Ескелді би — даналықтың дариясы

Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», — деп жазылған. Осындай айтулы тұлғалардың бірі, сан ғасырдан бері  есімі халықтың арасында аңыздай айтылып келе жатқан бабамыз Ескелді би (1692-1780) туралы аңыз-әңгімелерді тарқатуды жөн көрдік.

Абылай ханның үзеңгілесі

Жетісудың  атақты ақындары Сүйінбай мен Бақтыбайдың  жырларына арқау болған, Абылай ханның үзеңгілесі, ел қорғаны, халық арасында көсемдігімен, сөз бастаған шешендігімен щоқтығы биік болған  Жылкелдіұлы Ескелді батырдың  ғұмыр жолы, ерлігі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары  анық.  XVIII ғасырдың жартысында   қазақ  даласына жасалған жоңғар шапқыншылығы халқымызға үлкен  зобалаң әкелгенін тарих беттерінен жақсы білеміз.  Міне, осы тұста  туған жерді қорғап, жаудан тазартуда  Абылайдың ақ туының астына жиналған  батыр бабаларымыздың арасынан  табылған Ескелді  батырдың қолбасшылық қабілеті  ерекше дараланған.  Сонымен қатар Ескелді батыр  елді соңынан ерте білген көсем,  алдағы күндерді болжай білген әулие де болған деседі.  Қалың жаудан үркіп Сыр бойына көшіп, қоныс аударған   сансыраған  елді  Жетісудағы атамекеніне  қайта көшіріп әкелуде  Балпық би, Қабылиса — Қабан жырау бабаларымызбен бірге Ескелді батыр да басшылық жасаған.  Бір қиырдан екінші қиырға жаяу-жалпы көшкен жұрттың  тартқан  жол азабы жетерлік болды. Жол-жөнекей қарақшылық шабуылдарға ұшыраған жұртты  батыр бабалардың  сарбаздары  қорғаған.

Жер жаннаты Жетісуға атақоныстарына  шаршап-шалдығып жеткен бір тайпа елді Ескелді би бастаған  бабалар ақылдаса келе  сонау Текеліден бастап, Балқаш көліне шейінгі аралыққа ағайындардың арасында араздық, өкпе тумас үшін  шұрайлы жерлерді он екі ата жалайырларға   әділеттікпен бөліп   беріпті.  Бір қызығы, сан ғасыр өтсе де, әлі күнге шейін осы мекендерде Жалайыр атаның балалары   тіршілік жасап, ұрпақ өсіріп, көгеріп-көктеп жатыр.  Біз өткен тарихтың беттерінің бәрін қайта көшіріп жаза алмаймыз. Өйткені онда қаншама төгілген қан мен тердің тамшылары сайрап жатыр.  Сол  бір тайпа елді  сақтап,  болашақтарын болжап,  жол көрсетіп кеткен  Ескелді бабаның ұрпақтары қазіргі кезде  Қаратал мен Көксу өзендерінің бойына қоныстанған.

Егер батыр бабаның ғұмыр жолына қысқаша  ден қойсақ. Ескелдінің әкесі Жылкелді  жалайыр тайпасының  ішіндегі берекесі мен бірлігі мол  сиыршы руынан шыққан. Жанғабылдан   екі ұл — Жылкелді мен Шора тараған.  Жылкелді туралы мәліметтерге сенсек,  «жігіттің сұлтаны» атанған өте маңғаз, ақылды жан болыпты. Ескелдінің үлкен атасы Жанғабыл батыр әйгілі Әлібекұлы Төле бимен қадірлі  құда болған. Төле бидің Ұлбике деген қызы Жылкелдімен шаңырақ көтерген. Сонымен, Ұлбике — Ескелдінің анасы.  Аңызға сенсек, Ескелді дүниеге келіп, Төле биден сүйінші сұрапты дейді. Сонда Төле би: «Тілекті Алла ескерді, Жалайыр еліне ес келді, Баланың аты Ескелді болсын, Елінің есіне ес қосылып, халқының қамын ойлайтын азамат болсын!» — деп батасын беріпті.   Өзінің туған нағашысы Төле би тәрізді  Ескелді  халқына қамқор,  батыр болып өсіпті.  Ол бала кезінен-ақ батыл, әділетті сөйлеуімен ерекшеленген. Баланың ерекше қабілетін байқаған Төле би  әлденеше рет қиын сұрақтар қойып, жауабына қанағаттанған деген де аңыз әңгімелер жетерлік.

Мысалы, туған нағашысы  ауылына қонақ болып келген Ескелді бала  атасына сәлем берген соң, Төле би:

— Досың қайда, дұшпаның қайда, балам? — деп, баланың бетіне қарапты. Сонда Ескелді сұқ саусағымен жүрегін нұсқап, тілін көрсетіпті. Одан кейін Төле би тағы да:

— Жақсылық пен жамандықтың тұрағы қайда? — депті. Нағашысының бұл сұрағына Ескелді бала оң иығы мен сол иығын көрсетіпті.  Төле би онымен қоймай:

— Білікті адам қандай, ақымақ адам қандай? — депті.  Ескелді көз алдына күн салып, алысқа қарапты. Сәлден соң көзін тарс жұмып, аяғының астына үңіліпті. Баланың жауабын сөзсіз түсінген  би риза болып, алақанын жайып жіберіп,  ақ батасын берген екен деген де аңыз бар.

Жетісу өңіріне  есімі белгілі  Ескелді би, әулиенің 300 жылдық мерейтойы  1992 жылы  кеңінен аталып өтті.  Талдықорған қаласында ғылыми-танымдық конференция өткізіліп,  Түркиядан, Монғолиядан  және еліміздің түкпір-түкпірінен ғалымдар, жазушылар  мен өнер қайраткерлері келіп қатысты.  Қазіргі кезде Қаратал ауданында бой көтерген баба кесенесіне  тәу етіп баратын адамдардың қарасы өте мол.  Тұрмыс тауқыметін тартып,  қиыншылық көріп, жолы болмай жүрген адамдар ата басына барып, құран бағыштап қайтады.

Ескелді би, Балпық би және Қабан жырау бабалардың, яғни үш атаның ескерткіші  өткен ғасырдың шежіресін шертіп, Талдықорған қаласының  үлкен көшесінің бойына орналасқан.  Ескелді ауданы, ауылы,  мектебі  және көше атаулары бар.  Биылдың өзінде Ескелді бидің ғұмыры жайлы жинақ облыс әкімдігінің қолдауымен  жарық көрді.     Елбасының мақаласында: «Әрбір өлкенің  халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар  перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», — деген сөзіне орай, әулие бабаның ғұмыр жолы жас ұрпақты  отансүйгіштік қасиетке   тәрбиелеуде ең жақсы құрал ретінде пайдаланылып  келеді.  Ескелді би, батыр баба есімі жаңа  ғасырлардың төрінде мәңгі жасай  бермекші. Өйткені  бұл кісі батыр ғана емес, бір жағынан ақылгөй, шешен, би болған адам.  Бір сөзбен айтсақ, әулие деп атанған Ескелді бабамыз ел мен жерін қорғап, сақтап қалған айтулы тұлға.

Ескелді бидің ұлы көші

Ескелді би жалайырлардың батырлары мен билерін жинатқан болатын. Әрине, бұл кеңестен өзінің бауырлары да қалыс қалған жоқ еді. Әлгіндегі Естай мен Бектұрғанның әуелі ағасы Ескелдінің үйіне ат басын бұрып, жеңгесі Ақжәмиламен амандық, саулық сұрасқаны сол болатын. Бәрі айтқан мерзімде алыс-жақыннан келіп жиналған соң Ескелді:

— Би біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы деп сәлем беріп, жалпақ жалайырдың игі жақсылары бір кісідей жұмыла келдіңдер. Оларыңа рақмет! Мен он ойланып, мың толғанып, мынандай шешімге келдім. Бірақ ойымды ортаға саламын. Егер хош көрмесеңдер, оны айтыңдар. Жоқ, дұрыс десеңдер, онда менімен біргесіңдер, — деп бір тоқтады.

Жиналған жалайырдың жақсылары бір сәтке «Би не айтпақшы екен» дегендей демдерін ішіне тартып үнсіз қалды.

— Сырдың бойын артқа тастап, Қаратауға қарай көштің басын бұрсақ деймін. Одан әрі алдымыздан Ұлытау, Кішітау дейтін таулар мен Қаракеңгір, Жездікеңгір деген өзен-суларды басып өтіп, ежелгі атақонысқа қарай бет түзеп, ірге тепсек пе деп отырмын. Қаратаудан асып, Ақтау, Ортатауды басып, Шу, Сарысу өзендерін кесіп өтіп, құт мекенімізге жетсек деймін. Сөйтіп, адамға адам, елге ел қосылып, аумағымыз кеңейсе деймін. Жаугершілік уақытта айнала қоршаған жаудың ортасында басымыз біріккен ел болғандықтан, жорықта атқарған міндетіміз бар, жауынгерлік ұранымыз белгіленген. Дұрыс таңдай білсе, жер нәсібі — ел нәсібі, ел нәсібі — ер нәсібі. Жер мен малдың кіндігі бір деген. Бізге деген де Құдайдың жері бар шығар. Еркін жайлап, қыстап шығатын атақонысқа аттанайық. Бұған қалай қарайсыңдар?

Бірінші болып Қабан (Қаблиса жырау) сөйледі:

— Алыс жолға шығар болсақ,

Алдымен жолдасыңды сайла.

Жауыңды жығар болсаң,

Алдымен қолбасыңды сайла.

Керуен басы білікті болса,

Түйе азбайды.

Қолбасы білікті болса,

Сарбазы тозбайды, — деген. Есеке, ойыңды біз дұрыс түсіндік. Сондықтан сізді қолдаймын. Ертеңнен бастап жұртымызды көші-қонға дайындауға кірісеміз.

Кеңесте басқа да билер, батырлар сөз алды. Қорыта келе, сөз түйіндері мынау болды.

— Ұлы көш болсын!

— Атақоныс, құт мекенге баста, би-аға! — десіп, бәтуаға тоқтасты.

Ұлы Би Ескелді артына ел аузында сөз қалдырған, ел билеген көсем, басынан сөз асырмаған шешен болумен қатар, ел арасында аса сыйлы, ерекше дана екенін осы жолы да көрсетті. Онысын игі  жақсылар дұрыс түсініп, қолдады.

— Менің оң жағымдағы ақылшым, дау-дамай болса, шешімін тауып берер сенімді би, анталаған жау шықса, жорыққа шығып, әскерімнің оң қанатын басқарған Балпық батырды әскер басы етіп тағайындаймын! — деп,  Қабан жырауға қарады.

— Өте дұрыс шешім, — деп, Қабан домбырасын ұстап орнынан тұрды.

— Көш, көш, елім, көш, елім.

Көше де жүріп түзелдім.

Көше де жүріп күзелдім.

Көшуде туған нәресте

Салмағын елдің көтеріп.

Демікпей алға кетер нық,

Ширығып белге жетер нық…

— Ендеше, кеңес жабық. Біздің үйдегі Ақжәмила төбел бие сойғызып, Сырдың бойын бойлаған төменгі елді, жорға бие сойғызып, жоғарғы елді шақыртқан екен. Содан  жиналған жұртпен бірге дәмін татайық! Қабеке, ел-жұрт жырыңды да сағынды. Бүгін бір домбыраңды безеп, халқыңды сусындат! — деп, билер түскен үйге қарай өзі бастап жүрді.

Ертеңіне сәске түсте Ескелді би кешегі жиналған жұрттың алдында тағы да сөз бастады.

— Уа, халқым! Пейілі кең жалайыр жұрты, ешкімге қиянат жасамайтын, сондықтан да жоқ болатын жазығымыз. Бөрідей еркін өскен, жортқанда жолдан тапқан азығын. Көңіліміз жайсаң, жүзіміз жарқын, қолға ұстаған алдаспан бейбіт күнде аймен күнге шағылысып, жарқырап жүрген ел едік. Енді міне, құтырған құба қалмақты, жыландай шұбар шүршітті басымызға шығарып, ортамызды ойрандатпас үшін атқа да қондық айбармен. Жауыздық жасаған дұшпанмен бірге зорлығын көрдік заманның, қорлығын көрдік жалғанның. Қасірет пен қайғының жүгін арқалап, күніміз батты қанталап. Көз жасын төгіп тоқтаусыз ана мен бала, аспанды басып қара бұлт, түнеріп кетті шартарап. Аяусыз көрген қорлықтан, төзім кетіп зорлықтан, күңіреніп кетті асқар тау, күңіреніп кетті тұл дала! Торға түскен торғайдай, ар мен намыс жыртылды. Таңбамыз тарақ, шартарапқа тарап, ұрпағымыз өсіп, ат жалын тартып мінуге жарап тұрғанда қазаққа қалқан, қалмаққа алдаспан болып туған ұрпақ, хан мен қараны қосатын солар, ата жауды қуып, азаттық үшін күресіп, жерімізге жетіп, түбегейлі орын теуіп отырайық, ағайын! Қабыл қылса Алла тілекті, мынау дүниеден бұрын өткен ұлы бабалар аруағы қолдап, Оңтүстік Шығысқа атамекенге қарай көшті бастайық! — деп, Ескелді би тебірене барып тоқтады.

Жиналған жұрт шулап кетті. Балпық би, батыр бастаған жалайыр әскері «Ескелді, жалайыр!» деп ұрандап, шашақты найзаларымен алдаспандарын аспанға көтеріп, күн нұрына малды.

— Аспан ашық, жол нұрлы болсын, би-аға! — деп, Балпық пен Қабан жырау атына ырғып мінді…

Бұқар жыраудың батасы

Жолай Болат ханның ауылына да тұрақтамай, көшті ілгері жалғастырған. Сонда Болатхан:

— Бұл жалайырлар мені менсінбеді ғой, — деп, өзінің «Оқ жүйрік» деген тұлпарына мініп, жігіттерімен көштің алдын кес-кестеген екен. Жай ғана емес, хан қаһарланып:

— Ордаға аялдамай, аруақ аттап қайда барасыңдар! — деп ақырса, сонда Ескелдіден бұрын Балпық би:

— Ханнан қайыр болмаса, халық тозады. Сенің құзырыңда бола алмаймыз. Қойнауы құт Қаратау, Нұқ Пайғамбардың кемесі тоқтаған Қазығұрт киелі жер емес пе? Барша қазаққа төрелік айтқан Төле бидей төбе биге барып қосыламыз.

Ескелді қолындағы найзасын жерге қадап тұрып ханға қарап:

— Уа, сұлтаным, әкең сенің Тәуке хан «әз Тәуке» атанып, ел аузына ерте ілінді. Тағылымды талай іс тындырды. Қалған үмітін үрім-бұтағынан күтіп, сенің атыңды болаттай болсын деп, Болат қойғызып еді. Бірақ сен Болат болмай, болбыр болдың. Бізді басынбаған кім қалды? Оң бүйірден Қоқан ханы қысып тұр. Қақ маңдайда қалмақ тұр. Балпық дұрыс айтады. Хан азды. Ордаңды бұзып, отқа жақ. Бізбен бірге көш. «Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар» деген. Нағашы атам аман болса, саған да, маған да жер табылады, — деп, мойын бұрмастан көшті бастап жүріп кетті.

Сыр бойынан көшін тоқтатпаған Ескелді би Көшім ханның ескі жайлауы Есіл, Нұра бойын қыстап шығады. Осыдан біраз күн ұзағанда жүзге келген әкесі Жылкелді қайтыс болады. Амалсыздан бірер күн еру болып, қайран бабаны Сарыарқаға жерлеп аттанады. Сонда әкесінің сыйлас, үзеңгілес досы Жылкелдінің қайтыс болғанын естіп, атқа қонған Бұқар жырау көшті қуып жетіп:

— Алатаудай әкең кетті өмірден. Көшіңді тоқтат, бір жыл дәл осы араға еру бол. Аза тұт. Ардағымыз еді, абзалымыз болатын. Жортқанда жауға қарсы шабатын жолбарысымыз еді, — дегенде Ескелді:

— О, ұлы жырау,

Елім үшін жаным садаға,

Жерім үшін қаным садаға.

Екеуі үшін арым садаға,

Қан төксем, кегім үшін төгем,

Жан қисам, елім үшін қиям, — деп тұжырымдаған өзіңіз емес пе едіңіз! Мына жұрт көктемнің қара суығында азықсыз, малын қырып алмай ма? Қанқұйлы соғыста өлсе, арман жоқ, бекерге аштықта өлсе, кім кінәлі?! Әкем өліп, қабырғам сөгілсе де, көшті тоқтатпаймын, жолымды бөгемеңіз. Жүрегім үзіліп, артымда қалса да, елім үшін, болашақ үшін алға жылжыдым. Жырау ата, батаңды бер оданда, — деп тоқтады Ескелді. Аз-кем үнсіздіктен соң:

— Ендеше, жай қолыңды, — деп, қарлығыңқы дауыспен, көзі жасаураған Бұқар үн қатты:

— Асқар таудың өлгені —

Басын мұнар шалғаны.

Көктемгі бұлттың өлгені —

Аса алмай таудан қалғаны.

Ай мен күннің өлгені —

Еңкейіп барып батқаны.

Айдын-шалқар өлгені —

Мұз болып тастай қатқаны.

Қара жердің өлгені —

Қар астында қалғаны.

Өлмегенде не өлмес?

Жақсының аты өлмес…

…Қиядан қиқу төгілсе,

Аттың басын тартпағын,

Қисапсыз қол көрінсе,

Қорқып жаудан қайтпағын.

Жолың болсын жортқанда,

Тіледім саған жақсылық…

Әумин!!!

Сәбит Биболов,

 Қазақстанның Құрметті журналисі.

Суретте: Ескелді би, баба және Қаратал ауданындағы кесенесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған