  аяқталады деп күтілуде.

-Өткен жылы санаторий ғимаратының құрылыс-монтаж жұмыстарына 361,0 миллион теңге бөлініп, толықтай игерілді. Енді биыл қосымша 134,2 миллион теңге қаралып, оның 50,0 миллион теңгесі мақсатты жұмсалып отыр. Ал барлық қаржы тетігін тапқанда, Жамбыл ауданы Қызылтаң ауылынанзаманауи сауықтыру орталығы  елге есігін айқара ашатын болады. Бұйыртса, нысан ағымдағы жылдың мамыр айында  пайдалунаға беріледі деп көзделуде, -дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының күрделі жөндеу бөлімінің бастығы Сәбит Исабеков.

img_7014

Ал жаңа санаторийде қандай қызмет түрлері  көрсетілетінін денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов айтып берді.

-Жалпы  сауықтыру орталығында тірек-қимыл аппаратының аурулары, жүйке жүйесінің аурулары, әйел және еркектің жыныстық аурулары, тері аурулары және хирургиялық аурулар емделетін болады. Науқастарды қарайтын қызметкерлер құрамы қазір  жеткілікті. Және бірқатар мамандарға арнайы іріктеу жүріп жатыр. Бұдан бөлек, емдеу орталығына толықтай заманауи құрылғылар орнатылып, келушілерге негізінен балшықпен емдеу қызметі ұсынылады. Емге қажетті балшықты сол жергілікті жердегі көл түбінен алып, арнайы зертханадан өткіздік. Балшықтың құрамы толықтай көңілден шығып отыр. Құрылыс жұмыстары бітсе, медициналық құрамды бекітіп, жұмысты бастап кетеміз. Ең алдымен санаторий шипасын созылмалы ауруға шалдыққандар, мүмкіндігі шектеулі жандар және Ұлы Отан соғысы ардагерлері көретін болады. Сондай-ақ, өзге келушілерге де қолжетімді бағамен орталық қызметі ұсынылады, – дейді басқарма басшысының  орынбасары.

img_7057

Иә, Марат Сейтбекұлының  сөзіне сүйенсек, жаңа санаторийді іске қосуға еш кедергі жоқ екен. Арнайы құрылғылар мен штаттық бірлік  анықталып қойған. Және нақты көрсетілер қызмет түрлері де нақтыланыпты. Демек, жамбылдықтардың заманауи емдеу-сауықтыру орталығының рахатын көретін күн алыс емес деген сөз. Ең бастысы  бұл санаторий облыс тұрғындарын өзге өңірлерге ағылтпай, өзімізде емделуге мүмкіндік тудырып отырғанымен  теңдесіз.

img_7025

Әрине, Жамбыл облысы емдеу-сауықтыру орталығына кенде емес. Талай жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Меркі», «Ақ ниет», «Т.Рысқұлов» сынды санаторийлердің ел игілігіне көрсеткен қызметі өлшеусіз. Десе де, жаңадан ашылғалы тұрған «Айша бибі» сауықтыру орталығы кез келген келушіге қолжетімділігімен ерек. Және мұнда тұңғыш рет табиғи балшықпен науқастар ем қабылдауға мүмкіндік алып отыр.

Саятхан Сатылғанов,

Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған