Жаңа бағдарлама ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін өте тиімді

ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасының жұмыс жасау жүйесін түсіндіру мақсатында жиын өткізді. Бұл жиынға Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан фермерлер, кәсіпкерлер қатысты.

Жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік бағдарламалардың ауыл шаруашылығын дамытуға тигізіп жатқан көмегі туралы айтты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жерді тиімді пайдалану бағытында жұмыстар істелуде. Суармалы жерлерді ұлғайту — басты міндеттердің бірі. Таяу уақытта облыста бұл бағытта 50 мың гектарға жеткізу көзделуде. Сондай-ақ су қоймаларының мүмкіндіктерін ауыл шаруашылығында тиімді пайдалану бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Түпкі нәтижеде мал өнімдерін молайтуды көздейтін 43 кооператив құрылды. Облыста өткен тоғыз ай ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі қаржыға шаққанда 132,4 миллиард теңге құрап отыр.

Аймақта жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу, кәсіпкерлікті дамыту және ауылдарда жұмыссыздықты болдырмау мақсатында «Ауылдағы жұмыспен қамту» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жоба аясында мал сатып алу, ауыл шаруашылығы өнімдерін бастапқы өңдеу үшін 3 миллионнан 6 миллион теңгеге дейін шағын несиелендіру жұмыстары жүреді. Жұмыс орындарын құруға, жеке шаруашылық негізінде отбасылық бизнесті дамытуға бағытталған жобалар «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы ілгері басуда. Қазіргі уақытта жоба мүмкіндіктерін 550-дей ауыл тұрғындары пайдаланып отыр. өңірде ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлері кеңінен қанат жаюда. Ешкі, қоян, бөдене өсіретін, бал дайындайтын шағын фермалар құрылуда. Сонымен қатар, Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарымен аймақаралық кооперацияларды дамыту шаралары қолға алынып жатыр. Аграрлық саладағы басқа да ауқымды жұмыстарға қысқаша шолу жасаған облыс басшысы мемлекеттік бағдарлама тұжырымдамасын қолдайтынын білдірді.

— Бұл бағдарламада көзделген мақсаттарды жүзеге асыру барысында біздің алдымызда алты міндет белгіленді, — деді жиында сөз алған Асқар Мырзахметов,— нақты айтар болсақ, бұл мал шаруашылығының тиімділігін 58 пайызға, өсімдік шаруашылығын 40 пайызға көтеру, ауқымды ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді барынша тиімді әрі қолжетімді мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз ету, 600 мың гектардан астам суармалы жерді қолданысқа енгізу және агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеуді жетілдіру.

Вице-премьердің айтуынша, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытудың мемлекеттік бағдарламасында егістік алқаптарын әртараптандыру бағыты алдағы кезде де берік ұсталынатын болады. Ол елімізде бидай алқаптарын жалпы біраз мөлшерде қысқару көзделіп отырғанын айтты. Мұның басты себебі — астықтың мөлшерден тыс артық өндірілуі. Бұл ретте сұраныстың ескерілуі қажеттілігі алға тартылды.  Босаған жерлерге арпа, сұлы, майлы, жемдік жүгері, басқа да өнімділігі жоғары дақылдар егілмекші. Ауыл шаруашылығында өнімділікті жоғарылату мақсатында мейлінші сапалы тұқымдарды пайдалану, сондай-ақ тыңайтқыштарды енгізу үшін мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігі айтылды.

Мал шаруашылығы саласында мал азығымен қамтамасыз етуге ерекше мән беріледі. Осыған байланысты азықтық дақылдардың егілу алаңдары ұлғайтылып, құрама жемді өндіру және тұтыну барысында ынталандыру шаралары қарастырылады, сонымен бірге жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілмекші. Мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асылтұқымды малдың үлес салмағын көтеру бағытында нақты шаралар жүзеге асырылады.

— Қазіргі уақытта мал шаруашылығында субсидия берудің 33 бағыты бар, — деді Асқар Мырзахметов, — 2015 жылы ғана осы ауқымда 69 миллиард теңге бөлінді. 2017-2021 жылдарға агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында 34,5 миллиард теңге тұратын субсидияның 6 түрі қайта қаралады. Бүгінгі күні ірі қара, қой етін, сүт өндіру бойынша субсидия алушылар ірі шаруашылықтар болып табылады. Алдағы бағдарламада ауыл шаруашылығы кооперативтерінің де үлесі қаралмақшы. Осы ретте субсидия алушылардың санын 2,5 есеге ұлғайту көзделуде. Етті бағыттағы асылтұқымды баспақтардың жеткілікті болуына байланысты импорттық етті бағыттағы асылтұқымды ірі қара әкелуге бөлінетін субсидиялар қысқартылады. Қаржы өнімдерді субсидиялауға бағытталады. Тағы бір бағыт бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтеріне өткізілген құрама жемді субсидиялау жүзеге аспақшы.

Министр түсіндірме жұмыстарын жүргізу барысында науқаншылдыққа салынуға болмайтынын да сездірді. Мәселен, ол осы жұмыстарды жүзеге асыру барысында ауылды үлкен фермаға айналдырып жібермеуіміз керек деген пікірін де білдірді.

Жиын барысында кеңеске қатысушылар бағдарлама жобасына қатысты пікірлер алмасып, өздерін толғандырған сауалдардың жауабын алды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған