Ененің мектебінен өтпеген келін…

«…Ене мен келіннің қарым-қатынасы туралы да сұрады. Әсілі, келін кім? Бүгінгі келін ертең ене болады. Мен ылғи айтам, тағы қайталайын, ененің мектебінен өтпеген келін өзі ене болып жарытпайды. Өкінішке қарай, қазір көп жағдайда келіндер де, енелер де бөлек тұрғысы келеді. Заман, қоғам, тұрмыс – бәрі осыған итермелеп алып келді. Бұрындары кедейдің кедейі үйінің оң жағына кішкентай жаппадан болса да отау тіккен. Бұл – «келіннің үйі» деген сөз. Оның «оңаша үй» деген екінші атауы болған. Қазақтың тектілігі сонша, отау үйге арнайы шақырмаса бөтен адам кірмеген. Тіпті, енесінің өзі есіктің алдында тұрып, «келін-ау» деп шақыратын болған. Келін ертеңгілікте ерте тұрып келеді, үлкен үйдің түндігін ашып, отын жағып, тірлігін жасап, қонағын күтіп, есесіне, кешке жақын өз отау үйінде емін-еркін жүретін болған. Отау үйде жарына еркелей ме, сырласа ма, құшақтаса ма, өздері біледі. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін қаладағы қазақтар пәтерлерге тығылды. Осы кезде қазақ әйелдері көп нәрседен ұтылды деуге болады. Неге десең, «ойбай, үйдегілер естіп қалмасын», «ешкім көріп қоймасын» деп күйеуіне емін-еркін еркелей алмай, сөйлей алмай, қозғала алмай, тіпті, әрі-беріден соң күйеуімен емін-еркін жақындаса да алмайтын жағдайға жетті. Сөйтіп жүріп, қазақ әйелдері бұйығы болып қалды. Содан кейін күйеулері басқа жақтан «көзайым» іздей бастады. Осының өзі екеуінің ортасына кәдімгідей жүк түсіреді. Қанша дегенмен, бір үйде жатып-тұрғанда ертеңгілік келіннің ербиіп тұрғанын енесі көрмегені, енесінің сексиіп тұрғанын келіні көрмегені дұрыс. Менің Ержан деген бір тал балам бар. Сол баламыз үйленген кезде жағдайымыз болып, кішкене отау жасадық. Көп адамдар түсінбеді. «Ойбуй, Зәке, жалғыз келінді қолға ұстамай мұныңыз не?» деген әңгіме болды. «Өзі жалғыз баланың келіні. Бұлар менен асып қайда барады?» – дедім сонда. Ең бастысы, мен кәдімгі қазақтың салтын жасадым. Ертеңгілік халатымның алды ашылып не түнгі көйлегіммен шығып келе жатқанымды көрмей-ақ қойсын. Бірақ, келініме 4 ай бойы жанында жүріп, бәрін үйреттім. «Балам, мен бұл үйде уақытша отырмын. Менен кейін түпкілікті осы үй – сенің үйің. Мұны сен өз келініңе табыстайсың. Бұл – иісі қазаққа ортақ, алты Алаштың ардақтысы болған адамның қарашаңырағы. Бұл үйдің өзге үйлерден ерекшелігі бар. Осы үйге таныған да, танымаған да келеді. «Кто ты такой?» деген сөзді естімейтін болайын. «Момышұлының үйі осы ма?» деп келсе, «апа, келіңіз» деп, үйге кірген адамды төрге шығар, бал-бауыр бермесең де, бір шыны шайыңды бер. Мен үйде болайын, болмайын, балам, осыған үйрен. Содан кейін әлгі «моё, твоё» деп бөлінеді ғой, ондай нәрсені естімейтін болайын. Осының бәрі – сенікі. Мынау – сенің үлкен үйің, кейін сен ие болатын шаңырақ. Ал, кішкентай ұяңда осы үлкен үйден үйренгеніңді істейсің. Кішкентай ұяңда не кисең де өзің біл, мен сені ештеңеден қыспаймын…»

(Алаштың ардақты азаматы, батыр Б. Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың сұхбатынан үзінді).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған