Жаңа мектеп пайдалануға берілді

Жуырда Алматы облысы, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған бұл жаңа білім мекемесінің іске қосылуы нәтижесінде бұған дейін Д.Қонаев атындағы және № 49 орта мектептердегі үш ауысымда оқыту мәселесі шешімін тапты. Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтады. — Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қуаныштарыңыз құтты болсын! Бұл мектеп Елбасының тапсырмасымен үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Нұрлы» бағдарламасы аясында салынды. Келесі жылы үш ауысымда оқыту мәселесі толығымен шешімін табатын болады, — деді облыс әкімі А. Баталов өз сөзінде.

Аудан тұрғындары мен ата-аналар атынан Алматы облысының және Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы» Төленді Сарыбаев сөйлеп, жиналғандарға ізгі тілегін жеткізді. Мұнан соң мектептің құрылысын жүргізген «Артемида ЛТД» ЖШС директоры Салман Асланов жаңа мектептің директоры Камшат Қыстаубаеваға ғимараттың кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Жаңа білім ордасының табалдырығын аттаған оқушыларға Өмірбеков Жақыпбек ақсақал ақ батасын беріп, өскелең ұрпақтарға жарқын болашақ тіледі.

Жаңа мектептің жалпы көлемі — 9859,4 шаршы метр. Ғимараттың құрылыс жұмыстарына, құрал-жабдықтарына барлығы 1 476,1 млн. теңге, оның ішінде Ұлттық қордан — 1 330,0 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 146,1 млн. теңге бөлінген. Мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен қосымша тағы 34 млн. теңге қаражат қарастырылған. Қазір мұнда 60 ұстаз қызмет етеді. Бүгінгі күні мектеп 750 оқушымен толықтырылып, 30 сынып жиынтығы бекітілген. Мектепте әдеттегі оқу кабинеттерімен қатар жаңа модификациялық үлгідегі, атап айтқанда, лингафондымультимедиялық, информатика, химия, физика, биология, алғашқы әскери дайындық, технология және шеберхана кабинеттері толық жабдықталған. Сонымен қатар 150 орынға арналған асхана және 2 спорт залы, ғимараттың ІІ қабатында 18 оқушыға арналған оқырман залы, 13 компьютермен жабдықталған кітапхана, 296 орындық мәжіліс залы орналасқан. Мектеп ғимаратының сыртында 2752 шаршы метрді құрайтын жаңа үлгідегі жасанды газон төселген футбол, волейбол мен баскетбол ойындарына арналған алаң салынған. Мектеп ауласына ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы құрметіне 25 ақ терек отырғызылып, 17 шырша, 800 түп раушан гүлдерімен және де басқа ағаш түрлерімен абаттандырылды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған