Жамбыл полицейлерінің арасында алауыздық жоқ

Орайы келген сұхбат

Биыл Қазақстан  полициясына 25 жыл. Осы жылдар ішінде жанкешті  ішкі істер  қызметкерлерінің  арқасында атқарылған жұмыстар аз емес. Оған қоса, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде құрылған  Жергілікті полиция қызметінің де жұмысы жүйеленіп, салаға серпін әкелді. Осы орайда, Жамбыл облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Бақытжан Бейсеевпен  кездесіп,  жаңа құрылымның жаңалықтарын білген едік.     

– Бақытжан Халилұлы, биыл облыстық Жергілікті полиция қызметінің жұмысына кіріскеніне бір жылдан асып отыр. Осы уақыт ішінде  құзырлы мекеме өзіне жүктелген міндет пен  сенім үдесінен шыға  алды ма?

– Иә, дәл қазір Жергілікті полиция қызметі өзінің 1 жыл 6 айлық есебіне келіп отыр. Жаңа құрылым құрылғаннан бері облыста  қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді. Мәселен, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда  қылмыс 19,4 пайызға азайған. Оның ішінде ауыр қылмыстар –  21,7, аса ауыр емес қылмыстар – 14,6 және ұсақ қылмыстар – 36,5  пайызға кеміген. Сондай-ақ, жасөспірімдер қылмысы -17,8 және топтасқан қылмыстар – 19,9 пайыздық төмендеу көрсетіп тұр.

Бұдан бөлек, мар ұрлығы  – 26,7 пайызға азайып, қылмыстардың ашылуы жоғарылай түсті. Тағы бір айта кетерлігі, биыл жол көлік оқиғаларынан қаза тапқан адамдар саны  – 18,3 пайызға кеміді.  Бұл көрсеткіштерге біз «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Назар салыңыз балалар!», «Ұрлыққа жол жоқ», «Отбасы және мектеп», «Жасөспірім» сынды әртүрлі шаралардың арқасында қол жеткіздік. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлерді жұмылдырудың  нәтижесінде көпқабатты үйлердің аулаларына бейнебақылаулар орнатып, нәтер ұрлықтарының да жолы кесілуде. Бір сөзбен айтқанда,  қазір жергілікті полиция қызметі өз жұмысына  барынша қырағылық  танытып, сенім үдесінен шығып отыр.

– Құрылымның штаттық бірлігі қандай? Шалғай аудандарда маман тапшылығы байқалмай ма? Және қызметкерлерді қажетті құрал-жабдықтармен, техникамен қамту қай деңгейде жүргізілуде?

– Бүгінде облыста барлығы 1281 Жергілікті полиция қызметінің мамандары жұмыс жасауда. Бұл өңір үшін аз. Өйткені бекітілген талап бойынша қалада бір аумақтық полицейге  1000 адамнан, ал аудандарда 300 тұрғыннан келуі қажет. Бірақ, Қордай сынды үлкен аудандарда 1 учаскелік полицей 5000 халықпен жұмыс жасауда. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл 37 аумаққтық   полицейге қосымша штаттық бірлік қарап отырмыз. Сондай-ақ, жол потрульдік полицей мен мектеп инспекторларының да  жұмысын жақсарту үшін, оларға да штат қосып беру көзделуде. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың басты жаңалығы  – құрылымдағы  сержант шеніндегі қызметкерлердің 95 пайызын  офицерлік құрамға  өткізу  жоспарлануда. Бұл мамандардың табысын өсіріп  ғана қоймай, жұмысқа қосымша қарқын әкелетіні  анық.

Ал материалдық базаға келсек, былтыр облыс әкімінің тікелей қолдауымен  70 жаңа көлік сатып алынды. Және 200 қызметкер видеорегистратормен қамтылды. Бұдан бөлек, бір потрульдік полиция көлігіне және әр учаскелік полицейге электрошокерден берілді. Ескере кетерлігі, бұл электрошокерлер қызметкерлерге табельдік тапаншамен қоса  беріліп отыр. Осылайша мамандарымызға  қылмыстың деңгейіне және орын алған жағдайға  қарай, қару қолдануға мүмкіндік жасалуда.

Енді биыл облыстық бюджеттен тағы 40 жаңа көлікке алуға қаржы қаралады деп күтілуде. Егер осы  мәселе шешімін тапса, жағдайымыз тағы жақсара түседі.

-Жергілікті полиция қызметі құрылғаннан кейін заң органдары арасында түсінбеушіліктер туындап жатқаны туралы әңгімелер желдей есіп кетті . Тіпті, сала мамандары арасында бірін-бірі  менсінбеушілік бар деген дүниелерде айтылды. Осы қаншалықты шындыққа жанасады?

-Өз басым мұндай әңгімелер өзге  өңірлерде  орын алып  жатыр деп естігенмін. Ал Жамбыл облысында тәртіп сақшыларының татуылығы берік. Бәріміз бір үйдің баласындай, жұмыла жұмыс жасап жатырмыз. Осы таңға дейін, «мына жұмыс сенікі, әлде менікі» деп бөлінген емеспіз. Бір терінің пұшпағын илеп отырғаннан кейін,  қандай мәселені болмасын кеңесе отырып шешкенді жөн санаймыз. Бұдан бөлек, бастамаларымызға үкіметтік емес ұйымдарды да  көптеп тартып, ашықтық принціпін  ұстанып отырмыз. Сондықтан  ішкі істер қызметкерлері арасында алауыздық бар деу дәйекті  емес.

Қоғамда қызу талқыға түскен мәселердің бірі – жол сақшыларының жезлдерінің алынып тасталуы болды. Осы жол полициясына қатысты алда қандай өзгерістер күтіп тұр?     

-Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап министрліктің шешімімен жол полициясының барлығы жол потрульдік полициясына өзгертілді. Яғни, енді  бұл саланың қызметкерлері көліктерді жол бойында тұрып тоқтата алмайды. Тек, орталық  диспетчерден түскен хабарлама бойынша немесе кезекшілік бақылау кезінде заң бұзушылықты  анықтаған сәтте ғана тоқтатуға құқылы. Оның өзі қызметтік көлікпен жүрген кезінде ғана бұл құқықты пайдалана алады.

Жақын арада күтіліп тұрған өзгерістерге келсек, 1 айдың көлемінде жол полиция қызметкерлері  толықтай арнайы жекет және қолғаптармен қамтылатын болады. Бұл қызметтік киімдердің ерекшелігі – қолғаптар бағдаршам секілді бірнеше түсті көрсете алады. Бұның тиімді тұсы – көлік қозғалысын реттеуде айрықша рөл атқарады. Және түнде түрлі-түске еніп тұрған жекеттегі  жол сақшысын жүргізушілер бірдей байқайтын болады. Әзірге, бұл қызметтік киімдерді дайындаумен 3 жеке фирма  айналысып жатыр. Солардың қайсысының нұсқасы дұрыс болады соны таңдап аламыз.

Тағы бір айта кетерлігі, жол потрульдік полиция  көліктері қазір арнайы компьтірлермен жабдықталуда. Аталмыш құрылғының көмегімен көліктің іздеуде екенін немес айыппұлы барын орталықпен  хабарласпай-ақ, бірден анықтауға болады. Осылайша бұл құрлымның да жұмысы барынша оңтайлануда.

-Бүгінде қылмыстарды ашуда  бейнебақылаулардың атқарып жатқан рөлі орасан екені жасырын емес. Десе де, жүргізушілердің дені осы бейнебақылаулардың кейбір кездегі жүйесіз жұмыстары мен жол жиегіне орнатылған жол белгілерінің ретсіздігіне реніштерін айтып жатады. Мұндай олқылықтардың орнын толтыру  үшін  алдағы уақытта қандай  шаралар қолға алынбақ?

-Бейнебақылаулар мен бейнебекітулердің жұмысын реттеу үшін қазір үш кезеңнен тұратын ІТ логистік бағдарламаны қолға алып жатырмыз. Оның бірінші кезеңінде қалаішілік жол бойындағы камералар  бір жүйеге келтірілетін болады. Ал екінші кезеңде бейнебақылауларды адам көп шоғырланатын жерлерге орнату көзделуде. Одан кейін, үлкен тасжол бойын да бақылауға алып, арнайы камералар қою жоспарлануда. Міне, осы тірліктер  ретімен тіктелгенде, бейнебақылауларға қатысты кемшіліктер өз шешімін табады.

Ал жол белгілеріне қатысты дүниелер біздің жуапкершілігімізден алынып,  бүгінде  облыстық әкімшілік полициясының құзыретіне  берілді. Қазір жол белгілерімен сондағы мамандар айналысып отыр.

-Алда қандай жоспарлы жұмыстар күтіп тұр? Сала мамандары биыл  қай бағытқа басымдық бермек?

-Қазір бәрімізді алаңдатып отырғаны жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық болып тұр. Жеткіншектерді қылмысқа итермелейтін фактілерден алшақтату үшін түнгі рейдтер сынды түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, бәріміз осы бағытқа жұмылып жатырмыз. Одан бөлек, өңір  тұрғындарының теріс ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін облыс көлемінде ауқымды жобалар жандануда. Мешіттерден бастап, әртүрлі дін өкілдері жиналатын орындарға дейін жіті бақылауға алынуда. Сонымен қатар, ұялы телефондардың ұрлығын азайту үшін биылдан бастап барлық операторларға арнайы бұғаттау режимін енгізбекпіз. Яғни, енді азаматтар  дүкеннен сатып алған телефондарын өздері ғана қолдана алатын болады. Ұрланған жағдайда телефон бірден блокка түседі. Оны тіпті бөлшектеп сату да мүмкін емес. Осындай заманауи жүйе қазір министрлік тарапынан қолдау тауып, іске қосылғалы тұр.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір «көршінің бақылауы» бағдарламасы облыста баяу жүруде. Тұрғындардың белсенділігі өте төмен. Міне, осыған халық көңіл бөліп, ұсақ-түйек заң бұзушылықтарды болсын бізге хабарласа жұмысымызға көп көмек болар еді. Осыған өңір тұрғындарын шақырамын.

-Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Саятхан Сатылғанов

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған