ЕРДОҒАН САПАРЫНДА НЕ СЫР БАР?

Түрік ұстаздарды қудалау тоқтатылсын!

Анадолу агенттігінің хабарына қарғанда кеше кешкілік Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған ресми сапармен Қазақстанға келген көрінеді. Бауырлас екі елдің арасындағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени байланыстардың нығая түскені әрине қуантады. Жұмхурбашқанмен бірге келген делегация мүшелерінің құрамына қарағанда кәдімгідей маңызды мәселелер талқыланатын сияқты. Бірақ іш жидыртатыны Тайип Ердоған бізге келген сайын КТЛ лицейлеріне шүйлігуші еді, енді тағы соны қоңырсытпаса болды.

КТЛ мектептері мемлекет қармағына өткелі қашан, жиырма жылдан асып кетті. Сабақ баяғыдан қазақстандық білім беру стандарттарымен оқытылады. Бүгінде Білім-инновация мектептеріне айналған осы мектептерді Түркия өзіне қарату үшін МААРИФ деген қор да құрып тастады.

Ең сорақысы Ердоған режимі осы мектептерде жұмыс істейтін (шамамен әр мектепте 2-5) түрік азаматтарын Түркияға ұстап беруін талап етіп жүр. Қазақстанда жұмыс істеп жүрген түрік мұғалімдерінің ешқандай террористік ұйымға қатысы жоқтығы бесенеден белгілі. Ол байғұстар екі оттың ортасында. Түркияға қайтайын десе ұшақтан түскен бойда «гүленшіл» деп түрмеге тоғытылатыны айдан анық. Бізде қала берейін десе виза уақыты біткен немесе бітуге таяу. Қазақстанның миграциялық қызметі әлдебір себептермен мұғалім-түріктерге виза беруді тоқтатып қойған.

Барар жер, басар тауы қалмай бара жатқан ұстаздар бірі Канададан, бірі Германиядан, бірі тағы басқа елдерден саяси баспана сұрап жүр.
Қазақстан билігі Түркиямен тәуір қарым-қатынасына нұқсан келтірместен, Қазақстандағы түрік ұстаздарға қатысты гуманистік қағидаттарды басшылыққа ала отырып, ихтияр хат беру жолымен оларды қуғын-сүргіннен құтқарып қалса жақсы болар еді.

Марат Токашбаевтың фейзбук парақшасынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған