«Ерттеп міндім өлеңнің дүлділ атын…»

Көктем – тамылжыған табиғаттың да, адам жанының да жасаратын, түлейтін шағы. Көгілдір көктемнің алғашқы айында еңселі елордамыздың аспанынан жауһар жыр жауып, күй кернеп, әлеуметті ән әлдиледі.

«Наурызда туыппын,

Ұлы күні ұлыстың.

Бетті нұрмен жуыппын,

Жүрек шашып жыр ұшқын»,- деп жырлаған Алаштың айтөбел ақыны, қазақ балалар әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ұлттық радиожурналистиканың жүйрігі Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдығына арналған «Ерттеп міндім өлеңнің дүлділ атын» атты әдеби-музыкалық еске алу кеші ұлттық академиялық кітапханада дүркіреп өтті.

Қазақ әдебиетінің тұғырлы тұлғасына тағзым етуді мұрат тұтқан кешке Алаштың ақиық ақындары: ҚР %d0%ba%d0%b5%d1%88-3Мемлекеттік сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы, жазушы-драматург Өтен Ахмет, жазушы-журналист Жанат Елшібек, белгілі радиожурналист Кенжебек Әбдімәуленов, ақын, аудармашы Қайырбек Сәдуақасов, Ж. Қашқыновтың жалғыз қарындасы Сара Қашқынова, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, белгілі күйші Жанғали Жүзбай, абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлы, ақтоғайлық өнер саңлақтары Амантай Жұмаш, Нұрай Танабай және Берік Мақшонов және т.б. қатысты. Ал ақынның тойының тізгінін жастайынан Жеңіс ақынның жауһар жырларымен сусындап өскен Арқаның ар-рухты ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай мен сыршыл ақын, Қарағанды мәдениетінің бүгінгі жас қайраткері Эльмира Сайлауқызы ұстады.

Әсерлі кеште Жеңіс Қашқыновтың мерейтойына орай шығарылған «Тағзым» атты жыр жинағының тұсауын ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы Өтен Ахмет және ақынның қарындасы Сара Қашқыновалар бірге кесті. Қазақы дәстүрмен шашу шашылды. Сондай-ақ, сол күні тыңдаушысын тәнті еткен «Үш арыс» және «Ақтоғайым – алтыным» атты әсем әндердің де тұсауы кесілді. Ақтоғайдан шыққан Алаштың арыстары – Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Ақбайдың Жақыбының рухына арнап шығарылған алғашқы әннің музыкасын белгілі композитор Темірәлі Бақтыгереев, ал екінші әннің музыкасын әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев жазған.

Елорданың төріндегі тамаша кештің өтуіне тікелей мұрындық болған, Ж. Қашқыновтың артына қалған мол мұрасын жинап, кітап етіп бастырып, халыққа насихаттап жүрген ақынның баласы (Ж. Қашқыновтың туған

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

бауыры Амандықтың тұяғы), асылдың сынығы, жас журналист, ағылшын тілінің білікті маманы Ернат Қашқынов екенін айту ләзім. Ернат құрастырған төрт тараудан тұратын жыр жинағына туған жер, өскен орта, Қазақ елінің тарихындағы кемеңгер ойшылдар, ел қорғаған хас батырлар туралы толғаныстары топтастырылған. Жаңа кітапқа ақынның бұрын жарияланбаған өлең-жырлары да енгізілген. Айта кетерлігі, Ж. Қашқынов 1967 жылы жарық көрген «Кешкі күн» атты тырнақалды өлеңдер жинағынан бастап, өз оқырмандарына 16 жыр кітабын ұсынып үлгеріпті. Шығармалары өзбек, ұйғыр, қырғыз, орыс, украин, молдован, грузин тілдеріне аударылған ақын бірқатра бауырлас халықтардың ақындарының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Еліне сіңірген ерек еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, Журналистер одағы сыйлығының иегері және «Ақтоғай ауданының құрметті азаматы» атанды. Еркін күрестен Қазақстанның спорт шебері.

Ән мен жыр қатар өрілген кеште ақынның адами болмысы, әр алуан қыры, шығармашылығы жөнінде ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, ақынның жерлестері ой-пікірімен бөлісті.

Несіпбек Айтұлы: Қазір артыңда іздеушісі, жоқтаушысы болмаса, қандай ай мүйізді ақын болса да, ескерусіз қалады. Мұндай үдеріс әдебиетте ғана емес, ғылымда, өнердің басқа саласында да бар. Абай атамыздың «Қазақтың өлісінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ» деп айтқан сөзі бар. Жеңіс Қашқынов бұл қатарға жатпайды. Ол көзі тірісінде-ақ  жақсы адам, жақсы ақын болатын. Мен Жеңіспен көп араласпасам да, сәлеміміз түзу болды. Ақкөңіл, ешкімнің ала жібін аттамайтын азамат еді. Қазақтың талантты ақыны Мұзафар Әлімбаевтың шәкірті еді. Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков және қарқаралылық Жаппар Өмірбеков ағаларының жанынан жиі табылатын-ды. Жеңіс ақынды қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушылардығ бірі десек артық емес. Аққан бұлақ секілді сөзі де, мінезі де, жүрегі де тұнық адам болатын. Тілге жеңіл оқылатын өлеңдерінің дені елдікті, туған жерді, туған тілді жырлайды. Әсіресе, ол Әлихан, Әлімхан, Күләш, Манарбек, Нарманбет, әрі барсаң Қараменде би шыққан жер – Ақтоғайды керемет жырлаған ақын. Себебі ол әдеби ортаға үлкен мектептің ордасынан, қасиетті топырақтан келді.

%d0%ba%d0%b5%d1%88-2

Серік Тұрғынбекұлы: Мен Жеңіс Қашқыновтың біраз жыл қасында жүрдім. Ол Алаш ардақтысы Әлімхан Ермековтің туған жиені. Осы себептен сол кісінің көмегін көп көрді. Нағашылары Ақтоғайдан алып кетіп, үлкен қала Алматыға оқуға түсірді. Сол ортада жүріп Тайыр Жароков, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Қайнекей Жармағанбетов сияқты алыптардың көзін көрді. Үлкен нағашысы Әлімханның жанында жүріп, Алаш арыстарының арман-мұратына қанығып өсті. Рухын бойына сіңірді. Содан шығар, ол менің де көзімді ашып, батылдықты, өткірлікті пайыммен айтуға үйретті. Бір жағынан ақылшы ұстазым сияқты болды. Айтарлығы, ол балалар әдебиетіне ерекше еңбек сіңірді. Балаларға арнап өлең жазу қиын. Баланың тілін тапқан адам, әлемнің тілін табады. Бізде бала туралы бір ауыз өлең жаза алмай кеткен ақындар да бар. Бірақ оларды ақын емес деп айтуға болмайды.

Серік аға бұрын Жеңіс ақын туралы жазған өлеңі қолында болмаған соң, сол жерде суырып салып, бір-екі шумақ өлең шығарып:

Жүрген жоқ ол жақ ашпай,

Қалған да жоқ таласпай.

Жеңіс, Жеңіс мен үшін

Жемісі мол ағаштай.

Арман аққу жүзеді,

Ақтоғайдай түз еді.

Ермековтің жиені,

Ұлылардың ізі еді.

Туған күні тойланды,

Жарқын елі жайдарлы.

Ақыл-ойы жыр болып,

Ақтоғайға айналды! – деп жырдан шашу шашты. Ж. Қашқыновпен университетте бірге оқыған жазушы-драматург Өтен Ахмет балуандық қырын әңгіме етті. Керемет кешке арнайы келген қарағандылық балақайлар, елордалық балабақшаның тәрбиеленушілері, Астанадағы ұлттық университеттің колледжінің студенттері Жекеңнің жауһар жырларын шабыттана оқыды. Бармағынан бал тамған күйші Жанғали Жүзбай күмбірлеген күйімен жұрттың көңілін көтерді. Еске алу кешінің шымылдығы Амантай Жұмаш, Нұрай Танабай және Берік Мақшоновтың орындауындағы Ақтоғай ауданының әнұранына айналып, күллі әлемге мәшһүр болған «Ақтоғай – алтын бесігім» (әні Дәртай Садуақасовтікі, сөзі Абзал Бөкеновтікі) әнімен жабылды. Жиылған жұрт орнынан тұрып, әсем әнге қосылып айтып, әнге де, ақынның рухына да тағзым етті. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді дана халқымыз. Тағылымы зор кеш Жеңіс ағамыздың тойы қазаққа ортақ той болғанын көрсетті.

Тобықтай түйін:

Менің ойым айтады:

«Қазақтың тілі мен әдебиетіне Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қолымен қастандық жасалған тұста Қарағандыдағы Дәуітәлі Стамбекұлының кеші, Астанадағы Жеңіс Қашқыновтың кеші осыған ұлттық руханияттың бір қарсылығы, тойтарысы іспетті әсер қалдырды».

Залдағы көрермен ақын Несіпбек Айтұлы айтады:

«Қазақ тілі мен әдебиетін оқу орындарының оқулығынан, ҰБТ-дан алып тастау – есі дұрыс адамның, министрдің шаруасы емес. Бұл – өз елін, халқын, ұлтын білмейтін адамның істеген шаруасы. Бұл – ұлтқа, ұлттық мүддемізге, қазақ халқына қарсы жасалған қасақана қастандық! Жас ұрпаққа ана тіліңді оқытпасаң, өз әдебиетіңді насихаттамасаң, басқасы бекер. Егер мемлекеттік тілің лайықты мәртебесін алмаса, жүз жерден жанталасқаныңмен мемлекет бола алмайсың. Керісінше, мемлекет дамимын десе, балалар әдебиетіне аямай қаржы құюы қажет. Балалар әдебиетін дамытуды бірінші кезекке қойғанда ғана балаларды рухани азығымен қамтамасыз етеміз».

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған