Жаңаөзеннің жазылмайтын жарасы

 

Жаңаөзенім жатыр менің қансырап.
Жан дүниемді намыс оты қамшылап.
Жазықсызды қырып салған алаңда,
Жандайшапқа қоятұғын бар сұрақ.

Жеті ай бойы алдап келді албасты.
Жеп отырған қара нанға жармасты.
Желтоқсанның жаңғырығы жасындай,
Жарқ етті де Жаңаөзенде жалғасты.

Желмаядай жетсек тағы нарыққа.
Жүйе бірақ келмей қойды қалыпқа.
Жегіштердің қорғаймын деп байлығын,
Жетесіздер оқ жаудырды халыққа.

Жүре бердік айтқан сөзге алданып.
Жөйіттерге жетпіс жылға жалданып.
Жастарымды қырған кезде нақақтан,
Жеті қабат аспан тұрды таң қалып.

Жасауылдар мылтық көздеп шеп құрып.
Жараланды жас жүректер кек тұрып.
Жексұрындар орындады бұйрықты,
Жосадай ғып қызыл қанға бөктіріп.

Желкөтендібастық қылдық ұлықтап.
Жамандықты жеңе алмадық құрықтап.
Жасқанбайды билік неге халықтан,
Жауқазындай ұл-қыздарын қырып сап.

Жылап жатыр жоқтау айтып анасы.
Жібермейді жылағанның наласы.
Жерден Мәді, көктен Ғайса түссе де,
Жазылмайды Жаңаөзеннің жарасы.

Жамандықты құлақ естіп, көз көрді.
Жаутаңдамай тік жүретін кез келді.
Жеңгетайдай жүз құбылған әкімің,
Жезөкшедей ақша көрсе өзгерді.

Жаратқаннан халал болсын ырысың.
Жаяу қалсаң, ширақ болсын жүрісің.
Жата қалып табан жалап күн көрген,
Жантықтардың көрген күні құрысын.

img_2029-02_0

Жағымпаздар жүлде алса жарысып.
Жендеттермен жастар жатыр алысып.
Жағаласып жерді бермей баскаға,
Жағасында қолың қалды қарысып.

Жігерлерің құм болмасын езіліп.
Жанашырлар мүлгімесін көз іліп.
Жерін сатты, елін сатты бақырға,
Жатырынан қағынғандар безініп.

Жеке жүріп, түстік әуре-сарсаңға.
Жауласады арыз жазып барсаң да.
Жайсаңдары Жаңаөзеннің мыңқ етпес,
Жон арқадан таспа тіліп алсаң да.

Жас баланы жалған айтып алдама.
Жолдас болмас қыран бүркіт қарғаға.
Жүген ноқта кимей кеткен тарланбоз,
Жүз жылда да жегілмейді арбаға.

Жақсылықтан заман кетсе татырмай.
Жебең қалар қорамсақта атылмай.
Жетпіс жылдық саясаттың салмағы,
Жеңе алмапты жастарымды япырмай.

Жағымпаздан жарғақ басты құл туар.
Жеңіс үшін батыр керек біртуар.
Жеткіншегің Исатайдай болғанда,
Жалаң қолмен жау алатын күн туар.

©Советқазы Нұрсила

One thought on “Жаңаөзеннің жазылмайтын жарасы

  • 15.12.2016 at 20:19
    Permalink

    Мынау ғұмырымда талай-талай өлеңдер оқыдым. Шынымды айтсам дәл осындай, құлын дауысын шығартып қыл бұрау салғандай, шырылдаған шындықты суреттеп жазған өлеңді сізден оқып отырмын! Қандай керемет жазғансыз! Алла сізге разы болып ұзақ ғұмыр берсін!

    Reply

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған