Жаз-Ата ауылы жастарының жағдайы қалай?

Жамбыл облысының  орталығынан ең шалғай жатқан Мойынқұм ауданының бүгінгі тынысы кеңейіп, тұрмысы  түзеле түскен. Аталмыш елді мекенде қазіргі таңда кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, өндіріс орындары жыл  санап өнім көлемін арттыруда. Сондай-ақ, мұнда жаңадан бой көтерген әлеуметтік нысандар мен демалыс орындары елді мекеннің ертеңіне мол үмітпен қаратып отыр. Бұдан бөлек, бір кездері тірлігі тұралап, терезесін тор басқан мәдени ошақтардың да есігі қайта айқара ашылып, бойына қан жүгіруде. Бұның барлығы әрине  жергілікті тұрғындар мен жастар үшін жасалып отырған игі дүние екені анық.

Міне, осы елді мекенге «Ахуалың  қалай, ауыл жастары?» айдарымен арнайы барып, жастардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік.

200 шақырымнан қатынау немесе елді мекендегі жастардың елеулі  істері

Жалпы Мойынқұм ауданында қазіргі таңда 32770  тұрғын  тұрып жатса, соның 7782 жастар. Яғни, халықтың 24,0 пайызын 14-29 жас аралығындағы жастар құрап отыр. Міне, осы жастармен аудандық жастар ресурстық орталығының 26 маманы жүйелі жұмыс жасауда. Олардың ішінде 16 округтегі нұсқаушы мамандардың жұмысын ерекше атап өтуге болады. Олай дейтініміз, аудан орталығынан 220 шақырым қашықтықта орналасқан Мыңарал ауылдық округі сынды елді мекеннен қатынап, аудандық жастар ресурстық орталығымен  байланыс орнату қиынның-қиыны екені айтпаса да белгілі. Сондай-ақ, Байтал, Қамқалы сынды ауылдардан да үш сағаттап жол жүріп, жастардың аудан орталығындағы жиындарға қатысатынын ескерсек, мұндай жағдайда  жастармен жұмысты жүйелеу үлкен күшті қажет ететіні сөзсіз.

                      img_5430  _mg_0449

Десе де, елді мекендегі жастар нұсқаушылары ел қатарынан қалмауда. Оған біз  Жамбыл ауылдық округіне барғанымызда көз жеткіздік.  Аталмыш округтегі  206 жаспен  жұмыс жасап отырған нұсқаушы маман Бауыржан Айтжановтың бұл қызметке келгеніне 3 жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде ауыл жастарының үні мен мұң-мұқтажын жергілікті билікке жеткізген жас маман, талай тірлікті тіктеген. Округ әкімі Ахат Қанатовпен бірлесе отырып, мектеп, балабақша мәселерін биік мінберлерде көтеріп, жастарға арналған спорт алаңшасының кірпіші қалануына ұйытқы болған. Сондай-ақ,  діни ахуалды тұрақтандыру бағытында  учаскелік полицейлермен біріге «Имамды елдің тұғыры биік» атты «дөңгелек үстел» отырыстары мен рейдтік шаралар ұйымдастырып, түрлі мерекелерге орай «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік белгісі!», «Жыр дүлділі –  Жамбыл», «Мәңгілік ел – жасыл ел!», «Қош келдің, әз Наурыз!», «Мәңгілік елдің жастары!», «Жемқорлыққа жол жоқ!», «Жастар бейбітшілікті сүйеді»сынды жиындар мен басқосулар өткізген. Бұдан бөлек, жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарға ерекше көңіл бөліп, ағымдағы жылы жұмыссыз ретінде тіркелген 22 жастың 11-нің тұрақты жұмыс орнын тауып кетуіне ықпал еткен. Олардың бүгінде 4-і Мыңарал цемен зауытына жұмысқа тұрса, 5 жас ақылы жұмысқа тартылып, 2 жас жастар тәжірибесімен қызметке  жолданған.

Жамбыл ауылында жас кәсіпкерлердің де саны артуда. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Нұрболат Ибрагимов пен Ержан Кенжебеков несие алып, мал бордақылаумен айналысып отар. Сондай-ақ, 800 мың теңге несие алған Закирада Мұраталиева ауылдан алғаш рет  шаштараз ашса, жас кәсіпкер Жолдас Ескермесов үлкен сауда орнының кірпішін қалап,  халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде.

Бір сөзбен айтқанда әлуметтік жағынан барынша қамтылған бұл елді мекенде ескеретін елеулі істер жетерлік.

Абзалдың тірлігі жас кәсіпкерлерге желкен болуда

Келесі ат басын бұрған Бірлік ауылдық округінің де тірлігі көпке үлгі. Мұндағы жастар жөніндегі кеңесші маман Абзал Әлімбетов шағын кәсіпкерлікті дамытуды өзінен бастап, жастарға жол көрсетуде. Абзал Қанатұлы 2 жылдан бері бөдене құсын өсіріп, жұмыртқасын жергілікті тұрғындарға қолжетімді бағамен сатып келеді.

-Бұл кәсіп түрін ашуға ауылдық жерге жұмыртқаның сырттан тасымалданатыны түрткі болды. Содан ғаламторды ақтара келе, бөдене құсын қалай күтіп, өсіру қажеттігін үйрендім. Алғашынды 50 бас құс сатып алып, кейін олардың санын 150-ге жеткіздім.  Алайда бөдене құсын қыста өсіру қиын. Сондықтан биыл «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алып, үлкен кешен ашсам деп отырмын. Бұл кешенде тек бөдене құсын ғана емес, үйрек-қаз да өсіріп, етін саудаға шығарсам деген жоспарым бар, – дейді нұсқаушы маман.

pic

Осылайша жастарға үлгі болып отырған Абзалдың бұдан бөлек, құмблок шығаратын цехы да бар. Үш адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында айына  15 000  кірпіш шығарылады.  Ал өнімдері жақын маңдағы ауылдармен қатар,  аудан орталығындағы құрылысқа да тұтынылуда.Енді жас кәсіпкер бұл өндіріс орнын да кеңейтуді көздеп отыр. Сол кезде жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірілетін өнім көлемі де артатыны анық.

Жалпы 3 мың түтіні түтеп тұрған ауылда осындай үлкен шаруалар атқарылып жатқаны жанға жылу берді. Оған қоса, округте биылғы жылға бірде-бір жастар қылмысы тіркелмегені де жастар бос уақытын тектиімді тірлікке жұмсап отырғанын аңғартып тұрғаны сөзсіз. Оған дәлел, нұсқаушы маман Абзалдың  кәсіпкерлігінен үлгі алған ауылдың бір жасы мал шаруашылығын қолға алып, қазір асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын бордақылауда. Бұл жас кәсіпкер де келешекте қожалығын кеңейтіп, ет кластерінің дамуына өз үлесін қоспақшы.

Тағы бір айта кетерлігі, Бірлік ауылдық округінде биылға  5 жас жұмыссыз ретінде тірлкесе, оның екеуі тұрақты жұмыс орнын тапқан. Осылайша, жұмыссыз жастардың «екі қолына бір күрек» табылуда.

Ғаламтор болмаса, жастар жұмысы көлеңкеде қалады

Қос округтің осындай тымдырымды тірліктері мен кәсіпкерлік саласындағы  қарышты қадамдары бізді шексіз  қуантты. Олай дейтініміз облыс орталығынан шалғай жатқан Мойынқұм ауданындағы  жастардың  мұндай жобаларынан осы таңға дейін бейхабар едік. Аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Еркебұлан Абасовтың айтуынша, жастардың қолымен жасалып жатқан жұмыстар аз емес  екен. Тек оны жарнамалау жағы кенжелеп тұрған көрінеді.

-Негізі ауданда жанданып жатқан жобалар мен тың бастамалар жетерлік. Өздеріңіз бүгін көрген қос округтан бөлек, әр ауылда жаңалыққа жаны жақын нұсқаушы мамандарымыз түрлі нәрселер ойлап табуда. Мәселен, Қызылтал ауылдық округінің нұсқаушы маманы Серікболсын Ынтықбаевтың ұйытқы болуымен, мектеп түлектерінің қолдауымен  Күшаман ауылына тұңғыш рет «Актив» бйланыс желісінің мұнарасы қойылды. Осы желі арқылы қазір ауылда бұрын-соңды болмаған байланыс желісі ұстап тұр. Бұл мәселені ауыл түгілі, аудан әкімдігі шеше алмаған болатын.

Осы тұста ерекше айта кетерлігі, әлгі мұнараны пайдаланғаны үшін «Актив» байланыс желісі жалға алу құнын төлеуде. Міне, осы қаржыны  жастар ауыл мешітінің имамына айлық ретінде аударып, игі шаруа жасауда. Бұдан бөлек, жастардың бастамасымен Күшаман ауылына үлкен мешітте салынды. Сондай-ақ, округ жастары жастар театрнын ашу туралы ұсыныстарын жасауда.  Байқап тұрсаңыз, жастардың қолымен жасалып жатқан шаруалар мен тың жобалар аз емес. Алайда, біз осыны көрсете алмай отырмыз. Өйткені біз де әлеуметтік желілерге үздіксіз қосылуға мүмкіндік беретін интернет жоқ. Аудан орталығының өзінде жылдамдығы өте баяу. Егер осы мәселе облыстық деңгейде өз шешімін тапса, мойынқұмдық жастардың тірлігін көпке танытатын едік,– дейді аудандық жастар орталығының директоры.

Иә, Еркебұлан Абасовтың көтерген мәселесі мен  өтінішін орынсыз дей алмаспыз. Себебі ақпарат ағыны уақытпен санаспай жатқан  бүгінгі таңда, әр ауданға ғаламтордың ауадай қажет екені сөзсіз. Оған қоса, лайықты жарнама болмаған жерде, жасалған жұмыстың да көлеңкеде қалып қоятыны бесенеден белгілі нәрсе. Сондықтан бұл мәселені облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев облыс әкімдігі деңгейінде көтеріп, бір шешімін табады деп сенеміз.

Бар мәселені бүкпесіз айтқан жөн

Негізі Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Еркебұлан Абасовтың жастарға қатысты мәселерде ашықтығы ұнады. Олай дейтініміз, біз ауданда болған күндерімізді ол барды бардай, жоқты жоқтай көрсетті. Мәселен, ауданда  діни ахуал тұрақты болғанымен, жастар орталығында білікті теолог маман тапшы екен. Жыл басында бір маман теолог ретінде қызметке қабылданғанымен оның діни сауаттылығы төмен екенін орталық директоры ашып айтуда.

img_6123

-Ауданға арнайы теолог маманды қанша шақырсақта келмей отыр. Оған себеп, айлық жалақының төмендігі. Десе де, біз өз тарапымыздан діни ахуалды тұрақтандыру бағытында  тиісті  жұмыстар  жасаудамыз. Бір қуанарлығы осы таңға дейін жүргізілген зерделеу жұмыстары елді мекенде бірде-бір теріс немесе күмәнді діни ағымға  мүше жастардың жоқтығын анықтады. Сондай-ақ, Мойынқұмға келіп үгіт насихат жүргізген немесе кітапша таратқан  діни адамдар тіркелген жоқ. Мешіттерде  де жастардың діни танымы дұрыс жолда келеді. Сондықтан дәл қазір аудандағы діни ахуал қалыпты, әрі тұрақты  деп айтуға толық негіз бар, – дейді жастар орталығының директоры.

Тағы да бір айта кететіні, ауданда жас отбасылардың неке бұзу фактілері жиілеп кеткен екен. Бұны да жастар орталығының басшысы  күрделі мәселе етіп көтеруде.  Мәселен, өткен жылы аудан көлемінде 60 жас неке қидырса, соның 23-і некесін бұзған. Ал, биылғы жылдың 9 айында 46 жас некеге тұрса, соның тең жартысы ажырасып кеткен.

Әрине, бұл алаңдайтын жағдай. Өйткен жастардың неке бұзуы демографиялық жағдайға да әсер етпей қоймайтыны анық. Сондықтан бұны аудан мамандары зерделеп, жастар арасында үгіт насихат жұмыстарын жүргізгені абзал.

Аудандағы тағы бір алаңдайтын мәселе – жастардың әскери борышын өтеуден қашу фактілері  болып тұр. Атап айтсақ, өткен жылы 146 жас әскер қатарына шақырылса, соның 46-ы ғана өз борышын өтеген. Ал, биыл шақырылған 247-і жастың, тек 41-і ғана әскерге баруға құлық танытқан. Жастар орталығының директорының айтуынша, бұл мәселені қазір олар саралап, жіті бақылауда ұстап отыр екен. Және құзырлы органдармен тиісті шараларды қолға алыпты.

Жылына 400 жас жұмыспен қамтылуда

Жастарды жұмыспен қамту деңгейіне келсек, атқарылған жұмыс көңіл көншітеді. Мәселен, өткен жылы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне  309  жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, соның 269-ы тұрақты жұмысқа орналасап, 47-і қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал, биылғы жылы 398 жас құзырлы мекемеден жұмыс сұрай келсе,  оның 307і тұрақты жұмысқа, 65-і  қоғамдық жұмысқа және 94 жас жастар тәжірибесіне жолданған.  Жастар практикасымен іс-тәжірибеден өткен жастардың 19-ы бүгінде жолданған мекемесінде тұрақты жұмыс жасауда.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының барлық функцияларын  орындап, жемісін толықтай көріп отырған аудан ретінде мойынқұмдық жастарды ерекше атап өтуге болады. Олай дейтініміз, мемлекеттік бағдарлама жүзеге асқан жеті жылдың ішінде елді мекенге 355 маман келсе, биыл олардың қатары тағы 77 маманға толыққан. Оның 51-і білім саласында еңбек етіп жатса, 24 жас денсаулық және 2 жас маман ветеринария саласынан қызмет орнын тапқан.  Келген мамандар бөлінген 11 432 190 теңгеден толықтай  көтерме жәрдемақысын алса,  25 маман баспанамен қамтылған. Және аудандық жастар орталығының директорының сөзіне сүйенсек, баспана алуға берілген қаржы үйдің нарықтағы бағасымен сай келген екен.

«Жасыл Ел» еңбек жасақтарының да жұмысы ауданда соңғы жылдары дұрыс жолға қойылып келеді. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы 10 жас 1 айлық тал егу жұмыстарына жұмылдырылса, биыл 14 жасты маусымдық жұмыспен қамту үшін 659,0 мың теңге игерілген.

Тағы бір айта кетерлігі, жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарға елді мекендегі өндіріс орындары да көп септігін тигізуде. Мәселен, «Ақбақай» алтын өндіру комбинатында, «Мыңарал цемент» зауытында, «Хантау кен өндіру» фабрикасында жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің дені жастар. Міне, осы жастар тобында жастар ресурстық орталығы тізімге алып, олардың айлық жалақысының тұрақты төленуі мен жұмыс орнының  қысқармауын  жіті бақылауда ұстап отыр.

Ауданда тентек жастар мүлде тіркелмеген

Жастар қылмысы мен құқық бұзушылығында да үрке қарайтын сандар жоқ. Өткен жылы  заң бұзушылыққа жол берген  небәрі 4 жас тіркелсе, биыл жастар қылмысы мүлде орын алмаған. Дегенмен, орталық мамандары ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, «Ұрлық түбі-қорлық», «Өз құқығыңды біл» атты түсіндірме жұмыстары  мен түнгі рейдттерді үздіксіз жүргізуде.

Негізі аудан жастарының бос уақыттары елді мекенде барынша тиімді өткізілуде. Мәселен, аудандағы «Жас ұлан», «Жас қыран» үйірмелерінде 73 мектеп оқушысы тәрбиеленіп жатса, аула клубында 864 бала түрлі үйірмелерге қатысуда. Бұдан бөлек, «Мойынқұм тынысы» қоғамдық бірлестігі құрылып, жастармен жүйелі жұмыс жүргізуге өз үлесін қосуда. Міне, осындай  қоғамдық бірлестік құрылып, аула клубтарының есігі айқара ашылып  жатқанда жастар қылмысының тіркелмеуі заңды құбылыс деп бағалауға болады.

Тілші түйіні

Жалпы Мойынқұм аудандық  жастар  ресурстық орталығының жұмысымен танысу барысында біз тек  бағдарлы бастамалар мен алға қойылған мақсатты жұмыстарды аңғардық. Жыл ішінде  жастар орталықтары img_2207108 іс-шара өткізгенімен, мамандардың дені мезі болған жиындардан гөрі жастарға бағдар берер бастамаларға көңіл бөлгені анық  байқалды. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының директоры Еркебұлан Абасов,  «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты қызметтерін қатар атқарып отырғандықтан,өзінің бар құзыретін жастар үшін  аямаған,сөзден іске көшкен басшы екенін көрдік. Сондықтан мойынқұмдық  жастардың алар асуы әлі алда деп білеміз. Және жоғарыда айтылған  бірқатар мәселер өз шешімін тапса, Жаз-Ата ауылының жастары өзге  орталықтар арасында көш бастайтынына   сенімдіміз.

Саятхан Сатылғанов

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған