Жаңа мешітке Аймағанбет қажы есімі берілді

Барша мұсылман қауым үшін ұлық мереке болған қасиетті Құрбан айт мейрамы Қостанай облысының жұртшылығы үшін қос үлкен қуанышқа ұласып жатыр. Көпшіліктің дұғасы қабыл болып, тілегі орындалып, аймақ орталығында зәулім де көрікті, сәні мен салтанаты жарасқан мешіт ашылды. Ғибадат үйіне халқымыздың аяулы перзенті, есімі күллі Тобыл-Торғай жұртшылығына мәлім, дін таратуға өмірін арнаған Аймағанбет қажы Спанұлының есімі берілгенін айрықша атап өту керек. Бұған дейін «Қазақстан-Заман» газетінде Аймағанбет молда жайында мақаланың жарық көргенін айта кету керек.

Құрылысы төрт жыл бұрын басталып, кейін аяқсыз қалған рухани нысан санаулы-ақ айлар ішінде еңсе түзеп шықты. Ғимарат аумағы – 4 мың шаршы метр, мұнарасының биіктігі – 40 метр, ал бас күмбездің биіктігі – 25 метр.

Нысан аумағына көркемдік-сәндік жұмыстар жүргізілген. Ауласына саябақ құрылысы да салын-ған.  Ғибадат мекені бұдан былай басты рухани орталыққа ғана айналып қоймай, шаһардың архитектуралық ажарын ашып тұрмақ. Қашықтан көз тартатын алты күмбезді алып мешіт бір мезетте 3 мыңнан астам адамды қабылдай алады. Төңірегіне жиылған мұқтарам жамағаттың қарасы қалың. Қуанышты ортақтасуға алыс-жақыннан келген ағайынды алғашқы болып облыс әкімі А.Мұхамбетов құттықтады.

_mg_3715

– Әуелі, баршаңызды мұсылманның ең ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – елдің бірлігін нығайтатын, қайырым мен қанағатты арттыратын күн. Елбасымыздың ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру мақсатын алға қоюы арқасында, бұл мейрам соңғы жылдары ресми деңгейде аталып келеді. Міне, бүгін осы мереке күні Қостанай қаласында бой көтеріп отырған ең үлкен жаңа мешіттің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Еңсесі биік жаңа ғимараттың бой көтеруіне атсалысқан барлық азаматтарға, кәсіпкерлерге, кәсіпорын басшыларына шынайы алғысымды білдіремін! Жаңа мешіт жастарға рухани тәрбие беретін, дәстүрлі дінімізді насихаттайтын орталыққа айналарына сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Бұл,  шынымен  де,  көппен  біткен сауапты іс. Айналдырған аз айда құрылыстың аяқталуына аты әйгілі “Соколов-Сарыбай кен өндірісі бірлестігі” акционерлік қоғамынан бастап, “Қарқын”, “Шолақсай”, “Қарасу”, “Москалев”, “Алтынсарино”, “Диевское” сынды көптеген ірі серіктестіктер, шаруа қожалықтары қаржы құйды. Облыстың қарапайым азаматтарының да қосқан үлесі өлшеу-сіз. Әр кірпішіне маңдай тері сіңген мердігер  компания – “Архи ДИЗАЙН” ЖШС еңбегін де өңір басшысы ерекше атап өтті.

_mg_3840

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары  діни  басқармасының  өкілі  Қамалжан Бексұлтанұлы да арнайы келіп қатысып, қостанайлықтарға құттықтауын жолдады. Сонымен бірге Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке жолдаған Алғыс хатын табыстады. Жаңа мешітке де басқарма атынан сый-сияпаттар берді.

Мешітке Аймағанбет қажы Спанұлының есімі беріліп отыр. Осы ретте Тобыл-Торғай даласына ислам дінін таратуға саналы ғұмырын арнаған  бұл қайраткер жайлы да жиылған жұртшылық құлағдар болды. Дін жолында қуғын көріп, мехнат шеккен молда турасында белгілі өлкетанушы ақсақал Ибрагим Ағытаев әңгімеледі.

–1928-1970 жылдар аралығында Торғай даласында қудалауға түсіп, жер аударылып, небір құқай көрсе де, Хақ жолында қайраткерлік танытып, КСРО жоғарғы кеңесі президиумынан Қостанайдағы мешіттерді қайтаруды сұрап, тепкісі қатты заманда тектілік танытқан – Аймағамбет қажы Спанұлы еді. Торғай-Қостанай даласында діннің таралуы үшін Бұқара, Алматы, Ташкент, Пермь, Уфа, Қазан, Троицк, т.б. қалалары дінбасыларымен үнемі үзбей байланыс жасап, олардан келген пәтуа-жаңалықтарды елге жайып отырған. Үкіметтен қолдау таппаған Аймағамбет қажы ақырғы демі үзілгенше өзінің мұсылман қарындастары үшін Намазхана салып берген. Бүгін, міне, ел-халқының қолдауымен дін қайраткерінің есімі ұлықталып, мешітке аты беріліп отыр. Осы қуанышты  сәтті  пайдаланып, аз уақытта алғырлығымен танылған облыс әкіміне зор алғыс айтып, толайым табыстар тілеймін, – деп ағынан жарылды.

Ресми шара соңында өңір басшысы А.Мұхамбетов пен діни басқарма өкілі Қ.Тұрдыбаев жаңа мешіттің есігін ашып, алғашқы болып табалдырығын аттады. Ізінше қаумалаған қауым да Алла үйіне еніп, алғашқы айт намазын оқыды.

Қыдырбек Қиысханұлы,

Қостанай.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған