Жабық та жағымсыз тақырып

Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар,

Құлағын біреу салмас, біреу салар.

Теп-тегіс көпке ұнау оңай емес,

Кейіне жарамаса, кейіне жарар…

Ахмет Байтұрсынұлы

Расында, бұл тақырып – жарқыратып ашыққа шығарып айта алмайтын жағымсыз тақырып. Жабық болатыны – «жабулы қазан жабулы күйі қалсын» деп, өзге ұрпақтарының амандығы үшін бабам қазақ ашық айтпауға тырысатын тақырып. Ал, бүгін интернет парақшалар мен газет беттерінде  жазылған мақалалардың «тұздығы»  тұзақтап түйілген арқанның суреті менмұндалап шақырып тұрғандай зәреңді алады. Кейбір телеарналар суицидтік оқиғаларды жедел ақпарат ретінде жарыса хабарлайды, алайда жан сырқаты бар адамдарға жарнама жасап тұрғандарын түсінгісі келмейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан мәліметтеріне сүйенсек, жылына миллионнан астам адам өзін-өзі өлтіреді екен. Мамандардың зерттеу нәтижесінде:  Өзін-өзі өлтіруге 1,2 % – денсаулығының нашарлығынан; 3 % – қаражат қиындығынан; 1,4 % – өмір сүрудің ауырлығынан;  6 % – құмарлықтан;  18 % – отбасы келіспеушілігінен; 18 % – рухани дерттен; 19 % – жазасын өтеуден жалтару мақсатында осындай қатерлі қадамға барса, ал, 41 %-ы неден болатыны белгісіз күйде қалып отыр. Осы ұйымының деректеріне сенсек, 100 мың адамға шаққанда әлемдегі ең көп суицид тіркелген елдер: бірінші орында – Латвия (96-99 адам),екінші орында – Венгрия (88 адам), үшінші орында – Қазақстан (53 адам).  Басқа ислам мемлекеттері айналып өткен бұл қаралы тізімде Қазақ Елінің алдыңғы үштікке кіруі үлкен сұмдық.  Бұрын «Жанымды алсаң да, ар-намысымды алма» дейтін мұсылман қазақ әлде жалда, ғайыптан тайып сондай бір оқиғалар бола қалса демін ішіне тартып алатын, әспеттемейтін. Болған оқиғаны туралап айтпай тұспалдап, жас ұрпақты сақтандыратын. Мысалы, жын мен шайтаннан сақтанудың жолдарын айтып отыратын. Үйге кірсең «Бисмилләһ» айт шайтан бірге кіріп кетпесін, табалдырықтан аттағанда үйде ешкім болса да шаңыраққа «Ассаламуағалайкум» деп сәлем бер, тіпті өзіңнің үйіңе кірсең де Алла ол отбасыны берекеге толтырады дейтін. Тамақты «Бисмилләһ» айтып же, жын-шайтан бірге ішіп-жеп қоймасын, тағамды оң қолыңмен алып же, шайтан сол қолымен жейді дейтін. «Бей уақытта ұйықтама», «Мойныңа жіп салма», , «Киміңді теріс қаусырма», «Түнде суға барма», «Арам жерді баспа», «Ескі жұртта, қора қопсыда, шұңқырларда ұйықтама» бұл іс-мекен-мезгілдерде лағынет атқырлардың белсенділігі күшті болады, «Үйіңде азан шақыр, Құран оқы, малғұндар қашады» дейтін. Ауыл ақсақалдары шетінен барлығы дұғагөй, батагөй таңмен таласып намазын оқып ел жұртқа тілек тілейтін. Ал, қазір Құран мен сүннет өмірлік ұстанымы мұсылман қазақтың осы бір қарапайым ғана  үйлесімдері бұзылған. Намазхан дұғагөй ақсақалдар ілуде біреу, имамдарымыздың көбі жастар. Отбасында ата-ананың иманы әлсіз, ұрпаққа рух азығын беруі де қиын. Осы орайда ата-ана, биліктегі азаматтар  жарғақ құлағы жастыққа тимей бұл рухани дағдарыстан шығудың жолын табуы керек. Ұмтылуы керек, себебі Жартатушы Алла Тағала хадиси құдысында «Қандай бір қауым өзін өзі өзгертпейінше, Мен оларды өзгертпеймін» деген. Мүмкін, бұл сұмдықты тоқтатуға қазынадан мысалы, Жапония сияқты қомақты қаржы (32 млрд) бөліп, мемлекеттің ықыласын білдірерміз. Бәлкім, «мемлекет діннен жат» демей, ислам мемлекеттеріндегі тәжірибелерді кіргізерміз. Қайтсек те ұрпақ қасіретіне адалдықпен күш-жігер көрсетуіміз керек. Міне, басқа жақтан жау іздемей- ақ Пайғамбарымыз с.ғ.с айтқан ұлы жиһад (қасиетті соғыс) әрқайсымыздың басымызда, отбасымызда, ауылымызда, елімізде тұр.  Асырау мен тәрбие беру екеуі – екі басқа. Ақылсыз хайуан да ұрпағын асырайды.  Ал, ақылды адам ұрпағы ізінен ергендерге «Құдайдың құлысың», «Жаратушыңа ғана иек арт», «Жын-шайтаннан сақтан» деп үйретуі  парыз. Иман, яғни адамның Аллаға ғана сеніп, Онан ғана жәрдем сұрауы – құлдың көкірегін кеңейтіп, күш-жігерін толтыратын жаратушының ұлы нығметі.

…Бірде Иса (ғ.с) пайғамбар денесін жазылмайтын алапес ауруы жайлаған, өңі қуарған бір кісіге жолығады. Әлгі кісі үстіндегі жаралардан бейхабар жандай:

-Иә, Алла Тағалам, саған сансыз шүкірлер болсын! Адамдардың көпшілігі душар болған дерттен мені аман қалдырдың,- дейді.

Иса ғ.с таңқалып:

– Әй, адам! Сен ауру екенің көрініп тұр емес пе, ал Алла сені қандай дерттен аман сақтап еді?-дейді

-Ей, Алланың Елшісі, ең ауыр дерт жүректің Алладан хабарсыз бей жай қалуы. Аллаға шүкір, мен Алламен бірге болудың дәмін татып, рахатын сезудемін. Сондықтан, құдды денемдегі жаралардан хабарсыз жандаймын,-деп жауап берді әлгі адам.

Жалпы адам – жан мен тәннен жаралған. Тәннің қажетті- ұйқы,  тамақ т.б. Ал жанның қалауы – рухани құндылық. Пенденің Құдайға сенімі, құлшылығы артқанда шайтанға қарсы қорғанысы күшейеді. Ата-ана өз баласының қайда барып жүргенін, кіммен жүргенін, қайда отырғанын білу қажет. «Қараңғы түсісімен балаларын сыртқа шығармасын, өйткені қараңғыда шайтан көбейеді» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі жай айтыла салған сөз емес. Дүниеде түрлі жағдайлар, сынақ ретінде қиыншылықтар кездеседі. Кейбіреулер сол қиыншылықтан шығудың ең оңай өзіне-өзі қол салу деп ойлайды. Алайда ол болмашы қиындықтан құтылғанмен де, ең басты қиындықтан құтыла алмайды. Ол – азап, Алланың азабы.  Өзіне-өзі қол жұмсау Ислам дінінде ең үлкен күнәларға жатады. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 29-30-аяттарында: «Бір-біріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал, кім осы айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз» – деп ескертеді. Ғұламалар бұл аятты тәпсірлей келе, өзіне-өзі қол жұмсағандарға да берілетін үкім, осы аятта айтылған бір-бірін өлтіргендерге берілген үкіммен бірдей болатындығын, яғни, тозақ отында болатынын айтады. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с)  Әбу Хурайра жеткізген бір хадисінде: «Бір адам өзін таудан тастап,өлтірсе, ол адам тозақта болады. Сөйтіп өзін мәңгі тозаққа тастайтын болады. Ал бір адам у ішіп өзін-өзі өлтірсе, сол удан тозақта мәңгі ішетін болады. Сондай-ақ бір адам өзін пышақпен немесе қылышпен өлтірсе, сосын сол пышағымен немесе қылышымен өзін-өзі тозақта да өлтіретін болады.» – делінген  Сабит ибн Даххактан Аллаһтың Елшісінің с.ғ.с былай дегені жеткізіледі: «Кім қандай да бір нәрсемен өзін-өзі өлтірсе, Қиямет Күні сол нәрсемен азапталады».әл-Бухари 6047, Муслим 176. Сондай-ақ, Абу Хурайрадан Алланың Елшісінің с.ғ.с былай дегені жеткізіледі: «Кім өзін-өзі тұншықтырса, өзін-өзі тұншықтыруын Отта жалғастырады, ал кім өзін-өзі сойып өлтірсе, мұны Отта да істейді». әл-Бухари 1365.

Жундабадан  Пайғамбардың (с.ғ.с) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Көп жарақаттары бар бір адам өзін-өзі өлтірді және сонда Аллаһ Тағала былай деді: «Менің құлым өз еркімен менен озды, сол үшін мен оған Жәннатты харам еттім». әл-Бухари 1364.

Жәбир ибн Самурадан: “Бірде жарақат алған бір адам өзін-өзі өлтіргенде,Пайғамбар (с.ғ.с) оған жаназа намазын оқымады (мұндай теріс іс-әрекетпен келіспегендігі және оны сөккендігі себепті)”,  – деп жеткізіледі.  “Сахих әт-тарғиб” 2457.

Демек, бұл іс-әрекет Аллаға сүйікті бола алмайды, керісінше, мұндайды істеген адам ұлы жазаға тартылудың қауіпінде болады. Ендеше осындай қорқытушы мәтіндерден соң қалайша тақуа мұсылман адам өзін-өзі өлтіруге бара алады?! Құранда мынадай аят бар: “Сондай иман келтіргендер – Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, жүректер Алланы еске алумен орнығады“-деген. Қазір, пенделер  көп жағдайда мешіттерге баруға жайбарақаттық жасағанымен бір қиыншылыққа тап болса болды алдымен мешітке барады. Яғни, адамның рухы еріксіз пендені мешітке апарады. Дүниелік нәрселермен рух тынышталмайды, ал мешітке барып, Құран тыңдаса жаны жай табады. Сондықтан олар мешіттен шығарда «Уһ, екі иығымнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым» деп разы болып жатады. Суицидке жол бермес үшін кәрі-жас бәріміз ғұмырымыз дінмен тығыз байланысты болу керек. Иман келтіріп, намаз оқу жаман қылықтарды тыяды. Төзімділікке шақырады, қиыншылықтарға сабырмен қарауды үйретеді. Дінде, өмірде сабырдың орны ерекше. «Cабыр түбі – сары алтын» деп бабаларымыз бекерге айтпаған. Алланың жіберген сынақтарына сабыр сақтап, шыдау керек.

Алла Тағала: «Сабыр етушілерді қуандыр, қашан оларға қиыншылық келсе олар шын мәнінде біз Аллаһқа тәнбіз әрі оған қайтушымыз дейді. Аллаһ расында сабыр етушілермен бірге» – дейді «Бақара» сүресінің 155-156-аяттарында.

АллаТағала Өзінен қорқып, фәни дүниенің сынағына шыдаған адамға тосын сый беретінін айтып қасиетті Құранда: «Кім Алладан шын қорықса, Алла  оны кез келген қиындықтан құтқарады және күтпеген жерден ризық-несібе береді» – дейді.

Атам Қазақ тағдырда қиналып жүргендерге «Аюб пайғамбардың сабырын берсін» деп көңілін жұбататын. Батырлық дастандар мен пайғамбарлар қиссасын құлақтан құлаққа жатқа жеткізетін бабаларымыз Аюбтың мына әңгімесін барлығы білетін.

…Аюб ғ.с пайғамбар әрі бай, әрі патша, әрі қайырымды, әрі жомарт, әрі тақуа жан болған екен.  Періштелер жер жүзін шарлап, таң мезгілінде Аллаһ тағаланың алдына барғанда, Жаратушы Иеміз:-Менің пенделерім немен шұғылданып жатыр айтыңдар,-дейді. 

– Құлдарыңның арасында сізге шын берілген, адал әрі құлшылығын ыждаһатты орындайтын, берген несібеңе риза болатын Аюбтей адам жоқ. Мұнымен қоса елге де жақсы қарасады,-дейді періштелер бірауыздан.Осы сөзді Әзәзіл естіп тұрып: «Аһ, оңбаған, бұл екі аяқты жауыз Аллаһқа қанша берілсе де бәрібір азғырам» деген ойға келіп Аллаһқа арыз етті дейді:                    

-Аюбтің саған құлшылық ететіні, саған ризалық білдіретіні ол- бай, ол- патша, ол- пайғамбар. Әлбетте, қолында болған соң жасайды. Кедей болсыншы не істер екен?!                                                                                        

-Қолыңнан келгенін істе, ол ықтиярды саған бердім,- дейді Алла Тағала Әзәзілге.Әзәзіл Аюбтің тіршілігіне араласты да, пайғамбардың өмірінен береке кетті. Аз уақытта тақыр кедей болып қалды. Аюб оған қарамастан қолындағы аз дүниесінен де жоқ-жітіктерге беріп, Аллаһтың бұл ырыздығына шүкір айтып жүріп жатты.Әзәзілдің іші күйіп, пайғамбарды тәубәдан тайдыра алмадым деп, Алла Тағалаға тағы да арыз айтты. Сөйтіп ол Аюбті ауыртты. Пайғамбар қатты сырқаттанып, өне бойы тесіліп, денесіне жара шығып, ірің ағып жатты. Оны көрген ел-жұрт:   

 -Аулаққа апарып тастаңдар, ауру бізге жұғады,-деп Аюбтің әйеліне маза бермей қояды.Әйелі оны елден жырақтау жерге арқалап алып кетіп, лашық құрып, сол жерде күтті. Пайғамбардың сырқаты күннен күнге асқынып, жаралары сасып, құрттай бастады. Құрттар тойып алып, домалап жерге түсе қалса Аюб пайғамбар:                                                                                                 

-Әй, мақұлық! Ырыздығыңды Алла  менен жазды ғой, менен айырылып қалсаң өлесің ғой,-деп құртты жерден көтеріп, жарасына қайта салып қояды екен.  Әзәзіл бұған қатты таң қалды. Ал, Аюбті әйелі күтіп жатыр. Пайғамбар болса әлі тәубасынан тайған жоқ. Екі рекағат намазын оқып, Аллаһқа шүкіршілігін білдірді. Сонда өзге шайтандар Әзәзілге:                                          

-Уа, тақсыр, кезінде Адам пайғамбарды жәннаттан жылдам шығарып жіберіп едің, ал, мынаған қалайша шамаң жетпей жатыр?!- деді қолтығына су бүркіп.-Онда мен Адам пайғамбарды әйелі арқылы азғырып едім, Алла «жеме» деген бидайды жеп, жәннаттан қуылып еді,-дегенде шайтандар:

-Сіз бұны да әйелі арқылы азғырып көрмейсіз бе?- дейді.

-Е, бұларың ақыл екен,-деп Әзәзіл басқаша киініп, Аюб пайғамбардың ескі бір таныстары болып, айдаладағы лашыққа келеді. Қалима анамыз отағасының іріңдеп, кірлеген киімдерін жуып, арасында ас әзірлеп жүрсе керек. Таныс адамның бейнесіндегі Әзәзіл Аюбтің әйеліне келіп, сәлемдесіп, хал-жағдайын сұрап:

-Ой, әттеген-ай, сендерге қиын болған екен! Бұрын қандай едіңдер! Бай болдыңдар, бағлан болдыңдар. Неге пайғамбар Алладан көмек сұрамайды…-дейді ақыл айтқансып, әрі мүсіркеп. Сөйтеді де ақырын кетіп қалады. Қалима анамыз адам бейнесіндегі Әзәзілдің сөзіне еріп, ерінің қасына келіп:                 

 -Уа, отағасы, мына дертіңізге Алладан бір шипа сұрасаңызшы! Жазылырсыз,-деген екен. Аюб пайғамбар:                                                                       

-Ә, Әзәзіл саған келген екен ғой. Әй, Қалима, екеуміз отасып тоғыз жыл жақсы өмір сүрдік. Ал, менің ауырып жатқаныма сегіз жыл. Олай болса, менің рахатты өмірім әлі бір жыл артық екен. Сол үшін де Раббымнан, қиналдым, ауруыма шипа бере гөр деуге тілім бармайды, ұялам… Сен Әзәзілдің тіліне ілесіп, осы сөзді айтып тұрсың. Ендеше, маған қарама, мені күтпе! Тамақ берме, кет менің жанымнан. Алда-жалда мен осы аурудан аман-есен жазылып кетсем, осы айтқан сөзің үшін жүз дүре соғам,-дейді.Қалима анамыз кетіп қалды. Пайғамбар айдаладағы лашықта жападан жалғыз қалды. Қарайтын ешкім жоқ. Денесі құрттап, шіріп, сөйлеуден қала бастады. Сонда пайғамбар:                                                                                                                   

-Иә, Алла! Аяғымды алдың, қолымды алдың, күш-қуатымды алдың, енді, тым болмаса Саған ризалығым мен тәубамды білдіретін тілімді аман сақтай гөр!-деп жалбарынды. Сол кезде Алла Тағала Жебірейіл періштені жіберді.   -Әй, Аюб, тұр орныңнан, он қадам алға жүр. Алдыңнан су кездеседі. Содан үш ұрттап іш. Және денеңе құйын, жазыласың, -дейді.  Аюб Жебірейіл періштенің айтқанын істеді. Сол кезде бұрынғы сау кездегі қалпына келіп, сақайды. Мұны ел-жұрт көрді. Амандасып жатыр. Қалима анамыз да келді. Ол бастапқыда бұрынғыдан да әдемі болып кеткен күйеуін танымай қалды. Біраздан соң ғана біліп, бас салып құшақтады.Аюб пайғамбардың денсаулығы да, патшалығы да, байлығы да қалпына келді. Бақытты өмір кешті. Иә, бәрі де Ұлы Алланың құзырында!

Қазақтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан әдеби мұраларының бірі «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» жырын насихаттауға тыйым салу керек дейді танымал сазгер Жарылқасын Дәулет. Өнер иесі мұндай ойын жуырда «Асыл арна» телеарнасына берген сұхбатында айтқан. «Қозы Көрпеш, Баян сұлу деген кімдер? Қозыны Қодар өлтіріп тастаған соң, Баян да өзіне қол жұмсап өлді де, бір молаға кірді. Өзін-өзі өлтіріп, жаназасы шықпай, бір молаға жатқан адамды кімге үлгі қылып отырмыз?», —деген сазгер Жарылқасын Дәулет мұндай эпостық кейіпкерлерді махаббат символы ретінде қарастыруға болмайды деп санайды. Сазгердің ойынша, бұл кейіпкерлер жастарға кері тәрбие береді. «Біз өскелең ұрпақты суицидке өз қолымызбен итермелеп жатқан жоқпыз ба? Біреу өліп, соның артынан екіншісі өзін өлтірсе, ерлік пе?», —дейді ол. Сазгер өзінің сұхбатын «махаббатты Валентинге бір, Қозы Көрпешке бір тықпалап қадірін кетірмей, екеудің арасында жасырын ұстап, аялап, бағалы еткеніміз дұрыс», —деп аяқтаған. Сазгердің бұл пікірі әлеуметтік желілерде үлкен пікірталас тудырды. Көп азаматтар бұл бір оғаш пікір деп күліп, кекетіп жатты.

Қазір туғанына  1500 жыл уақыт өткен деп есептелетін көне жыр туралы ««Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының қай нұсқасын алсақ та, оның басы, ортасы не аяғында жеке орындаушы тарапынан қосылған лирикалық шегіністер, арнаулар көп-ақ. Осының бәрі батырлық жырлары мен лиро-эпос арасындағы ерекшеліктерді құрайды», – деп жазды белгілі ғалым Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ фольклорының тарихы» атты зерттеу кітабында. Әдебиет  зертеуші осындай ғалым азаматтарымыздың еңбегінен бірінші, бұл жырдың Ислам діні келгенге дейін туғанын білеміз. Екіншіден, бұл жыр тек қазақ халқына ғана тән емес жалпы түркі жұртына ортақ екендігін түсінеміз.  Үшіншіден, бұл жырдың жырлаушылардың жүрегіне тән көп вариантты екенін түсінеміз. Мысалы, Бейсембай жыраудың Қозы-Баян екі ғашық қосылып мұратына жетті деген нұсқасы бар екенінен де хабардар боламыз. Дәл осы сәтте қазақ мәдениетінің алтын үлгісі «Қыз Жібек» жыры көңілге қайта қарап оқыңыздар дегендей сап ете қалады. Жырын талай рет тыңдадық, Төлеген опат болған соң Жібек қайнысы Сансызбайға қосылып мұратына жеткендігіне сендік. Ал енді, фильмінде Жібек өзіне-өзі қол салып, суға тұншығып өлді. Бұл жерде фильмді сөгейік деп отырғанымыз жоқ, фильм қазақ өнерінің шыңы, фильм сөз жоқ классика, тек ақырғы сәтінде романтизмге берілген. Бәлкім Кеңес идеалогиясының сызбасымен солай болған шығар, әйтеуір, фильмдегі Қыз Жібек образының тәрбиелік мәні жас ұрпаққа кереғар.                                                                          

   …Бір жолы ауылымызда бір жас жеткіншек жұмбақ жағдайда өзін-өзі қаза қылды. Халық жаназадан қайтқан сәтте ол жігітпен «жүріп жүрген» мектеп оқушысы қыз бала асылып қалды. Осы сәтте көп адам олардың жаза басқанына таңқалған жоқ, «ойпырмай-ай ә, осы заманда да нағыз Қыз Жібек пен Төлегеннің махаббаты бар екен-ау», десе, тағы біреулері «екеуіне ескерткіш қою керек» десті. Мұны Алла куә, өз құлағыммен естідім, міне, романтизмнің қатері. Соғыссыз сойқансыз, көйлегі көк, тамағы тоқ жас ұрпақ осылай «махаббат» деп кете береді. Бұл дүние тек ғана ер мен әйелдің махаббатынан ғана тұратын секілді бейне бір, ананың махаббаты қайда, әкенің махаббаты қайда, ағайын-туыс, дос-жаранның сүйіспеншілігі қайда?! Қараңғы түннен кейін ататын таң сияқты келешек өмірге үміт қайда?! Өкінішті… Бұл қоғам – демократия. Әркім өзі біледі, нені оқиды, нені үлгі тұтады. Бірақ, әрбір ата-ана, әрбір ұстаз өнердегі, өмірдегі кілтипаны бар сырларды ұрпаққа, шәкіртке ашып беруі керек, әрбір әдет-ғұрып, салт-сана мемлекеттердің Ата Заңдары бастау алатын Алланың Ұлық Заңымен үйлесім табуы керек. Осы ұлы үйлесімнің бұзылуы – үлкен имансыздық. Олай болса аты жаман бұл әдетке тосқауыл қою мемлекеттің  ұлы мақсаты- қаржы да бөліну керек, ең бастысы жамандыққа қарсы нүкте қоюшы  Аллаһтың дінін – Исламды орынды пайдалану керек. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей осындай бір оқиға болып кеткеннен кейін ғана имамдарды еске алып оқу орындарында Құран оқытып немесе бақсыларды шақырып адыраспанмен аластатып жатқанын да көргеміз. Ақырғы дін – Ислам діні біреулер қаласа да, қаламаса да бәрібір жер бетіне жайылады.

Солдатұлы Бодаубек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған