Ертіс-баян өңіріндегі серпіліс

«Qazaqstan zamany» газетінің «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты бірлескен «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» экспедициясы Павлодар облысында

 

«Алтайдың» қымызы әлемдік нарықта

Халықаралық «Qazaqstan zamany» газеті мен “Нұр Отан” партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты бірлескен “Ауыл экспедициясы” биыл да жалғасын тапты. Жақында газеттің бас редакторы Ертай Айғалиұлы мен экспедиция мүшелері Павлодар облысында болып, Павлодар және Аққулы аудандарын аралап қайтты.
Павлодар облысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіріп, сыртқа экспорттауды жақсы жолға қойды. Әсіресе, дәмі тіл үйірер ұлттық сусынымыз — қымызбен талай елді тамсандырып жатыр. Аймағымызға қарасты Аққулы ауылының Қазы ауылындағы “Алтай” шаруа қожалығы былтырғы жылдан бері Павлодардың “Fresh Milk” компаниясымен бірге жұмыс істеп, құрғақ қымыз өндірумен айналысуда. Биылғы жылы тағы бір жаңа жобаны іске қосты. Асыл тұқымды қара мал санын арттырып, күніне 3-4 мың тонна сүт тапсырады.
Қымыздың құрғақ түрі болады дегенді бұған дейін естімеген де боларсыз. Себебі ұлттық сусынымыздың құрғатылған түрі еліміздің бірде-бір облысында өн-дірілмейді. Шаруашылық қызметкері Серік Мұсатаевтың сөзінше, шаруа қожалық ауылдың 20-дан астам адамын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмыскерлер 60-100 мың аралығында айлық алады.


— Біздің ең негізгі бағытымыз — қымыз өндірісі. “Алтайдың” қымызы Қазақстанға ғана емес, көршілес Ресей, Қырғызстан мемлекеттеріне де жақсы таныс. Қазіргі таңда күніне 150 литр қымыз дайындап, облыс орталығындағы сауда орындарына жібереміз. Биылдан бастап сиыр сүті өндірісін қолға алып жатырмыз. Ресей Федерациясының Екатеринбург қаласынан 450 бас асыл тұқымды сиыр алып келдік. Бұған “АгроКредит” корпорациясы арқылы қол жеткіздік. “Сыбаға” бағдарламасы арқылы 280 млн. теңге берілді. Енді күніне 3-4 мың литр сүт алуға мүмкіндік бар. Қазір қара малдың базасында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда бұрынғы орындарға реконструкция жасап, қосымша малдың базасына арналған құрылыс жұмысын жүргізудеміз. Бұдан бөлек, жалпы сыйымдылығы алты тонналық сүт сақтайтын ыдыс орнатпақпыз. Қазіргі күні малдың қысқы жем азығын дайындап жатырмыз, — дейді Серік Мұсатаев.
«Алтай» шаруашылығы 1989 жылы құрылған. Бұл Аққулы ауданында құрылғын ең алғашқы шаруа қожалықтардың бірі. Келесі жылы 30 жылдығын атап өтпек. Отбасылық бизнес ретінде басталған шағын кәсіп-тің өнімі бүгінде әлемдік нарыққа жол тартып отыр. Қазір-гі таңда мұнда жылқы түлігінің жебе тұқымы өсіріледі.


Шаруа қожалық басшысы Сәтбек Мукиннің сөзінше, қымыздың құрғақ түріне деген сұраныс өте жоғары. Тіпті, алыс жақын шет мемлекеттер де тапсырыс беретін көрінеді. Биыл жазда Гонконгта өткен халықаралық экологиялық таза өнімдер байқауында Қазақстанның атынан осы «Алтай» шаруа қожалығының өнімі қойылып, сарапшылар тарапынан жоғары баға алып қайтты.
— Біздікі секілді құрғақ қымыз әзірге Қазақстанның бірде-бір облысында өндірілмейді. Сондықтан сұраныс өте көп. Биыл жазда Қытайдың Гонконг қаласында өткен экологиялық таза өнімдер байқауына қатысқан болатынбыз. Сонда Ресей, Норвегия, Корея елдерінің өкілдері қызығушылық танытып, өз елдеріне апарып сату туралы ұсыныс білдірді. Себебі мұның әдеттегі ыдысқа құйылған түрінен артықшылығы көп. Яғни, көп уақытқа дейін сапасын жоғалтпай сақтауға болады. Сондай-ақ, адам денсаулығына пайдасы зор. Биенің құрғақ сүтін фармацевтикалық, косметологиялық өнеркәсіпте пайдалануға болады. Қазір шетелдік кәсіпкерлермен келісімшарт жасасып жатырмыз. Алдағы уақытта өнім экспортталады, — дейді Сәтбек Мукин.


Жалпы, Қазақстанда сапасы жағынан «Алтайдың» өндірісінен шыққан қымызға тең келетін өнім аз. Бұл талай республикалық және халықаралық көрме-байқауларда дәлелденген дүние. Соның нәтижесінде «Алтай» ШҚ-на халықаралық сапа сертификаты да берілген. 2009 жылы Берлинде өткен «Зеленая неделя» атты халықаралық көрмеге Қазақстанның атынан қатысып, жүлделі орынға ие болса, 2008-2011 жылдары республикалық «Қараөткел» байқауында үздік өндіруші атанды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қытай Халық Республикасының Гонконг қаласында өткен байқауда экологиялық таза өнім санатында бірінші орынға ие болды.
Шаруа қожалық иелерінің сөзінше, мұнда түйіні шешілмеген мәселелер де баршылық. Әсіресе, ауылға баратын жолдың жағдайы өте төмен.
— Аққулы ауданының орталығы мен Қазы ауылы арасындағы жолдың жағдайы өте нашар, оны өздеріңіз де байқаған боларсыздар. Міне, біздің ең басты тілегіміз бен өтінішіміз осы жол мәселесі. Аудан және облыс орталығына қатынау қиынның қиыны.

 

Үміт апаның шарапаты

Павлодар ауданына аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Қабдылқызы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы бастап барды.
Павлодар ауданында сакралды орындар картасының облыстық тізіміне енген бірнеше тарихи және қасиетті орын бар. Солардың бірі — халық емшісі Үміт Ақтанқызының зираты. Ел арасына “Үміт апа” деген есіммен белгілі болған танымал халық емшісі көзінің тірісінде дертіне шипа таппаған талай адамды емдеп, аяғынан тік тұрғызған дейді білетіндер.


Әңгімемізге арқау болып отырған Үміт Сұбатылова қарапайым отбасында 1924 жылы дүниеге келген. Әкесі Ақтан ел арасына қадірі артқан сыйлы жан болыпты. Ал анасы Кенженің бойында емшілік қасиеті болған. Бұл кісіге ауруына шипа іздеп алыстан ат артып келмесе де, алдына келген ауыл азаматтарынан, көрші-қолаңдарынан білгенін аямаған кісі. Арасында құмалақ салатын балгерлігі де болған екен. 1932 жылдардағы аштық кезеңде Алтайға қоныс аударып, сол жақты мекен еткен. Халық емшісі Үміт Ақтанқызының балалық шағы қиындықпен, ауыртпалықпен өтті. 1937 жылы әкесінен және 1941 жылы анасынан айырылып, ерте жетім қалды. Мәнзура есімді жалғыз әпкесінің де ғұмыры қысқа болыпты. Осындай ауыр сынақтан кейін өзі де ерте есейіп, жастай еңбекке араласты. 1947 жылы тұрмысқа шыққан. 1966 жылы Алтай өлкесінен Павлодар өңіріне көшіп келіп, Павлодарское кеңшарына қоныстанды.
Ал емшілік қасиет оның анасынан дарыған екен. Бір күні түсінде анасы Кенже Сарымұрзақызын көреді. Анасы алыстан үн қатып: “Үміт, айналайн, есіңді жый. Менің емшілік қасиетім енді өзіңе қонды. Алдыңа келген адамдарды емдеуіңе енді болады. Алдымен ана төсекте тапжылмай жатқан енеңді таяқтың сүйеуінсіз тұрғызып, жүргізесің», — дейді де ғайып болады. Сосын көп уақыт өтпей төсек тартып жатқан енесін емдеп, аяғынан тұрғызған. Одан кейін талай мықты дәрігердің емінен шипа таппаған досын емдеп, ауруынан айықтырып жібереді. Міне, содан бастап Үміт апа ауру адамдарды жасырын емдей бастаған. Талай жанның ауруына ем тауып, талай адамның алғысын арқалады, үлкендердің батасын алды. 1985 жылдардан бастап, еліміздің түкпір-түкпірінен және жақын шет мемлекеттен сырқат жандар келе бастайды. 1991 жылы халық емшісі ретінде тіркеліп, заңды түрде жұмыс істей бастады. Сол жылдың наурыз айында Павлодар ауданына қарасты Жамбыл ауылында Үміт Сұбатылованың емдеу орталығы ашылды. Ал одан кейін 1993 жылы осы Үміт апаның бастамасымен Алланың үйі — мешіт ғимараты бой көтеріп, зәулім ғибадат үйі ашылды. Бұл тоқыраудан кейін қайта есін жиған халық үшін үлкен рухани орда бола білді.
Үміт Ақтанқызы туралы өңірімізге белгілі қаламгер, ардагер журналист Ғалия Балтабайқызы бірнеше зерттеу мақала жазып, емшінің елге сіңірген еңбегі туралы насихаттады. 2002 жылы журналистің “Емші құдіреті” атты кітабы жарық көрген. Автордың бір мақаласында:
“Үміт апаның балалық шағы мүлде болмаған. Аштық жылдары мен соғыстың ызғарлы ауыртпалығы оның мектепте білім алуына кедергі жасайды. Дегенмен мектеп табалдырығын мүлде аттап көрмеген оның өмірден алған тәжірибесі мен білімді білгірлігіне, ұйымдастыру қабілетіне шек қоя алмайсың… Алғашқы 1991 жылы бір жылда 10200 науқас қабылданса, одан кейінгі жылдары күніне 200-400 адам емделуге келеді. Орта есеппен жылына 30-35 мың науқас емделіп қайтады екен… Үміт апа негізінен науқастарды мумие, бал, қызыл май немесе облепиха, спирт, қойдың майы және шөптің 12 түрімен емдейді. Науқасына қарай кейде дәрі-дәрмек те жазып береді” деген деректер келтірген екен.
Үміт Ақтанқызы бойындағы ерекше тылсым күшті анасы Кенже Сарымұрза қызынан алса, өзінің емшілік қасиеті кіші қызы Бақыт Рахметоллақызына дарып отыр. Бүгінде ол анасының емдеу орталығының жұмысын жалғастыруда. Көмек сұрап келген адамдарға бар білген емшілгесін жасап, дәрі-дәрмегін жазып береді. Дегенмен Үміт Ақтанқызының тұсындағыдай көп адам келмейді екен.
— Еліне еңбегі сіңген халық анасының есімін ұлықтап, құрмет тұтпайтын жан жоқ. Биыл Елбасы Нұсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырыла бастаған “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында анамыздың зираты облыс көлеміндегі қасиетті жерлер тізіміне енді. Енді бұл нысанда мемлекеттің бақылауында болады деп сенеміз. Осындай болашағы баянды іс атқарып, анамның зиратын тарихи жерлер қатарына енгізген аудан басшылығына айтар алғысымыз шексіз, — дейді Бақыт Рахметоллақызы.

20 мың тонналық қойма салынуда

«Ауыл экспедициясының» өкілдері Павлодар ауданына барып, Набережное ауылындағы «Андас» шаруа қо-жалығының жұмысымен танысты. Мұнда биыл жалпы көлемі 20 мың тонна көкөніс сиятын қойманың құрылысы салынуда.
Шаруашылық басшысы Зейнолла Сәлменбаевтың айтуынша, картоп және сәбіз сақтауға арналған қоймалар ең соңғы заманауи құрылғылармен жабдықталып, ғимарат ішінің температурасын бір қалыпта ұстайтын компьютерлер орнатылыпты. Қойма инвестициялық жобалар бағдарламасы арқылы салынғандықтан, осы мақсатқа жұмсалған қаражаттың 25 пайызы инвестиция-лық субсидия арқылы мемлекеттен қайтарылады.


— Бізде бұған дейін тағы 20 мың тонна өнім сиятын қойма болған. Бірақ бұл тарлық етуде. Себебі біз егін шаруашылығына арналған суармалы жер көлемін жылына 500 гектарға ұлғайтып отырамыз. Биылғы жылы 2000 гектар суармалы жерді игеріп, картоп, сәбіз, басқа да майлы және дәнді дақылдар отырғыздық. Қазіргі есебіміз бойынша, 50 мың тоннадай өнім жиналды. Бұл көрсеткіш әлі де көтеріледі. Себебі егін алқаптарында жиын-терім жұмыстары әлі жүріп жатыр. Біздің өнім Ресей және Өзбекстан нарығына шығарылады. Келесі жылы майлы дақылдар сақтайтын қойманың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, — дейді Зейнолла Сәлменбаев.
Қонақтар ішкі көші-қон саласында атқарылған жұмыстармен де танысты. Павлодар ауданының әкімі Александр Бабенконың айтуынша, биыл ауданға Оңтүстік өңірлерден 120 адам көшіп келген. Яғни, Павлодар ауданы ішкі көші-қон саясатын жүзеге асыруда облыс бойынша екінші орында келеді.

 

Александр БАБЕНКО, Павлодар ауданының әкімі:

АУДАН ӘЛЕУЕТІ АРТУДА

Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығы саласы дамыған аудандардың бірі — Павлодар ауданы. Биыл бұл ауданда 386 мыңнан астам гектар алқап егін шаруашылығына пайдаланылды. Барлық жұмыстар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында тиімді мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізілуде. Сонымен қатар облыс басшысы Болат Бақауовтың өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жоғарылату бағытында алға қойған мақсат-міндеттерін толық орындауға тырысудамыз.

 

Суармалы жер көлемі артады

Павлодар ауданында барлығы 38 елді мекен бар. Аудан көлемінде 26 мыңнан астам халық тұрады. Ауылдардың жетеуі жоғары потенциалды, жан-жақты дамыған ауылдар. Мысалы, Набережное, Заря, Красноармейка, Луганск, Ольгинка, Новочерноярка, Розовка сынды ауылдарының тұрғындары үшін барлық жағдай жасалған. Яғни, ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін ірі аграрлық кәсіпорындар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр.
Павлодар ауданында ауыл шаруашылығы бағытындағы жер көлемі — 378,3 мың гектарды құраса, өнеркәсіп саласында 5,8 мың гектар жер бар. Ал аудандағы 13 ауылдық округке қарайтын жер көлемі — 87,6 мың гектар. Біздің ауданда суармалы егіншілікпен айналысып, мол өнім алып отырған шаруалар баршылық. Жер көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді. Мысалы, 2015 жылы суармалы егіншілікке бағытталған жер көлемі 10860 гектар болса, биыл бұл көрсеткіш 12987 гектарға жетті. Шаруалар биылдың өзінде 900 гектар қосып отыр. Ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істейтін 21 жеке шаруа қожалық бар.
Есепті кезеңде жер кадастрының нәтижесі бойынша пайдаланылмаған жерлер 18109,8 га, соның ішінде егістік жерлер — 8 648,8 га, шабындықтар — 452,9 га, жайылымдық жерлер — 8793,7 гектарды құрады. мемлекеттік меншікке қайтарылды — жалпы ауданы 3403,8 гектарды құрайтын 13 жер учаскесі, оның ішінде 1948,4 га егістік жерлер, 1008,7 гектар алқап, шабындықтар 361,5 га, басқа жерлер 85,2 гектар.

 

Құны 3 млрд.-тан  жоғары жобалар жүзеге асырылуда

Биыл ауданымызда жергілікті кәсіпкерлердің қаржыландыруымен 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 2018 жылдың бірінші жарты жылдығындағы есеп бойынша Павлодар ауданында жүзеге асырылған инвестициялық жобалардың жалпы құны 3 млрд. 623,6 млн. теңгені құрады.
1. «Андас» шаруа қожалығы 1800 гектар суармалы алқаптың реконструкциясын құрды. Бұл мақсатқа 320 млн. теңге қаражат жұмсалды.
2. «Заря» шаруа қожалығы жалпы құны 70 млн. теңге болатын ірі жобаны жүзеге асыруда. Бұл көкөніс өсіруге және өңдеуге арналған агроөнеркәсіп кешенін құру жобасы. Осы жоба аясында егін шаруашылығы алқабына биыл 200 гектар суармалы жер қосты.
3. «Маяк» шаруа қожалығы 400 гектар жерге жер суару техникаларын орнатты. Бұл мақсатқа олар 100 миллион теңге қаражат салды.
4. Өңірімізде Черноярка ауылындағы «Гарант Арт» ЖШС жалпы сомасы 30,8 млн. теңгеге 45 гектар жерге тамшылатып суару жобасын енгізді.
5. «Луганск» шаруа қожалығы 732 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысын салды. Бұл жобаның жалпы құны — 400,0 млн. теңгені құрап отыр.
6. «Киров» ЖШС жалпы құны 408 млн. теңге болатын 840 басқа арналған сүт-тауарлы фирмасының құрылысын бастады.
7. Набережное ауылындағы «Андас» шаруа қожалығы тағы бір ірі жобаны қолға алып, Ақтауға жақындап қалды. Жалпы сыйымдылығы 20 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасын салып, оны заманауи құрылғылармен жабдықтады. Бұл жобаның құны 300 млн. теңге тұрады.
8. «Рубиком» ЖШС биыл шошқа кешенін кеңейтті. Бұған кәсіпорын 1500,0 млн. теңге көлемінде инвестициялық қаражат салды.
Сонымен қатар сыртқы инвесторлар да бірқатар ірі жобаларға көлемді қаржы салғанын атап өтуге болады.
Мысалы «Turkey Pvl» ЖШС құс етін өндіру фермасының құрылысын қаржыландыруда. Бұл жобаны жүзеге асыруға 22 гектар жер берілді. Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңін аяқтау үшін 34 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек «НурТомирис» ЖШС «300 басқа арналған бордақылау алаңын салу» жобасын қаржыландырды. Бұл жобаны іске асыру үшін Кеңес ауылдық округінен 329 гектар жер берілді. Қазіргі таңда 150 бас қара малға арналған бордақылау базасы салынып, оған 60 бас ірі қара мал жеткізілген болатын. Одан кейін мал соятын цехтың құрылысы басталды. Инвестициялық жобаның жалпы құны 18 млн. теңге.
Сыртқы инвесторлардың қаржыланыруымен «Blue-Star.PV» ЖШС автокөлікке газ құю бекетінің құрылысын салуды жоспарлап отыр. Құрылыстың эскизі әзірленіп, 100 шаршы метр жер бөлінді.
Алдағы уақытта жүзеге асырылатын мынадай үш ірі жобаның жоспары дайындалу үстінде. Оның біріншісі — «Павлодар облысы, Павлодар ауданы, Мичурино ауылында «Кронос» ЖШС 494,5 гектар аумағы бар суармалы алқапқа инженерлік желілерін салу» жобасы. Жоба 2018 жылғы 26 сәуірде ТБЖ-нің оң шешімін алды. Жобаның жалпы сомасы 598,7 млн. теңгені құрайды. «ҚазАгро» ЖШС-нің қолдауымен 6000 тонна егін өнімдерін сақтауға арналған қойма құрылысы басталады деп күтілуде. Сонымен қатар келесі жылдан бастап қосымша тағы 600 гектар суармалы алқап игеріледі.

 

Тереңнен сыр тартқан — 90 жыл

Павлодар ауданы 1928 жылы бұрыңғы Павлодар уездінің болыстарынан құрылды. Биыл ауданға 90 жыл толды. Осыған орай өңір тарихына қысқаша тоқталуды жөн санадым.
1930 жылға дейін аудан Павлодар округінің құрамында болған.
Ефремовка ауылында машина-трактор стансасында 1 трактор 9 ұжымдық шаруашылыққа қызмет көрсетіп, 1213 шаруашылықты біріктірген. МТС дәнді дақылдар бағыты бойынша жұмыс істеген. 1931 жылы 17069 га жаздық дақылдар егілді. МТС-тан басқа, Ленин машина-шөп стансасы жұмыс істеді, 1931 жылы 193700 га жинады.
Ауданда бірнеше кәсіпорын жұмыс істеді: Коряковка өзенінде “Казсольтрест” тұз кәсібі, пар диірмені, ет комбинаты, кірпіш және сыра зауыттары. Коряковка тұз кәсіпорнында 1931 жылы 1061 мың рубльге тұз алынды, сыра зауыты 516 мың рубльге өнім берді, кірпіш зауыты — 103 мың рубльге өнім шығарды.
Наркомирос желісі бойынша 1931-1932 оқу жылдары бірінші сатыдағы 119 мектеп — онда 7218 оқушы оқыды және 16 жоғары типті мектеп болды. Саяси ағарту жұмысын 15 клуб, 16 оқырман, 3 жылжымалы кино құрылғысы, 12 қызыл бұрыш және 4 кітапхана жүргізді.
Емдеу желісі жақсы дамыды. 1931 жылы 90 орынды 4 аурухана болды. Оның үшеуі Павлодар қаласында орналасты. Ауданда 15 дәрігерлік және 15 фельдшерлік пункті жұмыс істеді.
1932 жылғы ақпанда Павлодар ауданы Шығыс-Қазақстан облысының құрамына кірді. 80-ші жылдарда ауданда бірқатар ірі сүт-мал шаруашылығы кешені және мамандандырылған сүт бөлімшелері жұмыс істеді.
1994-1996 жылдары ауыл шаруашылығын реформалауға байланысты кеңшарлар мен ұжымшарлардың орнын акционерлік қоғамдар, өндірістік кооперативтер, шаруа қожалықтары басты. Биыл ауданның 90 жылдығына байланысты тоқсан іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Жыл басынан бері үздіксіз атқарылуда. Мысалы, аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларына материалдық қолдау көрсету, жалғыз басты қариялардың үй-жайларына жөндеу жүргізу, жағдайы нашар отбасылардан шыққан оқушыларға киім-кешек, оқу құралдарын алып беру сынды қайырымдылық шараларын көптеп атқарудамыз.

Бетті дайындаған — Тілеуберді Сахаба

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған