Жастармен жұмыстың көбі есеп беру үшін өткізіледі

Ақтөбе облысындағы арнаулы және жоғары оқу орындарының ректорлары мен директорлары өңір басшысы Б.Сапарбаевқа студенттермен жүргізілетін жұмыс жөнінде баяндады. Оларды мұқмият тыңдаған өңір басшысы: «Білім мен ғылым жолындағы жұмыстың көбі мардымсыз. Оқу орындары диплом берумен ғана шектеліп отыр. Ал жас мамандар нарық сұранысына сай емес мамандықты таңдауын әлі тоқтатар емес. Сұраныс болған күннің өзінде түлектердің біліктілігі талапқа сай болмай жатады. Жастар білімі жағынан өз құрдастарынан, замандастарынан кем болмауы керек. Олар өз Отанын сүйіп, тарихты білуге міндетті. Отан үшін еңбек етуі тиіс. Жоғары оқу орындарының міндеті — білім сапасын арттырып, жастарға заман талабына сай білім беру. Бірақ біздегі жоғары оқу орындары үздіктер қатарында жоқ. Білім және ғылыми министрлігі жоғары оқу орындары арасында рейтинг жасаған кезде Ақтөбеден ешбір жоғары оқу орны ол тізімге ілікпеді. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті де үздіктер қатарында жоқ. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы төмен. Медициналық университет түлектері ғана 90-95 пайыз жұмысқа орналасады, өзгесі 70 пайыздан аспайды. Жұмыс берушілер, кәсіпорындар біздің түлектерді алмайды, себебі — білім сапасы нашар»,— деп, жмиынға қатысушыларды мәнсіз, пайдасыз басқосудан арылуды тапсырды.

Әрі қарай: «Жастар арасында өткізіліп жатқан іс-шаралар өте аз. Көбі министрлік, әкімдік алдында есеп беру үшін өткізіледі. Әсіресе, мәдениет, өнер, спорт саласына қатысты шаралар сын көтермейді. Бұрын жоғары, арнаулы оқу орындары арасында түрлі жарыс болатын. Оған көп қаржы керек емес. Мұндай шара жастардың басын біріктіреді, тәжірибе алмасады. Жастар таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 9-ға дейін іс-шарамен айналысу керек. Сол кезде жастар арасында өз-өзіне қол жұмсау, нашақорлыққа, ішімдікке бару, тәртіп бұзу, қылмыс жасау болмайды. Мәліметтерге қарасақ, күніне кем дегенде екі адам өз-өзіне қол жұмсайды. Көбі жастар, студенттер. Қылмыс жасайтын да жастар мен студенттер. Қазір Ақтөбеде жоғары оқу орындарының студенттері ғана емес, басшылары да бір-бірімен араласпайды. Тәжірибе алмасу жоқ, бір-бірімен байланыс орнатылмаған. «Біздегі жоғары, арнаулы оқу орындары арасында байланыс жоқ. Бір-бірімен қатыспайды. Бір ректор екінші ректормен қолының ұшымен амандасады. Олар егер бір-бірімен араласса, бірінің жасап жүрген жұмысын бірі көрсе, бәрі басқаша болар еді. Абай атамыз «үйрен де жирен» дейді. Адам өмір бойы үйренуден шаршамауы керек. Бұл өмір. Бәрін білемін деп айта алмайсың»,— деді өңір басшысы Б.Сапарбаев. Ақтөбеде 6 жоғары оқу орны бар. Сонымен қатар, 40-дан астам арнаулы оқу орны білім береді. Ақтөбе облысында 260 мыңнан астам жас тұрса, оның әрбір бесіншісі оқу орындарында білім алады. Яғни, өңірде 50 мыңнан астам студент бар. Жастар саясатын жүргізу үшін биыл бюджеттен  54 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде 15-28 жас аралығындағы жұмыссыз жастар саны 700-ден асты.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған