Жаңартылған білім жүйесіне мұғалімдеріміз дайын емес

Асқарбек Құсайынов, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар Академиясының президенті:

Орта білім сапасын көтерудің Кешендік бағдарламасы жасалуы керек. Онда барлық жүйе құраушылардың сапасын көтеру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу жолдары, яғни қандай жұмыстарды қандай мекемелердің қалай, қашан атқаруы керектігі толық көрсетілуі тиіс. Осындай бағдарлама негізінде жұмыс жүргізілген жағдайда білім сапасы жаңа деңгейге көтерілетін болады.

Қазіргі уақытта жаңартылған білім алу мазмұнына өту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен оқу жылында 1-ші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнымен оқытылды, ал биылғы 2017-2018 оқу жылында 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып оқушылары жаңартылған білім мазмұнымен оқытылатын болады. Осы 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарда оқитын оқушыларға сапалы білім беру үшін, бұл сыныптарға қатысты барлық жүйе құраушылары сапалы жұмыс жасауы керек, сонда ғана оқушылар жақсы білім алатын болады.

Біз, қазірдің өзінде, осы сыныптарға қатысты жүйе құраушылардың көпшілігінің сапасы өз деңгейінде емес екенін байқап отырмыз. Мысалы, дайындалған білім стандарттары мен оқу бағдарламаларына қатысты БАҚ-да көптеген сыни мақалалар жазылып, кемшіліктері нақты дәлелдермен анық айтылып жатыр. Әсіресе білім мазмұнының күрделілігі өте көп айтылуда, бұл шындық.

Білімде сапа болуы үшін жаңартылған білім мазмұнымен оқытылатын әр сыныпта осы мазмұнмен сабақ беру үшін арнайы дайындықтан өткен мұғалімдер жұмыс жасаулары керек. Бұл жұмыс та тиянақты атқарылды деп айту қиын. Себебі,    жаңа білім мазмұнының ескі білім мазмұнынан айырмашылығы өте үлкен.

Бұрынғы білім беру мазмұны «білім, білік, дағды» парадигмасына негізделсе, енді «нәтижеге бағдарланған, балалардың құзыреттіліктерін қалыптастыруға негізделген» білім беру парадигмасы негізінде білім берілуі керек.

Қазіргі уақытта мектептерде еңбек етіп жүрген мұғалімдеріміз мұндай тәсілмен сабақ беруге дайын емес. Түсініктірек болу үшін бірер мысал келтірейік. Химия пәні барлық мектептерде 5 жыл бойы оқытылады. Енді соншама жыл мектепте оқыған химия пәнінен алған білімімізді күнделікті өмір тіршілігімізде қаншалықты пайдаланып жүргенімізді ойластырып көрейікші… Басқа пәндер бойынша да осы сұраққа жауап беру қиын.

Беретін жауаптарымыз өзімізді қанағаттандырады деп айта алмаймыз.  Себебі, біз нәтижеге бағдарланған білім алмадық. Сонда «нәтижеге бағдарланған білім деген не, мектепте алған білімін әр адам өзінің келешек тұрмыс-тіршілігінде пайдалана алуы үшін ол білім қалай берілуі керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Осы сұрақты тағы да Химия пәні арқылы қарастырайық.

Біз барлық дәмдердің химиялық құрамы бар екенін білеміз. Химия пәнін оқытқан уақытта жылқы, сиыр, қой, шошқа және құс еттерінің химиялық формулаларын жазып, солардың бір-бірінен ерекшеліктерін, олардың құрамына кіретін химиялық элементтердің қасиеттерін түсіндіретін болса, бұл балалардың есінде ұзақ уақытқа сақталып, олардың өміріне қажетті білім болар еді. Бұған қосымша осы еттердің құрамындағы элементтердің адам денсаулығына пайдасы айтылса, ол білім олардың жеке бастарына керекті болғандықтан, олар оны ынталана оқитын еді.

Осылай жеміс-жидектер, басқа да көптеген дүниелер өмірге қажеттілік тұрғысынан оқытылса, онда барлық балалар химия пәнін қызыға оқып және бұл пәннен мектепте алған білімдерін алдағы өмірлерінде пайдаланатын еді.

Бұдан барлық химия сабақтары тек осылай оқытылуы керек деген қорытынды шығаруға болмайды, мұны берілетін білімді өмірдегі жағдаяттарға қатысты оқытудың бір жолы деп қана қарастыру керек.

Мектепте оқытылатын барлық пәндердің әр тарау, әр бөлімін мұқият зерделеп, баланы ерекше ынталандыратын осындай бір жолдарын табу керек. Біз 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарда сабақ беретін барлық мұғалімдерді алдағы оқу жылында осылай білім беруге қажетті дайындықтан өткізе алдық па? Жоқ, өткізе алмадық. Демек, бұл ұстаздар нәтижеге бағдарланған білім бере алды деп айту қиындау.

Біз мектепте балаларға еш қажет емес артық дүниелер беріп, жүйкелерін бостан-босқа жұқартып, оларды ғылымнан бездіріп жатқан секілдіміз. Оқулықтар да қажетсіз материалдармен ауырлап кеткен.

Осы ойымды бір ғана мысалмен дәлелдеп көрейін.

Мектепте балалар әр пәннен күніне, кем дегенде, 3 бет сабақ оқиды. Күніне 4-5 сабақ болса, олар бір күнде 12-15 бет, аптасына, 5 күнде — 60-75, айына 240-300 бет сабақ оқитын болады. Ал бір оқу жылында қанша бет сабақ оқитынын өзіңіз есептей беріңіз. Бір аптада, бір айда, жылды айтпағанда, оқыған осынша бет дүние баланың есінде қала ма, әлде олар 1 жұмалық, 1 айлық немесе 1 тоқсан ғана есте болатын, содан кейін ұмытылып кететін дүниелер ме? Өкінішке орай, қазіргі уақытта мектепте оқушыларға оқытылатын дүниелердің көпшілігі тез ұмытылатын, есте қалмайтын және олар оны алдағы өмірлерінде, тұрмыс-тіршілігінде пайдалана алмайтын дүниелер болып тұр.

Әрине, тек бір ғана сыныпта оқушыларға сапалы білім беру үшін, яғни оның барлық жүйе құраушыларының сапасын көтеру үшін, көптеген ғылыми мекемелер мен орталықтар, жоғары оқу орындары, колледждер, мектеп ұжымдары, ғалымдар мен ұстаздар, оқу әдебиеті авторлары мен баспалар бірлесе отырып, алдын ала үлкен дайындық жұмыстарын жүргізулері керек. Сонда ғана осы сыныпта сапалы білім берілетін болады.

Шындығында 1 жылда 3 сыныпты жаңартылған білім мазмұнымен оқыту үшін қыруар іс атқарылуы керек. Және бұл жұмыстар сапалы әрі жүйелі түрде атқарылған жағдайда ғана білімде сапа болады. Өкінішке қарай, қажетті дайындық жұмыстары сапалы деңгейде атқарылмай отыр. Барлық құраушылардың сапасын көтеруде көптеген кемшіліктерге жол берілуде.

Биылғы оқу жылында 2-ші, 5-ші және 7-ші сыныптарды жаңартылған білім мазмұнымен оқыту Қазақстан Республикасындағы Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген. 2018-2019 оқу жылында 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып оқушыларын жаңартылған білім мазмұнымен оқыту жоспарланған.

Біз бір оқу жылда 3 сыныпты бірдей жаңартылған білім мазмұнымен оқытуға көшіру барысында орын алған барлық қиындықтарды, дайындық жұмыстарының сапалы атқарылмай отырғанының объективті және субъективті себептерін ашық айтып, Үкіметке, осы бағдарламаның жаңартылған мазмұнмен оқыту кестесі берілген бабына өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс жасау керек деп ойлаймыз. 2018-2019 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнымен тек қана 3-ші сынып оқушыларын оқыту керек. Бұл уақытта тиімсіз жұмсалып жатқан миллиардтаған теңге қаражат үнемделіп, білім беру сапасын ғылыми негізде тиянақты түрде көтеруге болады. Басты мақсат та осы ғой.

Елбасы    Н.Ә.Назарбаев Қазақстан 2050 жылға дейін әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елі қатарына енуі тиіс деген болатын. Ал осы 30 елдің қатарына қосылу үшін білім беру сапасы да алдыңғы 30 елдің білім беру сапалары деңгейіне көтерілуі керек. Біз дамыған 30 ел мен орта білім беру сапасы озық дамыған 30 елді салыстырып көрдік. Орта білім сапасы озық дамыған 30 елдің 90 пайызына жуығы дамыған 30 елдің қатарынан орын алған. Бұл ел экономикасын дамытуда орта білім сапасының маңыздылығын тағы да дәлелдей түседі.

Білім сапасын құраушылардың ішінде тіл туралы ештеңе де айтылмаған. Неге? Себебі, тіл — оқу құралы. Әр елде өз оқу құралы, яғни ол елдің балалары еркін сөйлейтін өз тілі бар, сол тіл ол елдің оқу тілі, яғни оқу құралы ретінде пайдаланылады. Сіз Германияға барып, балаларыңыз физика пәнін жақсы білім алуы үшін оларға физика пәнін ағылшын тілінде оқыту керек десеңіз, олар сізге не айтар еді?..

Біз екі нәрсені шатастырмауымыз керек: бірі — ғылымды меңгеру; екіншісі — шет тілін үйрену. Бұлар орта мектеп деңгейінде бір-біріне мүлдем қосылмайтын дүниелер. Мектептің басты мақсаты — онда оқытылатын пәндерден балаларға жақсы, іргелі білім беру. Ол білімді жақсы меңгерген бала мектеп көлемінде шет тілінің негізін де жақсы меңгерген болса, онда ол алдағы өмірінде екеуін өзі-ақ жалғастырып, физика, химия, тарих, әдебиет, тіпті тіл және басқа ғылымдардың бірін терең меңгеру жолына еркін түсе алады. Сондықтан шет тілі балаға мектеп аясында берілетін ғылымдар негізін меңгеру үшін емес, келешекте сол ғылымдардың бірін таңдағанда бәсекеге қабілетті жақсы маман болуы үшін керек.

Миллиардтаған қаражат жұмсап, ешқандай нәтиже бермейтін курс ұйымдастырғанша, сол қаражатқа ЖОО ағылшын тілі бөлімдерін ашу керек.

 

Айнара Ашан,

«Қазақ әдебиеті» газетінен

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған