Жаназаға қатысты қосымша сұрақ-жауаптар

Сұрақ: Исламда мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою бар ма?
Жауап: Мәйіт жатқан бөлмеге шырақ жағып қою дұрыс емес.

Сұрақ: Өлген кісінің жаназасы шығарылғанға дейін түнде, қасында бірнеше адам таңға дейін ұйықтамай күзетіп отыру дұрыс па? 
Жауап: Жоқ. Оны шариғатымыз бұйырмаған.

Сұрақ: Мәйітті жууға неше адам түседі және мәйітті қандай йіс сумен жууға болады? Кебінге қалампыр үгітіп салу шарт па?

Жауап: Мәйітті жууда шариғат бойынша жуушылардың саны шарт емес. Шамасы келсе бір кісінің де жууына болады. Алайда көмекшілердің болғаны жақсырақ. Сондай-ақ сүйекке құда-жекжат, туыстарынан түсемін деушілер болса, оған шариғат қарсы емес. 

Шариғат бойынша мәйітті жуу – парыз. Мәйіт иіс май қосылмаған таза сумен жуылса да парыз орындалған болып саналады. Бірақ мәйітті үшінші рет жуғанда суға иіс май қосу – мустахаб. Ал қалампыр немесе басқа нәрселер кебінге қоса оралмайды. 

Сұрақ: Егер мәйіт қос жынысты, яғни хунса болса, оны кімдер жууға тиіс? Ерлер ме, әйелдер ме? 

Жауап: Балағат жасына жеткен әйелдік және еркектік жынысы бар (хунса мушкил) адамды әйелдер де еркектер де жумайды. Жабылған күйде тәйәммүм алдырылады. Кебіндері ықтиаттық тұрғысынан әйелдердікі секілді бес қабат болғаны жөн. Үш қабат болған жағдайда да жарамды. 

Сұрақ: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен, әлде аяғымен шығару керек пе?

Жауап: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен яки аяғымен шығару керек деген шариғаттың талабы жоқ. Мәйітті үйдің ыңғайына қарай басымен яки аяғымен де шығара беруге болады.

Сұрақ: Сүннеттелмеген мұсылманның жерлеу рәсімі өзге мұсылмандарды жерлегенмен өзгеше бола ма?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Табыттағы мәйітті көлікке салғанша жерге үш рет қою және үстіне шай, нан тағамдарын қойып, басынан айналдыру қажет пе? (дұрыс па?)
Жауап: Бұлар дінде жоқ, адамдар тарапынан ойдан шығарылған амалдар.

Сұрақ: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен, әлде аяғымен шығару керек пе?

Жауап: Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң үйден басымен яки аяғымен шығару керек деген шариғаттың талабы жоқ. Мәйітті үйдің ыңғайына қарай басымен яки аяғымен де шығара беруге болады.

Сұрақ: Кейбір жерлерде жаназа намазы сейсенбі күніне келіп қалса, намазды түс ауа оқу әдетке айналған. Бұған шариғатта негіз барма ?

Жауап: Негіз жоқ.

Сұрақ: Өмірінде намаз оқымаған адамның жаназасы шығарыла ма?

Жауап: Ол мұсылман болса жаназасы оқылады.

Сұрақ: Шошқа баққан немесе оның етін сатқан адамдар өлсе, оған жаназа намазы оқыла ма?

Жауап: Доңыз етін сатқан, оны баққан кісі де шариғат бойынша күнаһар. Бірақ ол діннен шықпайды. Сол себепті ондай кісі дүниеден өткенде жаназасы оқылады.

Сұрақ: Өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығып қайтыс болған мұсылманға жаназа намазы шығарыла ма?

Жауап: Өзін мұсылман санайтын әйелдің өзге дін өкілдеріне тұрмысқа шығуы харам. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Мүшірік әйелдерге иман келтіргенге дейін үйленбеңдер. Сендерге ұнаса да азат мүшірік әйелден мүмин күң артық. Және иман келтіргенге дейін мүшірік ерге мүмин әйелдерді де тұрмысқа шығармаңдар…»,- деген. («Бақара» сүресі, 221- аят)

Өзге дін өкіліне мұсылман қыздың тұрмысқа шығуы – үлкен күнә. Алайда, ондай әйел егер өзге дінді қабылдамай өз дінінде қалған болса, яғни мұсылман боп жан тәсілім етсе, жаназасы шығарылады.

Сұрақ: Мәйітті жуғанда қолданылған медициналық қолғаптар мен алжапқыш (фартук) т.б. заттарды не істеу қажет?

Жауап: Медициналық қолғаптарды қоқысқа тастау қажет. Алжапқышты тазартып жуғаннан кейін қайта қолданса болады. 

Сұрақ: Мәйітке жаназа қай уақытта оқылады?

Жауап: Жаназа намазы мәкрүһ уақыттан басқа кез келген уақытта – күндіз болсын, түн болсын оқыла береді. Мәкрүһ уақыт деп күн шығып немесе батып бара жатқан және күн тас төбеде тұрған кездер айтылады.

Сұрақ: Мәйітті жерлеуді асықтыру және бұл рәсімді жедел атқару туралы дәлел бар ма? 

Жауап: Имам Алау ад-Дин Касани әл-Ханафи (р.а.) өзінің «Бәдәиъус-Санаиъ» атты кітабында: Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.): «Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса жақсылығына жылдам жеткізіңдер, ал жаман кісі болса тозақ иелері бізден алыс болсын»,- деген хадисіне байланысты мәйітті жерлеуді асықтыру мұстахаб, яғни жақсы амал,-деген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асықтыруды мустахаб еткен. 

Мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке, мәйітті құрметтеуге қайшы әрекет. Қаншалықты кешіктірсе сонша оның қадір-қасиетін қашырады. 

Сұрақ: Өзін өзі өлтірудің діндегі орны не? Жаназасы оқыла ма?
Жауап: Адам баласының өз-өзіне қол жұмсауы адамдық тұрғыдан да, дін тұрғысынан да үлкен қате. Өйткені, жан – Аллаһтың адам баласына берген ең қасиетті аманаты. Өз өмірін қию – сол аманатқа жасалған қиянат. Сонымен қатар ол үлкен күнә жасағандығы үшін тозақта азап тартады Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадистерінде өзіне қол жұмсаған адамның үлкен күнәға бататынын, тозақта азап шегетіндігін айтқан. 

Өзіне қол жұмсау бұрынғы үмметке де тыйым салынған. Жундуб ибн Абдуллаһ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Сіздерден бұрынғы үмметтер арасында жараланған бір адам ауруына шыдай алмай қолын пышақпен кесіп, қан тоқтамай қансырап өлді. Сонда Аллаһ тағала «Құлым мен берген жанымды қолдан алды. Мен оған жұмақты харам еттім»» деген хадисін риуаят еткен.

Өз-өзін пышақтап өлтірген адамның жаназасын Пайғамбарымыздың оқымағандығы айтылады. Алайда сахабалар бұл адамның жаназасын оқыған 

Имам Ағзам мен имам Мұхаммед және өзге де ғұламалардың көпшілігі өз-өзін өлтірген адамның жаназасы оқылады деп фәтуа берген. Расында өзіне өзі қол жұмсауға діни, рухани өресі төмен адамдар яки психологиялық ауру немесе жындар ықпалымен де барып жатады. Өзіне қол жұмсаған кісі ауыр күнәға батқанымен, діннен шықпағандықтан, жаназасы шығарылады. Алайда, күнәнің ауырлығын білдіру, әрі басқаларға сабақ болу мақсатында жаназаны мүфти, дін ғалымдары, бас имамдар емес, жаназа шарттарын білетін басқа кісілердің шығарғаны жөн. 

Сұрақ: Қарызы бар кісінің жаназасы шығарыла ма?
Жауап: Қарызы бар кісінің жаназасы оқылады. Ал қарызы артында қалған мүлкінен беріледі. 

Сұрақ: Егер де мәйіт жаназа намазы оқылмай жерленген болса не істеу керек?
Жауап: Марқұмның жерленгеніне көп уақыт өтпеген болса, онда қабір басында тұрып жаназа намазын оқу қажет. Бұл ретте жаназа намазы қабір алдында құбылаға қарап оқылады.

Сұрақ: Жаназа оқылғаннан кейін митинг жасау дұрыс па?
Жауап: Дұрыс емес. Өйткені жаназа намазының өзі діни, шариғи іс-шара болып есептеледі. 

Сұрақ: Кейбір кісілер мәйітке жаназа намазы оқылып болысымен, мәйітке конфет, тиын шашады. Қабірге жерлеген соң қабірдің бас жағына ыдысқа су құйып қояды және айналасына күріш шашады. Осындай істердің шариғатта негізі бар ма?

Жауап: Мұндай істер шариғатымызда жоқ қате амалдар. 

Сұрақ: Мәйіттің бас жағынан бауырсақ салынған ыдысты айналдырып, үйге алып қалу дұрыс па?
Жауап: Ешқандай пайдасы жоқ, шариғатқа қайшы амал бұл. 

Сұрақ: Мұсылмандарды кремация (өртеу) арқылы жерлеуге бола ма?
Жауап: Кремация, яғни, мәйітті өртеу – исламда харам.

Сұрақ: Мәйітті қабірге қоярда аяғымен кіргізу керек пе, жоқ әлде басымен кіргізу керек пе?

Жауап: Мәйітті қабірге қоюдағы шариғаттың талабы – оң жағына жантайтып, жүзін қыбылаға қаратып қою. Ал қабірге басымен яки аяғымен кіргізу мәселесі, қабір ыңғайына қарай атқарылады.

Сұрақ: Мәйітті қабірге жайғастырғанда мәйіттің бетін ашып тастау керек пе?

Жауап: Мәйіт бетінің ашылмағаны жөн.

Сұрақ: Мәйіттің колы немесе аяғы протез болса, протезді немесе не істеу керек? 

Жауап: Протезді алмалы тісті шешіп тастау қажет. Ол мәйітпен бірге көмілмейді. Өйткені оның ағзасы емес.

Сұрақ:Зиратқа құлыптас орнату дұрыс па?

Жауап: Қабір басына құлыптасты белгі ретінде суретсіз, мүсінсіз орнатуға болады.

Сұрақ: Қабір басына салынатын құрылыс нысанын бір жүйеге түсіруге бола ма? Яғни, орнатылатын көк тастың көлемі белгіленсе және марқұмның бейнесін қашап естелік орнатылуына тыйым салынса дұрыс болар еді.

Жауап: Ханафи мазһабының ғұламалары мәйіт жерленген орынды қиындықсыз табу үшін, қабір басына белгі қойып, аты-жөнін жазуға рұқсат берген. Алайда зәулім тас, қажетсіз қоршау, үлкен сәнді күмбездер орнату, қашап сурет салу және т.б. осы сияқты амалдар ысырап әрі бәсекелестік болғандықтан шариғатымыз тыйым салған. 

Сұрақ: Жол апатынан қаза болғандарға арнап жол бойына белгітас қою шариғатта бар ма?

Жауап: Апат болған жерде белгітас қою шариғатта жоқ. Марқұм үшін ондай белгі қойғаннан гөрі оның атынан сауап үшін садақа беруге болады.

Сұрақ: Қабірстан басына гүл шоқтарын (венок) қоюға дініміз рұқсат ете ме?

Жауап: Қабірстан басына венок және гүл шоқтарын қоюға шариғатымыз тиым салған. Сондықтан оларды сатып алған қаражат мискин-жетімдердерге садақа етіп берілсе сауап болады.

Сұрақ: Зиратты жөндеуге бола ма?

Жауап: Болады, тек қазуға болмайды.

Сұрақ

А) Біреулер марқұмның киімін үлестіргенде жаңа киім талап етеді.

Ә) Мәйіттің мал-мүлкін бөліске салады.

Жауап: Марқұмның киімі, қаржысы яғни барлық мал-мүлкі оның дүниесі саналады. Сондықтан ең әуелі артында қалған мал-мүлкі марқұмды кебіндеуге, жерлеуге, қарызы болса өтеуге жұмсалады. Одан артылған жағдайда өсиет етілген адам болса, соған беріледі. Өсиет етілген мөлшер қалған мал-күлкінің үште бірінен аспауы шарт. Ал одан қалған мүлкі шариғат бойынша мұрагер саналатын жақындарына дінде көрсетілген есеп бойынша бөлініп беріледі. Марқұмның киім-кешектерінен тәбәрік ретінде таныстарына немесе садақа ретінде мұқтаж адамдарға беруге болады. Жаңа киім сатып алып тарату, яки, таратылуын талап ету дұрыс емес.

Сұрақ: Жыртыс жырту, киім үлестіруге бола ма?
Жауап: Біріншіден, бұл амалдарды дініміз жүктеген, міндетті түрде істелуі тиіс “парыз” амалы деп түсінбеген жөн. Бұларды жасамаған жағдайды ешкім күнәһар болмайды. Екіншіден, ешкім кәдесіне жаратып, пайдасына асыра алмайтын бір жапырақ жыртыс таратқаннан гөрі, сол жыртысқа кететін қаржыны жетім-жесір, жоқ-жітіктерге таратқан әлдеқайда сауапты. Үшіншіден қайтыс болған кісінің киімін ертеректе “тәбәрік” ниетімен елге тарататын. Ал бүгінде бұл әдет жағымсыз әдетке ойысқан сияқты. Кейбіреулер кісінің күнделікті киімін емес, керісінше дүкеннен жаңадан сатылып алынған жаңа киімді таратуды шариғат қағидасы секілді талап етіп жатады. Тіпті базбіреулер “ұят болмасын” деген түсінікпен қарызданып, қымбат киім алып, аяғы бұл іс өзгелермен бәсеке, бақталастыққа да ұласып жатады. Сондықтан мұндай амалды атқармаған жөн.

Сұрақ: Кейбіреулер жерлеу рәсімі біткен соң мәйітке жабылған кілемді үйіне алып кетеді. Осы дұрыс па?
Жауап: Мәйітке жабылған кілем де мәйіт иелерінің мүлкі саналады. Сондықтан мәйіт иесі мүлікті қаласа садақа ретінде, әйтпесе, өздеріне алуы немесе мешітке беруіне болады.

Сұрақ: Құранды бастан-аяқ хатым етіп, сауабын өліге бағыштауға бола ма?
Жауап: Болады. Құранды бастан-аяқ хатым етіп, сауабын өліге бағыштау сауапты амалға жатқандықтан шариғатымызда рұқсат етілген.

Сұрақ: Кейбіреулер мәйітке Құран оқығаны үшін ақша талап етеді. Сол дұрыс па?

Жауап: Шариғат бойынша Құран оқығаны үшін ақша талап етуге болмайды.

Сұрақ: Кейбір жерлерде бейіттің әр бұрышына арнап «төртқұлақ» деп орамал таратылып, төрт адамға Құран оқытылады. Құран оқу ұзақ уақытқа созылады. Осындай амал шариғатқа сай ма?
Жауап: Шариғатымызда бейіттің әрбұрышына арнап «төртқұлақ» деп орамал таратып, төрт адамға Құран оқыту жоқ, бірақ Құран оқытып, сауабын өліге бағыштау бар. Қабір басында Құранды бір адам оқыса да жеткілікті. Ауа-райының ыстық-суықтығын, әрі бейіт басына барған кейбір адамдардың қарт, науқас және асығыс екендіктерін ескеріп, қабір басында бірнеше адамның ұзыннан-ұзақ Құран оқымағаны жөн. Құранды кейіннен толықтай хатым етіп, сауабын бағыштауға да болады.

Сұрақ: Қайтқан кісіге әр жұмада Құран оқыту үшін ас дайындап, молда шақыру қажет пе?

Жауап: Бұл нәпіл садақа түріне жататын амал. Яғни, істесеңіз сауабы өліге жетсе деп үміт етіледі. Бірақ жасалмаған жағдайда күнә емес. Сондай-ақ, Құран оқыту үшін міндетті түрде ас дайындап, дастархан жаю да шарт емес. Дастархан жаймай-ақ, кез-келген уақытта өзіңіз білген аятты оқып, сауабын марқұмға бағыштай беруге болады. Ал егер көп кісі шақырсаңыз, жұртқа діни уағыз-насихат, ғибратты әңгімелер айтылуы үшін имам, молдаларды, шақырған жөн. 

Сұрақ: Мәйітке арнап жетісін, қырқын, елу екілігін және жылын беру шариғатта бар ма?

Жауап: Ас беру шариғатымыздың міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін хадистерден және кейбір Құран аяттарынан байқаймыз. Сондықтан, жетісі, қырқы, жылы деп нақты күндерді санап жатпай-ақ, кез келген күні сауабын қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да туған-туыс, жора-жолдастарын жинап ас беруге де шариғат қарсы емес.

Жетісі, қырқы және жылы шариғатта белгіленбегендіктен оны тек рәміздік атау ретінде ғана орындаса болады. Сондай-ақ, «жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, ал елу екінші күні еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан ас беріп, дұға жасау керек екен» деген таяз түсініктердің исламда ешбір негізі жоқ.

Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Ас ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс. 

Сұрақ: Қайтқан кісінің 5, 10, 15, 20 жылдығы деген атпен ас беруге бола ма?

Жауап: Жағдайы бар адамға қайтқан кісінің артынан құдайы ас беру шариғатта тиым салынбаған. Бірақ, сол үшін қарызданып, несие алып өзіне қиындық тудыру дұрыс емес. Ол ысырапкершілікке жатады.

Сұрақ: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сою да талап етіліп жатады. Осы дұрыс па?

Жауап: Марқұмның жетісі, қырқы, жылына сиыр немесе жылқы сой деп талап ету – харам. Оны бәске айналдыру дұрыс емес. Садақаны әркімнің шамасына қарай беруіне болады.

Сұрақ: Кісі қайтыс болған үйде немесе мейрамханаларда ас беруге шариғат қалай қарайды?

Жауап: Қаза болған үй иесінің мәйіт жерленгеннен кейін қоғамдық дәмханаларда ас беруіне болады. Бірақ, ас беру әрбір мұсылманға міндет болмағандықтан, ас беруім керек деп қолындағы аз дүниесін шашуға немесе шаш етектен қарыздануға болмайды. Әркім ол істі шама-шарқына атқаруы тиіс.

Сондай-ақ, ас – кісі жерленгеннен кейін ғана беріледі. Алыстан келген көңіл айтушыларға көрші, ағайындары тамақ әзірлеп берсе болады. Алайда кейбір жерлерде кісі жерленбей жатып, көпшілікті, жергілікті тұрғындарды шақырып қонақасы беріп жатады. Бұл дұрыс емес. 

Сұрақ: Ас беру кезінде жарыса сөз сөйлеген дұрыс па?
Жауап: Ас үстінде ғибратты әңгімелер мен уағыздар айтылып, жұртты имандылыққа шақырылғаны дұрыс. 

Сұрақ: Кісі қайтыс болған үйде сол жылы құрбан айттан бір күн бұрын шек шалу дұрыс па? 

Жауап: Сауабын өліге бағыштап кез келген уақытта құрбан шалуға болады. Бұл жайлы пайғамбарымыздың екі қошқардың біреуін өзі үшін, ал екіншісін үмметі үшін шалғандығы сахих хадистерде риуаят етілген.

Кейбір адамдар құрбан айтта өз атынан құрбан шалу уәжіп бола тұра, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалумен шектеліп жатады. Бұл дұрыс емес. Яғни, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан айтта мал шалғысы келген кісі, егер, өз атынан құрбан шалу міндеттелген жан болса, (қарызы жоқ және негізгі қажеттілігінен тыс 85 гр алтын яки құнына тең қаражаты бар адам) онда өз атынан да құрбан шалуы шарт. Ал егер екі құрбан шалуға шамасы жетпесе, онда тек өз атынан шалады. Бұл құрбан айтта құрбан шалу уәжіп болған жандарға тиесілі үкім. Ал шариғатта құрбан шалуға міндеттелмеген жандар (негізгі қажеттілігінен тыс 85 гр алтын яки құнына тең қаражаты жоқ жандар) өздерінің атынан немесе қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалуларына рұқсат. Тағы бір ескеретін жайт, сауабы қайтыс болған кісіге бағышталып шалынатын құнбанның құрбан айтқа бір күн қалғанда шалынуы шарт емес. Құрбан айт күндері шалынатын малдар өте көп болғандықтан, нәпіл құрбандарды бір күн бұрын шалып, етін мұқтаж жандарға тарата беру кейбір жерлерде үрдіске айналған. Алайда, нәпіл құрбандарды құрбан айт күндерінде де, басқа уақыттарда да шала беруге болады. 

Пәтуа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының күллі облыстардағы өкіл имамдарының қатысуымен ҚМДБ төралқасында талқыланып бекітілген. Барлық жерде орындалуы міндетті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған