«Естігім келгені осы ма еді? – өзіме де сол керек!

«Бөрі арықтығын білдірмес» -дегендей, жоқ болса да бар адамдай айбаттанып, күмпиіп жүретін жомарт қазақ емеспіз бе. Бұлай ету қаймана қазақтың қанына сіңген мінезі мен әдеті ғой! Мұндай әдет қазіргі жастардан гөрі асарын-асап жасарын-жасап қалған мына біздерде басымырақ. Той қарсаңында ағайын-тумаларымыздың басын қосып, араласып сыйласпасақ та «көрші ғой» – деп екі-бір көрші ағайынды қосып, кештеу болса да «соғым басы», -десіп  шай бердік. Аман-саулықтан кейінгі әңгімеміз алдағы Тәуелсіздік мерекесі жайлы болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жыларындағы басымыздан кешкен қиындықтарды еске алып біраз сыр шертіскен соң, әңгіме ауаны той сыйлығына қарай ұласты. Інілерім де, келіндерім де, балаларым да бәрі де интернет желісін пайдаланатындықтан, олар да күнделікті жаңалықтардан кенде болмайды ғой.

– Неше күннен бері Интернетті қоса қалсаң болды сыйлықтан сүрініп жығыласың, -деп кенже інім әзілдеп күлді де, аға өзіңізге сыйлықтан хабар бар ма, -деді.

-Жоқ-ей, оны дәметіп жүрген мен де жоқ, -дегенім сол еді, сыйлап төрге отырғызған көршім:                                                                                                   

– Жоқ, ол сіздерге берілмейді, -демесі бар ма.

– Неге?, -десем:

– Сіздер «кірмесіздер ғой», -деп төтесінен дүңк еткізді. Көршімнің әлгі сөзі жүрегімді тіліп өткендей болды. «Сөз сүйектен өтеді», -деген осы шығар! Әлгі көршіме деген іштей қыжылым қайнап тұрса да, «Ақылды болсаң – ақымақты кеше біл», -дегендей, әрі дастарханымның шырқын бұзбайын деп, тіліме келген запырандай ашщы сөзімді қайта жұтуға мәжбүр болдым. Әлгінде ғана қауқылдасып, мәре-сәре болысып отырған туыстарым да әлгі көршімнің сөзінен кейін бәрі де «Жылан жұтып қойғандай» тым-тырыс болды да қалды. Әлгі көршіме алакөздене қарасып үнсіз отырған олардың не ойлап отырғандарын кім білсін. Өз басым өзімді сабырға шақырып, түк болмағандай мынау көршіме не десем екен..ә.. дегендей іштей ойланып отыра бердім. Осындай назаланып мазам кетіп көңілім толқыған сәттерде ойыма шумақтап өлеңдер оралатын әдетім барды.  Іштей сөзімді жинақтап сәл отыырдым да:

Қайта айтпа сөзіңді, «Кірме», -деген,

Дақ салмаңыз, жүрегіме кірлемеген,

Жақтырмасаң, сырыңды іште сақта,

Құтылады үйдей пәледен үндемеген!, -деп өлеңдетіп өтірік күлімсіреп көршімнің бетіне қарадым.

Менен ондайды күтпеген көршім абыржып қалғандай маған одырая қарап:

– Өй мынауың шолтыраңдап алып ақын ғой өзі, -депжанымда тұрған қос балдағыма сұқтана қарады. Құдайым-ай, көршімнің бұл сөзі мен қылығына жаным түршіккендей болды. Не дейін?! Өлеңде өлгенімнің басы бар ма еді, өзіме де сол керек, -деп іштей тындым. Аяғымды санымнан кестіргенім жаңа ғана ғой. «Адам аласы ішінде – Мал аласы сыртында», «Сырын білмеген аттың сыртымен жүр», -деуші еді қазағым… Құдай көршімнің қылығы мен сөздеріне қорланып, оны қадірлеп шақырғаныма қатты өкіндім…Сырқаттанып аяғымды кестіргелі бері туыстарымның маған деген ілтипаттары бұрынғыдан бетер. Бәрі де жұмыстарынан соң күн аралатып болса да келіп қалімді сұрап бәйек болысады. Кейде солардың ілтипаттарына қайран қалып көзімнің жасын сығып та аламын.. Көршімнің сөзінің бәрінен артық маған батқанын бәрі де сезіп отыр. Сәлден кейін кенже інім менің көңілімді аулағысы келгендей үнсіздікті бұзып:

5– Аға, «Ел не демейді, менің к..м шөп жемейді», -деген бір сөз бар ғой, құдай көршіңіздің сөзін көңіліңізге алмаңыз. «Үйіңе келгенге үйдей пәлеңді артпа», -деген. Енді әңгімемізді жалғастырайық, -деген інім әлгіндегі қиылып түскен әңгімемізді жалғастырып өзгелері қостап дегендей, тым-тырыс үнсіздікті әзерге бұзғандай болдық… Өзінің ағат кеткенін білген көршім, ас-суымыздың артын тоспай кете берді.. Шынымды айтсам бүгінгінің адамдары бәрі де өз деңгейінде білімді, сауатты деп ойлаушы едім. Ақсақал жасқа келген көршімнің айтқанына қарап, бәрі де бекер екенін түсінгендей болдым..Қазақта: «Өзіңді сыйлағанның құлы бол»,-деген бір аталы сөз барды. Бірақ, адамның қадірін білмегендер, мұндай аталы сөздің қадірін қайдан білсін… Өкінішті-ақ!…..Адам толқыса ұйқысы келуші ме еді.. Жанымды жаралаған әлгі сөздің «Құрып кеткір сыйлықтан» басталғаны есіме оралып, ұйқым келмей біраз дөңбекшідім. Сөйтіп жатқанымда ойыма мынандай өлең жолдары оралды..

Салпыншақ «темірге» мен кенде емеспін,

Сол үшін, арымды сатқан пәнде емеспін,

Кімім бар мұнда, мені елеп қолдайтұғын,

Болмағанда, туып – өскен жерде емеспін!

Алған шығар, басшы-қосшы жарып бөліп,

Жатқан болар жуып-шайып қарық болып!

Жүрген шығар, қыдырысып тойын тойлап,

Мен емес қой, үйінде жатқан ғаріп болып!

Аллаға шүкірлік, өмірге менің өкпем жоқ,

Денім сауда, ешкімге де есем кеткен жоқ,

Білім, еңбегімен біреулер маған жетсе де,

Білгірсымақ, біреулері маған жеткен жоқ!.. деееп өзімді жұбатып жатып ұйықтап кеттім.. Бұл, қыжылы мен қызығы мол мынау өмірдің бір ғана күндік хиқаясы. Өмірде не болмайды дерсіз, бәрі де болады.. Біреулер кем ойлап ағат айтса, ол оның білім деңгейінің жеткен жері сол шығар, оған да іренжудің қажеті жоқ. Керісінше, қолыңнан келсе, оған түсіндіруге тырыс! Олай ету сенің адамдыық қадіріңді арттырмаса, кемітпейді бауырларым!..

БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ

ҚР Журналистер одағының мүшесі

One thought on “«Естігім келгені осы ма еді? – өзіме де сол керек!

  • 30.12.2016 at 18:53
    Permalink

    Ондай өресі төмен пенделер аз да болса бар. Бірақ оған еш уайымдамаңыз. Олар не десе о десін, бірақ бізді ешкім де елге деген махаббатымыз бен адами асыл қасиеттерімізден ажырата алмайды. Жазарыңыз көп болсын. Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын! Келе жатқан жаңа жылыңыз құтты болсын!

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған