Есіңді жи, бауырым!

Бірден айтайын: коррупцияның жегі құрты әбден жеп біткен биліктің сандуғашы емеспін. Бірақ соңғы күндердегі «бейбіт шерулер» көптеген ойға жетелейді. Әу баста «Жер Кодексіне» өзгертулер енгізілгенде – баяу жарылатын минаның кері сағаты да қиямпұрыс, зымиян оймен қасақана іске қосылған сияқты. Мақсаты бірнешеу. Ең бастысы – Қазақстанды мемлекет ретінде жойып жіберу. Болмады дегенде, Ресейдің ықпалынан шыға алмастай ету. Екіншіден, бас көтерерлік, қазаққа жақын ұлтжанды тұлғалардың абыройын төгу. Халық алдында да, президент алдында да. Атырауды Ноғаев, Ақтөбені Сапарбаев, Қызылорданы Көшербаев басқарады. Үшеуі де түпкі тамырынан айырылмаған мықты тұлға! Бірақ бейбіт шеру анау солтүстіктегі қазақша «ләм» деп білмейтін басқа әкімдер басқаратын өңірлерде өткен жоқ. Өтпейді де! «Ол жақта қазақ аз ғой» дерсіз. Жақсы. Келісейін. Ал қазағы басым Шымкент неге тым-тырыс? Өйткені… өйткені, жасырып-жақаурататын дәнеңесі жоқ – Оңтүстіктің әкімі орыстілді. Қазақша нан сұрап жей алатын шығар. Бірақ Бердібек ағамыздай, Қырымбек ағамыздай жорға емес. Бекболат Тілеуханға шабуыл да осы саясаттың жалғасы. Жаманаттың бәрі жапсырылып, есекке теріс мінгізді. Құдай-ау, Бекболаттың жазығы не еді? Жер Кодексін, сол заңға енгізілген түзетулерді Бекболат жалғыз қабылдап па еді? Тіпті, Жер Кодексіне түзетулер енгізілгенде Бекболат Мәжілісте жоқ еді ғой! Біреуі шынымен білмейді, енді біреулер әдейі білмегенсиді. Болары болып, бояуы сіңген нәрсе кері қайтарылып, қайта талқыланбайды. Жалғыз Бекболат тұрмақ, оған тұтас Парламенттің құқығы жоқ. Жер Кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға президент 2015 жылдың 12 қарашасында қол қойып жіберген. Бұл да болса – Бекболатты халыққа жаманатты ете отырып, билікке де қарсы қою. Жымысқы саясат.

Жақында ғана, президент АҚШта жүргенде БАҚ арқылы Путиннің «Біз Қазақстан шекарасын қорғауға көмектесуге дайынбыз» деген сөзі еске түседі. Бұл – суға кетіп бара жатқан Ресейдің тал қармаған далбасасы емес. Шын ниеті. Қайткен күнде Қазақстанды уысынан шығармауға тырысқан, мүмкіндік туса құрамына қосып алғысы келген арам ойы! Ең жақын Одақтасы Беларусьтің ерте ме, кеш пе, бұл Одақтан шығып, Еуропаға жол тартатыны белгілі. Ал Қазақстанда Назарбаевты қазаққа, қазақ жанды азаматтарға қарсы қоя білсе – басты мақсаттың орындалғаны. Ресейдің билікті «әсіредінмен» қорқытып келе жатқанына да біраз уақыт өтті. Естеріңізде болса, қайсыбір жылы Алматының Каменка маңында 5 адамды бала-шағасымен қосып, «вахаббистер» деп атып тастады. Бүкіл бір мемлекет әскерінің күші 5 адамды ұстап, тергеп, соттауға қауқарсыз емес еді. Тіпті, тілі ғана емес, діні бөлек АҚШтың өзі Гуантамода қаншама террористі қамап отыр. Ал сондай «қауіпті» үрлеп, маздатып отырған кремльшілер үшін бұл адамдарды тірідей қолға түсіру аса тиімсіз болатын. Одан да, ұстамастан, атып тастай салса – билік «тәубесіне» келіп отырады. Шын мәнінде, елге қауіп төнсе, алдымен президент пен елді Ресей жек көретін, жұртқа жеккөрінішті етіп үлгерген «діншілдер» қорғайды! «Жер жалға берілмесін!» деген ұранды өз мақсаттарына пайдаланғысы келген топтар да жылдам ауыстырып, «Шал, кет!» деп, радикалдана бастады. Мұның соңы жақсылыққа соқпайды. Сол анық. Әншейінде, Парламенттің қабылдаған заңдарын тынымсыз сынап отыратын орыс басылымдары мен кремльшіл басылымдар Жер Кодексіне келгенде жұмған ауыздарын ашпай қалды. «Біреу сөзіңді сөйлесе, тілім қышып бара ма?» деген кейіпте. Мына әрекет те осыған жақын сценарий. Ендігі кезекте бүкіл Қазақстан 21 мамырда шығамыз деп дайындалған бейбіт шеруді кремльдіктер сәтті арандата білсе, онда да халыққа қарсы оқ атуға бұйрық бергізе алса – әр қазақтың сеніміне айналған Иманғалидың абыройы да бес тиынға айналады. Бүгін Қызылорда оқиғасынан көргеніміздей, Кремль мұндай мүмкіндікті жіберіп алмайды. Күні кеше төбеден төгілген гептилге қарсы «мыңқ» демеген Қызылорда бүгін неге көтеріле қалды? Оның ұйымдастырушылары кімдер? Қызылордада, Ақтауда, Атырауда, Ақтөбеде, Семейде шетелдіктер жалға ала қоятындай құнарлы жерлер бар ма еді?
Соңғы уақытта БАҚ беттерінде ресейшіл, орыстілді «үштіктің» бір мүдде үшін басылымдарды жаппай сатып алып, билікке өлермендікпен ұмтылып жатқаны жайлы жиі жазылып жүр. Телеарнадағы жиындарда бұл «үштіктің» бірге отырғанын да жиі көреміз. Егер, Кремль сұрқылтайлары басқарған жоғарыдағы сценарий жүзеге асса – қазақ ұзақ уақыт ел болудан қалады. Шетелдегі қандастардың келуіне бірден тыйым салынады. Қазақтың мүддесіне қарсы қабылданар заңдарды елестетудің өзі қиын. «Алавиттердің» құтырғанын сол кезде көресің.
Рас, ел кенеуі кеткен жемқорлық, тамыр-таныстық, заңсыздықтар, күшті мен басшының әлімжеттігі, баспанасыздық, әлеуметтік қорғаудың төмендігі, күн сайын кері кетіп бара жатқан тұрмыс әбден титықтатты. Білім саласына енгізілгелі жатқан сыңаржақ реформа қытыққа одан сайын тиіп отыр. Ерке қыздың ойланбай айтатын сөздері де төзімді тауысты. Билік осы мәселелерді конструктивті түрде қайта қарап шықса, жарылғалы тұрған шиқан жазылар ма еді? Ал сен, бауырым, есіңді жи! Еліңнің болашағын ойласаң – осы жерден тоқтай қал!
Ескерту: Бұл пост үшін ешкім маған ақша төлеген жоқ. Өтініш те жасамады. Жүрегімнен шыққан шын сөзім!

Тоқтар Жақаштың ФБ жазбасынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.