Жаңа әуе рейсі ашылды

Павлодар мен көршілес Новосібір қалалары арасында әуе рейсі пайда болды. Жаңа әуе рейсі аптасына екі рет: сәрсенбі және жексенбі күұндері ұшатын болады.

Новосібір – Павлодар – Новосібір бағытындағы алғашқы әуе рейсін атқарған 78 орындық заманауи және ыңғайлы EMBRAER-170 әуе ұшағы 30 мамыр күні кешкі сағ. 18.00-де Павлодар қаласының әуежайына келіп қонды. Жаңа әуе рейсінің жолаушыларын аэропортта Қазақстан халқы ассамблеясының облыстық филиалы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қарсы алып, ұлттық тағамдардан дәм ұсынды.

Әуе рейсімен Павлодарға алғаш рет келіп отырған Новосібір қаласының тұрғыны Александр Сычев павлодарлықтардың жылы қабақпен қарсы алғанына разылығын жасырмады.

– Бұл менің Павлодар қаласына тұңғыш рет келуім, – деді ол. – Қазіргі кезде мен Мәскеу қаласында жұмыс істеймін. Сіздердің қалаларыңызға жұмыс бабыменг ат басын бұрдым. Қазақ халқының қонақжайлылығына дән ризамын.

Алғашқы рейспен Павлодарға ұшып келген авиакомпанияның Орта Азия елдеріндегі бас өкілі Евгений Чернышев әуе рейсінің көмегімен ара қашықтықты жақындатуға болатынын атап өтті. Автобус немесе жеңіл көлікпен Павлодардан Новосібірге Алтай өлкесі арқылы жарты тәулік жол жүруге тура келсе, ұшақпен бір сағаттың ішінде жетуге болады. Сонымен бірге, Павлодар мен Новосібір қалаларының арасында теміржол байланысы болмауы да жолаушылардың жағдайын қиындата түседі.

Екі араны жалғайтын әуе рейсін ресейлік  «S7 Airlines»авикомпаниясы атқарады. Ұшақ Новосібір қаласынан Павлодарға жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де ұшып келіп, сағат 18.50-де қайыра ұшады. Билеттердің бағасы 50 АҚШ долларынан басталады.

Әлихан Рахметоллаұлы

Фото Евгений Шультайстікі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған