Желтоқсанның азалы жыры

(Қ.Рысқұлбектің түрмеде жазған өлеңдері негізінде)

Ұлт-азаттық жолында басын қатерге тіккен
Қайрат Рысқұлбектің әзіз рухына бағыштадым.

Қазақтың қасіретті тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Желтоқсан оқиғасы – әлі күнге дейін өзінің тарихи нақты бағасын алмаған, ащы шындықтары толыққанды ашылып, көпке жария болмаған мәселе.
КСРО-ның шовинистік саяси идеологиясына қарсы тұрған күш – 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы. Тарихшы-ғалым Д.Махат: «1986 жылғы желтоқсан – ұлттың тұтасу немесе бірігу ядросына айналды. 1986 жылдың желтоқсанындағы тоталитарлық жүйемен қазақ жастарының бетпе-бет келуінің сол кездегі Қазақ КСР-інің астанасы Алматыда орын алуы ол кездейсоқтық емес еді. Ұлттың қалыптасуы – өте күрделі, көп қырлы тарихи феномен», – деген [1,9 б]. Сөздің шыны керек, кешегі әкімшіл-әміршіл жүйенің кері әсері қоғамға үлкен қатер келтірді. Желтоқсан оқиғасының қасіретін айтқанда, Қайрат Рысқұлбектің шығармашылығы туралы айтпай кетуге болмас. Алаңға шығып, теңдік пен әділеттік сұрағандардың бірегейі, 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінің бас қаһарманы Қайрат Ноғайбайұлы Рысқұлбек. Ғұмыр-жапырағы ерте үзілген боздақ 1966 жылдың 13 наурызында Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Желтоқсан оқиғасы кезінде түрлі жала, жалған айыптармен түрмеге қамалып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған. 1988 жылы 21 мамырда Семей қаласындағы түрмеде құпияда жағдайда дүниеден өткен.
Қайрат 1984 – 86 жылы Амур өлкесі Белогор қаласында әскери міндетін өтеген. 1986 жылдың мамырында әскери борышын өтеп туған еліне оралады. Тамыз айында әскери бөлімшенің жолдамасымен Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түскен болатын.
Қайрат – әміршіл-әкімшіл биліктің шовинистік саясатына қарсы шыққан, қазақтың ұлттық құндылықтарын ұлықтап, жоғын жоқтаған қайсар ұлы. 22 жыл ғана өмір сүрген боздақтың Отанымыздың келешегі үшін атқарған ісі, ерлігі – қашанда болсын дәріптеуге тұрарлық лайықты іс.
Қайрат – ұлт бостандығы жолында шаһид кешіп, басын қауіп-қатерге тіккен кешегі Кенесары Хан, Исатай мен Махамбет, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған асылдардың ерлігін жандандыра түскен рухшыл жастардың бірегейі.
Қайрат – ақын. Азамат ақын. Тас түрмеге қамалғанында қаралы жылдардың азалы жырын жазған болатын. Оның өлеңдері – тас түрмеде туған шерлі жырлар, мұңлы жырлар. Қайраттың «Ана тілі», «Түрмеден хат», «Ақтық сөз», «Кездесеміз біз әлі…», «Түрме жыры» сияқты бірнеше өлең-жырлары бар. Бұлар – тар қапаста туған тағдырлы жырлар. Бұлар – тағдырлы азаматтың рухты сөзі, аманат-сөзі сықылды.
Қ.Рысқұлбек мектеп жылдарында, әскерде жүрген жылдарында өлең жазды ма, жазбады ма ол жағы белгісіз. Бірақ, боздақтың жоғарыда аталған шығармалары – тас қапаста туған тағдырлы шығармалар екені даусыз ақиқат.
Қазақ әдебиетінің тарихында «түрмеде туған шығармалар» немесе «түрмеде жазылған шығармалар» деген түсінік қалыптасып, ғылыми айналымға түсе бастады. Осы аталған бағытқа Қайрат Рысқұлбектің де түрмеде жазған шығармаларын да қоса аламыз. Қайраттың түрмеде жазған шығармаларының басты ерекшелігі – тегеурінді, екпінді, рухты жазылуында. Оның өлеңдеріне жеке басының қамы емес, тұтас ұлттық мүдде мәселесі арқау болған.
Қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы туралы жазған алғашқы ғылыми-зерттеу еңбектеріміздің бірінде: «Ана тілінің келешегі, атамекенінің болашағы үшін 1986 жылы алаңға шығып, өз Отанына дербестік сұрағандардың бірегейі – Қайрат Рысқұлбек. Қыршын үзілген ғұмыр иесінің түрмеде жазған ұлттық рух сипатындағы өлеңдерінің бірі – «Ана тілі». Қарап көрелік:
«Мен — қазақпын мың өліп, мың тірілген»,
Құшақ жая таныстым сан тілменен. —
«Жаман үйді қонағы билейді» деп,
Қала жаздап айрылып өз тілімнен.
Өзге тілге еліктеп ел болмайсың,
Қазағымның артық жоқ өз тілінен…
Шындығында, қазақ қазақ болғалы басынан не өткермеді. Небір зұлматты көрді. Ақыры, құдай сақтап аман қалдық. 1960 жылдардан бастап Мәскеу жарлығына сай қазақ мектептері жабылып, ана тіліміздің жолы жіңішкеленіп, ұлт болашағына балта шабылды. Қазақ елін жарты ғасырдан астам басқарып келген Д.А.Қонаевты себепсіз орнынан алып, оның орнына «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» қайдағы бір орысты әкелу – қазақ жастарының қытығына тиді. Олар – елдік, ұлттық мүдде үшін күресті. Мына өлең – соның айғағы [2, 411б], – деп атап көрсеткен екенбіз.
Ақын «Түрме жыры» деген өлеңінде тар қапастың сұрқын бейнелеген. Қарап көрейік:
Темір тор, жамбасыма тақылдайсың,
Өзіммен бірге туған жақындайсың.
Телміріп темір торға қаматқанша,
Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың?!

Ауылда жақсы екен ғой салған әнім,
Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.
Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,
Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.

Тас төбе, төрт қабырға, темір есік,
Ас берер ортасында жалғыз тесік.
Күніне ұзатары үш тілім нан,
Өлмейтін саған тиер осы несіп.
Қайрат, әрине, кәсіби ақын емес. Задында, кәсіби ақын деп туа біткен табиғи талантты айтатын болармыз. Ақиқатын айтсақ, ол көркем сөздің зергері де, шебері де емес. Қайратты ақын еткен, өлең жазуға итермелеген құдіретті күш – оның тағдыр-талайы. Тағдыр-талайы – тұтас қазақтың басына төнген қауіп-қатер. Кешегі әкімшіл-әміршіл жүйенің шовинист басшылары қазақты ұлттық құндылықтарынан, төл дәстүрі мен тілі, ділінен ажыратып, ұлттық идентификациясы мен кодынан айырып, мәңгүрт ел етуге белсене кіріскен. Осындай қауіп-қатерге қарсы шығып, сеңді бұзғандар – Желтоқсанның жалынды жастары. Олар – Қайрат Рысқұлбек, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова сынды ержүрек батырларымыз!
Қайрат Рысқұлбектің көпшілікке таныс «Ақтық сөз» атты өлеңі бар. Бұл өлеңдегі кейбір сөз тіркестерін зерделі оқырман бағзы замандардағы жыраулардың толғауларынан оқыған болатын. Қайраттың бұл өлеңі – кешегі жыраулардың кесекті сөздерін жаңаша жырлаған отты жыр болып саналады. Кәсіби ақын болмаған соң, еліктеу деген болады. Еліктесе де елдің көкейіндегі жайттарды ашық айтқан емес пе! Мысалы,
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып,
Ақ сауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Әруағыңмен жебей көр!,
– дегенінен Махамбетке тән қайсар рухты байқауға болады. Бұл – қапастағы жанның мінәжат сөзі. Өлең жолдарынан ақынның қазақтың батырлық болмыс, бітімін бейнелеп, сан ғасырлық далалық жорық жырын жырлап, асқақ бабалардың әруағыңнан қолдау тілеп, медет сұрағанын көреміз.
Ақын КСРО-ның «тағдырын аманаттап берген бодан елді» (Т.Әсемқұлов) қалай басынып, қорлағанын ашық айтады.
Ал енді қазір неткен күн!
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан соң,
Шыдамастан ақыры,
Қарғыс атқан Алаңда
Қарғыс атқыр жеткен күн!
Орыстың қатты батқан «тізесі» сол – шовинистік ұлтсыздандыру саясаты. КСРО билік құрған жылдары қазақтың аймаңдай ұлтшыл азаматтары ғана түрмеге қамалып, айдауға, қуғын-сүргінге ұшыраған жоқ. Сонымен қатар қазақтың ұлттық ерекшелігін білдіретін құндылықтары да қамауға алынып, жөргегінен тұншықтырылды. «Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынады» дегендей, қазақ жастары бір-ақ күнде тегіс атқа қонды. «Алаш!» деп, «Әруақ!» деп атойлап, Алматының орталық алаңына шығып, теңдік сұрады. Бұл турасында ақын:
Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық Алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.

Сөйлессем даусым жетпейтін
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға,
– деп қалай ғана өзінің қапасқа танылғанын баяндайды.
Қайрат Рысқұлбектің «Ақтық сөз» деген өлеңі – оның аманат-сөзі. Тәуелсіздік үшін жанын қиып, өлім құшқан ақынның болашақ ұрпаққа айтқан аманаты – қазақтың мына ұланғайыр атырабы, жері, атамекені, ділі мен тілі, қазақ халқының ұлт ретіндегі теңдігі, құқы.
«Ақтық сөзің не?» деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл мен де жасымақ,
– деп ақын тас түрмеде отырып болашаққа сенеді. Қазақтың өз қолы өз аузына емін-еркін жетіп, өз алдына жеке дара ел болуын армандап, оның келешегіне үкілі үміт артады. Қайрат ақын жазасын өтеп, жаны қиылған Семейдің түрмесінде бір кездері ұлты үшін құрбан болған Алаштың серкесі Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары да отырған болатын. Бұл түрме – Екатерина патшаның бұйрығымен «Е» әрпі үлгісінде салынған, қазақтың талай боздағының жанын қиған қасіретті қапас.
Қайраттың келешекке артқан сенімі, аманатын төмендегі өлең жолдарынан анық байқалады. Қараңыз:
Қорлай да беріп қайтадан,
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы
Бөтен қолда кетпесін.
Бұны – келешек жастардың ұлттық рухын қайрауы, намысын оятуы деп ұғынайық.
Салт-санадан айрылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ел көркейтер азамат
Қызғаныштан тозбасын.
Бұл – қазақ жастарының ішімдікке салынып, жаһандану үрдісіне шалынбай, батыс мәдениетіне ермей, өздерінің ұлттық салт-дәстүрі бойынша өмір сүруі керектегін айтқан.
Абай туған жерінде
Бомбасын атом жармасын.
Құлыптасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.
Өз ұлтыңның басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Барлық ұлтпен тең болып,
Ешкімнен көңілің қалмасын.
Ендігі жерде басыңнан
Бірлік пен бақ таймасын.
Бұл – боздақтың тілегі, арманы.
Қайрат өзінің темір құрсаулы түрмеден аман-есен шықпасын алдын-ала сезіп, түйсінген жан. Оның ғұмыр-жапырағы – Семей түрмесінің №21 камерасында 21 мамыр күні мәңгілікке қиылды. Ол – өзімен бірге теңдік іздеп алаңға шыққан талай боздаққа танылған нақақ жаланы мойнымен көтеріп, өлімге қарсы қасқайып тұра білді. «Мойныма алып жаланы, мен болайын құрбаның» деп тәуекелге басын тікті. Шовинстік билікке, бюрократтарға:
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!
– деп жауап қайырыпты.

Қайрат Рысқұлбек – қазақтың «Өз қамы үшін емес, ел қамы үшін көп күйзелгендіктен де ерте күйреп, ерте жер жастанған» (Ә.Кекілбай) байрақты азаматы. Желтоқсан көтерілісіне КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға берілгендіктен, көтеріліске қатысқан барлық азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының бұл азаттық күресі – тарихи маңызы зор үлкен оқиға. Ал, Қайрат Рысқұлбектің түрмеде жазған шығармалары – Желтоқсан оқиғасының азалы жыры.

ТОҚТАРБАЙ ЕЛДОС ҚУАТҰЛЫ
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ.
Орыс филологиясы кафедрасының ІІ курс магистранты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған