«Жасыл экономика» тіршілік көздерін үнемдейді және тиімділікті арттырады

Өткен аптада «Жасыл экономика моделіне өту бойынша Қазақстанды қолдау» атты жобасы аясында Ақмола облысының Аршалы ауданында қолданысқа енген су үнемдейтін технологиялармен танысып қайтқан болатынбыз. Еуропалық Одақ пен БҰҰ Даму Бағдарламасы және БҰҰ-ның Еуропа экономикалық комиссиясының аталмыш жобасын Қазақстан 2013 жылдың мамыр айынан бастап қолға алған еді. Мамандардың айтуынша, 2016-2017 жылдары еліміздің 8 облысында жасыл экономиканы қолдаудың алғашқы нәтижелері көрініс бере бастайды.

Атай кетсек, олардың ішінде коммуналды шаруашылық, ауылшаруашылық, су секторында жанамалы энергетиканы қолдану сынды жалпы адамзатқа пайдалы жобалар бар. Тіпті, алдағы жылы Елордада өтетін «ЭКСПО — 2017» көрмесінің негізгі тақырыбының «Жасыл экономика» екенін бұған дейін айтқанбыз. Ал тамшылатып суару, гидрогель және агроталшық жөнінде бұрын естіп пе едіңіз? Көпшілікке гидрогель мен агроталшықтың таңсық ұғым екені рас. Сондықтан болар, мамандар аталмыш технологияларды көптеген бағбандарымыз алғашында дұрыс түсіне алмады деп отыр. Аршалы ауданының ауылдық округтерінде қарапайым тұрғындардың да қолы жеткен жасыл технологиялар жөнінде көріп-білгенімізді оқырман назарына «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global дамыту коалициясының» атқарушы директоры Асхат Сүлейменовпен болған сұхбат арқылы жеткізуді жөн көріп отырмыз.

5G7A3803

— Асхат мырза, әңгімемізді осы жобаның алғаш қолға алынған сәтінен бастасақ…

— «Жасыл технологиялар» білім тарату орталығы былтырғы жылдың 4 қыркүйегінен бастап өз жұмысын бастады. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мен ЕуроОдақтың бірлескен жоба грантын жеңіп алып, бүгінде бұл орталықтың жылыжайлары өзің көргендей 20 технологиямен жұмыс істеп отыр. Мәселен, көмірдің 5G7A3739көмегімен перолиздік жылыту пештері, күн коллекторлары арқылы жүзеге асатын «жылы еден» және инфрақызыл жылыту лампаларын тиімді пайдаланып отырмыз. Дәлірек айтқанда, аталмыш технологиялар қысы-жазы жылыжайдың жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп жатыр. Соның ішінде инфрақызыл жылыту лампаларына ерекше тоқталғым келеді. Бұл лампалар электр қуатын қажет ететіндіктен, түнде пайдаланамыз. Ал электр энергиясының шығыны қазіргі кезде 3 түрлі тарифпен төленсе, түнгі уақыттың аз төлем циклына дөп келуі инфрақызыл шамдарды пайдалануымызға көмегін тигізіп отыр деп зор сеніммен айта аламын. Жіктей берсек, технологиялардың қызметі бір-бірінен асып түседі. Бір сөзбен айтқанда, жасыл экономиканы қолдау жобасының соңғы жылдары қарқын алуына септігін тигізіп, осындай технологияларды насихаттап отырған бірден-бір мекеме осы орталық десем, қателеспеймін. Өйткені ғаламдық проблемаға айналған антропогендік факторлардың әсерін азайтуға, табиғатты, экологияны қорғап, қолдағы барымызды үнемдеп пайдалануға тек қана жобаны бастаған мамандардың күші жетпейді. Бұл орайда негізгі салмақ халыққа түсіп отыр. Яғни бір адам болса да жасыл экономиканы қолдау дегенді толық түсініп, қарапайым ғана мысал, күнделікті пайдаланып отырған ауызсуын үнемдеп пайдалануды үйренсе, бұл зор жетістік болар еді. Ал тіршілік көзін ең көп шығындайтын ауылдық жерлер, әсіресе егінмен айналысушы тұрғындар екенін ескеріп, жоба аясында сыналған жоғарыда айтылғаннан өзге үш технологияны пайдалануды халыққа үйретуді бастап кеттік.

5G7A3806

— Нәтижесі де жаман емес секілді. Біз көзбен көрген екі бағбанның да бақшасынан жасыл экономиканың көрінісіне куә болдық…

— Дұрыс айтасың. Аршалы аудандық әкімдігінің көмегімен Арнасай, Қойгелді ауылдарында жалпы саны 60 шаңырақ біз ұсынған тамшылатып суару технологиясы, гидрогель және агроталшықтың кемінде біреуін пайдаланып отыр. Үш технология да тұрғындардың суды үнемдеп, экологиялық таза өнім алуына жәрдемін тигізеді.

5G7A3782

— Аталған технологиялардың пайдасын нақты мысалдармен жеткізсеңіз, бәлкім, тұтынушылардың да саны көбейіп қалар.

— Тамшылатып суару технологиясы әдеттегі суғаруға қарағанда тіршілік көзін 70 пайызға дейін үнемдейтіні дәлелденді. Оның үстіне бақшадағы көкөністердің ылғалдылығы бір деңгейде сақталады. Ал өсімдікті гидрогельмен бірге отырғызып жіберсеңіз, құрғақшылық, жауын-шашынның аз кезінде де бақшаңыздың жайқалып жатқанын байқайсыз. Себебі гидрогель өзінің бойына ылғалды сіңіріп, ұзақ уақытқа ұстап тұра алады. Нәтижесінде ылғал аз кезеңде де көкөністердің өсе беруіне көмегін тигізеді. Агроталшыққа келер болсақ, бұл технологияның қара түсі арам шөптің зиянынан қорғайды, олардың өсуіне, қаптап кетуіне жол бермейді. Екіншісі, ақ түсті агроталшық өсімдікті қатты суықтан және күннің ыстығынан қорғайды. Бүгінгі таңда осындай технологияларды бақшасына кіргізген тұрғындар алғашқы жемістерін жеп, тіпті, кейбірі қаладағы сауда орындарына жөнелтіп жатыр. Әрине, алдымен біз өзіміздің нитратты өлшейтін құрылғыларымызбен олардың өнімін тексеріп аламыз. Дегенмен, олардың бақшасында өсіп жатқан өнімдердің экологиялық таза екеніне кепілдік беремін.

                          5G7A3757  5G7A3751

— Бағасы қолжетімді ме? Орта есеппен тұрғындар осы технологияларды қаншадан тұтынып жатыр?

— Орта есеппен бір тұрғынның бақшасын 6 сотық деп алсақ, оған арналған тамшылатып суару технологиясы 30-35 мың теңгедей болып қалады. Әдеттегіден бір айға ерте өнім алып отырған бағбандарымыз технологияға кеткен шығынды бір маусымда-ақ қайтарып, кейін толықтай пайдаға өте алады.

5G7A3814

— Жылыжайларыңыздың да өнімі жаман емес сияқты…

— Дәл жылыжайы оқу, іс-тәжірибе мақсатында тұрғандықтан, климаты оқушылардың, студенттердің, қызығушылық танытқан қонақтардың келуіне байланысты өзгеріп тұр. Әйтпесе, нағыз өнім алатын жылыжайда кіріп-шығып жүре беру мүмкін де емес. Ал басқаларындағы өнімдерге келсек, күнделікті пайдаланатын, аса қажетті дәрумендерге бай көкөністің бірнеше түрі өсіріледі. Сондай-ақ, қазақ халқының ас үйінен сирек орын алатын аскөктің 10 түрі біздің жертөледегі фитодиодты жылыжайымызда өз өнімін беріп жатыр. Қазірдің өзінде орталық жылыжайының бір шаршы метрінен 30-40 келіге дейін қияр алған жайымыз бар. Өнімдер түгелдей Вячеславка орта мектебінің оқушыларына жөнелтіледі. Тағы бір айта кететіні, аталған мектептің де жанында екі бірдей үлкен және студенттің жобасы ретінде құрылған кішігірім пирамидалық жылыжай бар. Осы төртеуінен шыққан өнімді оқушылардың күнделікті ас мәзірінен табуға болады.

5G7A3789

— Жылыжайларыңызда цитрусты жемістерді өсіруге мүмкіндік бар ма? Әйтпесе, елімізде тропикалық мемлекеттерден келетін апельсин, лимондардың бағасы аспандап тұр ғой.

— Жақында Оңтүстік Қазақстандағы бір бауырымыздың жылыжайынан лимонның өсіп тұрғанын көрдік. Шығыс Қазақстанда да лимон өсіру тәжірибесі қалыптасқан. Биыл жылыжайымызда бір-екі түп лимон терегін отырғызу ойда бар. Жоспарымыз жүзеге асып, нәтижесі жақсы болса, алдағы уақытта бұл бастаманы ілгері алып кетеміз деп ойлаймын.

— Жылыжайдағы жылы сұхбатыңызға мың алғыс! Еңбегіңізге жеміс тілеймін!

Әңгімелескен — Ермұрат Шопан,

Суреттерді түсірген — Бауыржан Жуасбаев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған