Жаңа галерея ашылды (Фото)

Астанадағы «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығы жаңа галерея ашты. Бас қаланың мәдени өміріне өз үлесін қосып келе жатқан айтулы орталық пен Форте банктің қолдауымен ашылған жаңа өнер галереясы «Forte Bank Kulanshi Artspace» деп аталады. Ол Достық көшесінің бойынан биыл бой көтерген үлкен ғимараттың бірінші қабатына орналастырылды. Жаңадан тұсауы кесіліп жатқан бұл галереяда бұдан былай әлемнің маңдай алды суретшілерінің туындылары мезгіл сайын жұрт назарына ұсынылып тұрмақ.

Қазанның 21-де өткен ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатарлы басшылармен қоса Сәкен Сейфуллин мұражайының диреторы, мемлекеттің сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы бастаған қаламгерлер сондай-ақ бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты. Еліміздің экономика саласында айтарлықтай орны бар екінші деңгейлі банктердің бір Форте Банктің өнер саласына да көңіл бөліп отырғанын тілге тиек еткен Ермек Аманшаев мырза аталмыш жобаның өмірге келуіне атсалысқан «Құланшы» қазіргі заманғы өнер галереясы мен Форте Банк басшылығына алғыс айтты. «Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын үлгісі болып табылады. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде мемлекет басшысының күш-жігерінің арқасында Қазақстан озық мемлекеттердің қатарына қосылып, әлемдік аренада танымал болды. Өркениетті әлемдеқазақ жерінің байлығы мен қазақ халқының қонақжайлылығы туралы білмейтін ел жоқ. Біз өзімізді мәдениеті бай, шығармашылық әлеуеті зор мемлекет ретінде танытатын уақыт келді», — деді Ермек Аманшаев. Жаңадан ашылған галереяда Қазақстандық бейнелеу өнерінің «Мәңгілік мұра» атты көрмесі ашылды. Экспозицияда қазақ елімен қоса Өзбекстан, Қырғ ы з Р е с п у б л и к а с ы қатарлы көрші елдердің қыл қалам ш е б е р ле р і н і ң туындылары да жұрт назарына ұсынылып жатыр.

                                img_9469  img_9471

Павел Пантюхинның «Бақытты балалық шақ» (1987 жылы салынған, кенеп, майлы бояу), Закир Иногамовтың «Аспаз» (1960 жылы салынған, кенеп, майлы бояу), Салихитдин Айтбаевтың «Бақташының тынығу уақыты» (1985 жылы салынған, кенеп, майлы бояу) сондай-ақ атақты суретші Әбілхан Қастеевтың «Бірінші Түріксіб» (1969 жылы салынған, қағаз), «Талдықорған облысының совхозы» (1967 жылы салынған, қағаз) қатарлы суреттерімен қоса мүсіншілер Сембіғали Сымағұловтың «Хор қызы», (қола), Шоқан Төлештің «Манон» (қола), «Самғау» (қола) қатарлы үздік туындылары қойылды. Көрменің ашылуына келген зиялы қауым өкілдері бұл туындылардың әлемдік өнер саласында Орта азиялық бөлекше қолтаңбамен ерекшеленетіндігін айтты. Сонымен қатар қазақ елінің астанасында орналасқан «Құланшы» өнер ордасының келешекте әлемге әйгілі сурет галереясы болып танылатындығына сенімді екендіктерін білдірді. Ал Форте Банктың ғимаратындағы бұл көрме биылғы жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғаспақ.

                       img_9472  img_9476

Жаңа ашылып жатқан галереяға құтты болсын айта отырып, оқырман қауымға «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығы туралы түсінік бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Аталмыш орталық 2006 жылы Астана қаласында құрылған болатын. Қазіргі күнде «Бейбітшілік және келісім сарайының» алтыншы қабатына ораласқан. Бұл орталық қазіргі заман бейнелеу өнері төңірегінде көптеген бағыттарды насихаттау және дамыту бойынша жұмыс атқарып келе жатыр. Орталықтың көрме залдарында отандық өнерпаздар мен шетелдің әйгілі суретшілерінің туындыларының көрмелері өтіп тұрады. Алыс-жақын шетелдердегі танымал орталықтармен де байланыс орнатып үлгерген «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығы Дрезден Мемлекеттік Ұлтық Галереясы және Германиядағы Берлин Қазіргі заман өнер орталығы қатарлы танымал өнер ордаларымен қарым-қатынас жасап тұрады.

«Құланшы» оралығында осымен қатар баспа графикасы залдары да жұмыс істейді. Онда Пабло Пикассо, Сальвадор Дали және Марк Шагал литографияларының түпнұсқаларын тамашалауға болады. Бұл орталықта көрмелерін өткізген суретшілер өздері тікелей мастер-кластарын да өткізеді. Сурет әуескерлері осындай орайлы сәтте, танымал өнер иелерінің сурет салудағы шеберліктері мен әдіс-тәсілдерін өз көздерімен көріп, тәжірибе қабылдауына да мүмкіндік табады. «Құланшыда» бұнымен қоса ересектер мен балаларға арналған студиялар жұмыс істейді. Ондағы білікті мамандар өз шәкірттеріне сурет, көркемсурет және композиция туралы дәрістер оқылады. Орталықтың Академиялық бейнелеу өнері студиясы, Балалар креативін дамыту студиясы, Әртістік шеберлік студиясы, Фотоөнер студиясы, станокты кескіндеме, қыш-құмыра жасау өнері қатарлы бірнеше бөлімдер шәкірт тәрбиелеу ісімен де айналысып жатыр. осы орталықтың шеберлерінің қолынан шыққан өнер туындылары Астана көшелеріне көрік беріп тұрғанын да айта кеткен жөн. Қоғамдық көліктер аялдамалары мен өзгеде көрнеі орындардағы әйнек рамкаларға орнатылған көркем суреттер мен бірнеше жылдан бері көше бойларына орнатылып қала тұрғындарының жақсы бағасын алып жүрген тұлпарлар мүсіні осы орталықтың туындылары. Егемен елдің өнері мәдениеті саласына еңбек етіп келе жатқан бұл орталықтың жұмысы алдағы уақытта тіпті де өркендейді деген сенімдеміз.

Ерқазы Сейтқали

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған