Ең жас марафоншы ерекше сыйлыққа ие болды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтаудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық», биылғы «Болашаққа бағдар: – Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру шеңберінде Ақтауда «Денсаулық фестивалі» өтті.

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай ұйымдастырлыған марафон «Біздің денсаулығымыз өз қолымызда!» ұранымен өтті. Спортық шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, этномәдени бірлестік өкілдері, студенттер, мектеп оқушылары, қаланың белсенді жастары қатысты. Мақсат – халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Марафонға барлығы 3000-ға жуық маңғыстаулық қатысты.

Облыс әкімі «Денсаулық фестивалі-2017» ауқымды шарасына белсене қатысып, «Жаяу жүру – зиян емес, жүрмеу – зиян» тақырыбындағы марафон жүлдегерлерін құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Одан бөлек, шараны ұйымдастырушылар атынан облыс әкімі Ералы Лұқпанұлына тапсырылған велосипедке жаяу жүру марафонына қатысып, 2 шақырым жол жүрген ең жас қатысушы, сегіз жасар Тұрар Ізмұханбет ие болды.

-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Халық денсаулығы – ел дамуының ажырамас, құрамдас бөлігі» деген. Сондықтан, денсаулық сақтау саласына айрықша көңіл бөліп келеді.Баршаңызды дене белсенділігін арттыруға, зиянды әдеттерден бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын, – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, денсаулық фестивалі аясында өңірдің белсенді жастары қан тапсырды. Денсаулық марафоны мерекелік концертпен, спорттық шаралармен: гір тасын көтеру, армрестлинг, эстафеталық ойындармен жалғасты.

 

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған