Жекеменшік медицина: Ұтамыз ба, ұтыламыз ба?

«Жекеменшік капитал тарту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар — мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет».

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан

Нұрлан Мәуленов, хирург:

— Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2010 жылғы Жолдауында мемлекеттікжекеменшік серіктестік тетігі мемлекет экономикасына жеке инвестицияларды тартуда үлкен әлеует екенін атап көрсетті. Жалпы мемлекеттікжекеменшік серіктестік (МЖС) экономикалық өсімді ынталандыру және жекеменшік сектордың экономикаға қатысуын кеңейту әдісі болып саналады. Білгеніміз жөн, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялар тарту, шағын және орта бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейту, сондай-ақ, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартудың жолы ретінде қарастырылуда. Мысал ретінде айтсақ, денсаулық сақтау саласы мамандарының зерттеулері бойынша мемлекет тарапынан қолдау болған жағдайда мемлекеттік-жекеменшік серіктестікке бизнес өкілдерінің қызығушылық танытатындығы байқалған. Бұл ретте Германияны айтсақ болады. Онда келісілген инвестиция сомасы қамтамасыз етіліп, мемлекеттік тапсырыс бойынша міндеттемелер орындалған жағдайда, мемлекеттік емдеу-профилактикалық мекемелерді инвесторларға аз сомаға сату тәжірибесі кеңінен тараған. Соның нәтижесінде жекеменшік емдеу мекемелерінің үлесі соңғы 10 жылдың ішінде төрт пайыздан 22 пайызға дейін артқан. Швецияда жеке инвесторлармен арада мемлекеттік госпитальдарды басқару, жедел көмек көрсету, зертханалық және өзге де медициналық қызметтерді көрсету жөнінде келісімшарттар жасалады. МЖС тәжірибесі енгізілгелі бері рентгендік қызметтер құны 50 пайыз, диагностика және емдеуді күту уақыты 30 пайыз, жедел жәрдем құны 10 пайыз, зертханалық қызметтер құны 30 пайыз төмендеген. Австралияда 50 госпиталь жекешелендіріліп, жаңа ауруханалардың дизайны, құрылысы және оларды басқаруға жеке операторларды іріктеу тәжірибесі қолданылады. Келісім 15 жыл басқару, белгіленген бағалар бойынша барлық азаматтарға қызмет көрсету және медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау сияқты ерекше шарттарды қамтиды. МЖС институтын енгізу нәтижесінде жаңа емдеу-диагностикалық мекемелердің құрылысына кететін шығын 20 пайыз, қызмет көрсетілетін науқастар саны 30 пайыз, емдеуді күту ұзақтығы 30 пайыз азайған.

Ердәулет Аяпбергенов, хирург:

— «Барлық дамыған елдерде медициналық қызметтердің айтарлықтай бөлігін жекеменшік сектор көрсетеді. Біз жеке ауруханалар мен емханаларға тезірек көшуге жағдай туғызуға тиіспіз», — деген еді халыққа Жолдауында Н.Назарбаев. Бүгінгі таңда жекеменшік компаниялардың үлесі аурухана секторында 13 пайызды, ал емханалар бойынша 25 пайызды құраса керек. «Министрлік жанынан бірыңғай төлем институты құрылып, онда стационарлық қызметтерге төленетін барлық қаражат шоғырландырылды» дейді мамандар. Елімізде стационарлық қызмет көрсетуге бірыңғай тарифтер бекітіліп, «ақша науқаспен бірге жүреді» қағидасы іске асырылды. Қаржыландырудың жаңа қағидасының нәтижесінде жекеменшік емдеу ұйымдарының үлесі ұлғая бермек. Денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесін енгізу аясында жеке және мемлекеттік ұйымдарда бәсекеге қабілетті орта пайда болды. Енді ауруханалар мен емханаларды жекеменшік компанияларға, ірі медициналық басқармаларға жалға және сенімді басқаруға беру тәжірибесі жүзеге аспақшы. Мұндай тәжірибенің тиімді жақтары да жоқ емес. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіру — уақыт талабы. Былайша айтқанда, халықтың денсаулығын жақсарту үшін жүзеге асырылмақ. Бұл үрдіс Еуропаның көптеген елдерінде қолданысқа енгізіліп, бүгінде жақсы нәтиже беріп отыр. Мәселен, денсаулық сақтау саласына инвестиция тартылады. Ол арқылы медициналық ұйымдардың құрылысы, жөндеу жұмыстарынан бөлек, заманауи құрал-жабдықтар елімізге көптеп келеді. Нақты деректерді алға тартсақ, бүгінде елімізде ірілі-ұсақты жүздеген медициналық ұйым бар екен. Жеке секторларда жауапкершілік пен бәсекенің арта түсетіні іс жүзінде дәлелденген. Білуімше, алға қойған мақсат бойынша, яғни жекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес, 2016-2020 жылдар аралығында денсаулық сақтау саласында 20 нысан жекеге өтеді деп күтілуде екен. Қалай болған, күнде де Үкімет өз азаматтарын тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етуден бас тартпайды. Ал ауылды жерлерде қызмет көрсетілетін медициналық мекемелер, қала және аудан бойынша жалғыз мемлекеттік медициналық ұйымдарда қызметтердің кейбір түрлері жекешелендірілмейтінін билік нақты мәлімдеді.

Данияр Жолтаев, хирург:

— Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Орталық Азияға тартылған барлық шетелдік инвестициялардың 80-нен аса пайызы біздің елдің еншісінде. Қазақстанның əр тұрғынға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі бойынша ТМД елдері арасында көшбасшы болып отырғаны да мәлім. Статистикалық мәліметті алға тартсақ, 1993 жылдан бері тікелей инвестициялардың барлық көлемі шамамен 50 миллиард долларға жуықтаған екен. Алайда соңғы екі жылда инвестиция саябырсып қалды деп жатыр ғой мамандар. Оған қолданыстағы заңдардың шикілігі себеп болып отырса керек. Сол үшін де бүгін заңдарды жетілдіру талап етілуде. Мұндай үдеріс өз кезегінде ұжымдық, яғни корпоративтік басқаруға әкеп тірейді. Ал заңдар пісіп-жетіліп, оның артынша ұжымдық басқару дұрыс жолға қойылса, әлбетте, инвестициялық ахуал жақсармақ. Қазір елімізде бірқатар медицина мекемелерінде байқау комиссиялары құрылып, ұжымдық басқаруға көше бастады. Мұндай бастама аясында медициналық мекеме, мәселен, медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуды, қаржыны бөлуді, тоқсан сайын жұмысты жүйелеп, жоспар түзу сынды стратегиялық маңызды шаруалармен өздері айналысатын болады. Былайша айтқанда, үкіметке «масыл» бола бермей, мүмкіндігі келетін түйінді мәселені өзі шеше береді. Бір жағы бәсекелестікке жол ашылды. Менің ойымша, дәрігерлер үшін ұжымдық басқару жүйесі өте тиімді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, медицина саласында директорлар кеңесі дамыған елдердің барлығында да бар. Халық денсаулығы — мемлекет дамуының көрсеткіштерінің бірі. Әлемдік тәжірибеде алпауыт елдердің өзі бүкіл денсаулық саласын тек мемлекеттік бюджетпен қамтамасыз етуге қауқарсыз. Осы тұрғыда дамыған елдерде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің рөлі үлкен. Адам денсаулығына жауапкершілікпен қарау тек мемлекеттің емес, әрбір жанның өзінің міндеті болғаны да жөн. Міне, тың жоба адамдардың аурудың алдын алуға дағдылануына жетелейді. Осы ретте келесі жылдан бастап енгізілгелі отырған міндетті медициналық сақтандыруды айтсақ болады. Ал Үкімет қоғам үшін тиімді заңдар қабылдап, ешкімнің де құқының тапталмауын қатаң қадағалап отырады. Ұлт жобасының тағы бір ұтымды жері — мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту қолға алынбақшы, яғни тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі жеке мекемелердің жүйесіне де енгізіле бастамақ.

Әзірлеген Ләззат БИЛАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған