Жамбылдықтар «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болады  

Елімізде шілде айынан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Бердияр Құттыбаевтың айтуынша, аталған бағдарламаға тек қана 3 категория бойынша әлеуметтік аз қамтылған, яғни 4 және одан да көп баласы бар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған және толық емес отбасылар қатыса алады, – деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

Ол үшін осы санатқа жататын тұрғындар міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша әкімдікте кезекке тұруы керек. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – олардың 5 жылдан бері атында баспана болмағандығын растайтын анықтама және «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болу. Бұрын осы қаржы ұйымының салышысы болмағандар құжат тапсырар сәттен бастап аталған банктен дербес шот ашуы тиіс екен. Пәтердің құны кез келген сомада болуы мүмкін, алайда банк Жамбыл облысының тұрғындары үшін тек 10 миллион теңгеге дейін несие береді. Несие 19 жылға 2 пайздық мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын ғана құрайды. Тұрғын үйді үй алғысы келген азаматтар өздері таңдайды. Олар бірінші нарықтан да, қайталама нарықтан да немесе жеке тұрғын үй де сатып ала алады. Азаматтар пәтерді облыстың кез келген аумағынан таңдауына құқылы. Бір ескерер жайт, алатын үйі саман кірпіштен салынған болса оның уақыты 25 жылдан, ал бөренеден (шпал) салынған үйдің уақыты 30 жылдан аспауы керек. Тағы бір маңызды мәселе салымшылардың төлем қабілеті тексеріледі. Ол соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары бойынша анықталады. Үміткердің отбасының табысы жан басына шаққанда 42 мың 500 теңгеден асып кетсе, оған пәтер берілмейді. Егер аталған отбасылардың төлем қабілеті жоқ болса, оларға міндетті түрде табысы бар екі адам гарант бола алады.

Бүгінде облыс бойынша 30 мың 40 көпбалалы отбасы бар екен. Тараз қаласы бойынша жалпы тұрғын үй кезегінде тұрған 17 мың 862 азаматтың 1542-сі осы көпбалалы отбасы санатындағылар. Ал мүмкіндігі шектеулі баласы бар және толық емес отбасы бойынша 8 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегіне тіркеліпті. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің кезек тізімін тіркеу маманы Дилия Сокжанова шаһар тұрғындарының ішінде аталған бағдарлама бойынша үй алу үшін 600 отбасы өтінім жасап, соның ішінде шілде айының соңына дейін 400 адамға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалына жолдама берілгенін айтады. Жалпы, тұрғын үй кезегіне тіркелмеген азаматтарға жолдама берілмейді. Ал мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін өтінім берген азаматтар айына бір мәрте өтетін арнайы комиссияның шешімінен кейін барып қана тұрғын үй кезегіне тіркеледі.

Негізінен, республика бойынша бұл бағдарламаға 50 миллиард теңге қаржы бөлінгеніпті. Соның ішінде біздің облысқа тиесілісі 3 миллиард теңге ғана. Сондықтан облысқа бөлінген 3 миллиард теңге 500 отбасының есебінен-ақ игерілетінін ескерген қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі жолдаманы тек осы 500 отбасыға ғана беруді жоспарлаған екен. Оның үстіне аталған бағдарлама бойынша «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы құжат рәсімдеуді 31 шілде күні тоқтатқан. Десе де, бұл бағдарлама үш жыл бойы жүзеге асырылатындықтан, тұрғын үйден үміт үзбеу керек.

 

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған