Жемқорларға ең ауыр жаза қолдану керек

Соңғы кезде газет-журнал оқитындар саны өте аз болғандықтан, газеттің мәні, абыройы, алатын орны төмендеп кетті. Оның себебін теледидар, ғаламтордан іздеу керек сияқты.

  1. Газет бетінде еліміздегі болып жатқан жағдайлар ашық түрде жазылса… Мақтау материалдар жазып «анау мықты, мынау мықты» деп әсерлеп жазу қажет емес. Елімізде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Осы саланы көп жазған дұрыс сияқты. Ана мен бала тәрбиесі жайлы нақты деректермен жазған абзал. Өнер саласында жұлдыздар көп. Ондай биікке қандай еңбегімен жетті? Осы жағы қамтылса…
  2. 30 елдің қатарына ену үшін өнеркәсіп айтарлықтай даму керек. Бізде шикізат өңдейтін өнеркәсіп орындары аз. Көрші мемлекеттер біздің шикізатымыз арқылы пайда табады емес пе? Неге оны өзімізде өңдемейміз?

Қарапайым халықтың әл-ауқаты әлі де нашар. Еңбек орындарын көп ашып, олардың айлықтары 150-250 мың теңге болса деймін. Сонда ғана біз төрт құбыламыз сай мемлекет боламыз, халық та риза болар еді.

  1. Жемқорлықтың бір-ақ шешімі бар. Қылмыс жасалғаны анықталса, қылмыскерді халық алдында тек қана ату керек. Халықтың ақшасын тонап, бай-патша болғандардың жазасы сол. Әйтпесе бұл дерт тоқтамайды.
  2. Тіл мәселесіне келсек, бүкіл есеп-қисап жұмыстары, есеп беру жиналыстары тек қазақша жүрсе, сонда ғана тілімізді сақтап қаламыз. Барлық ісқағаздар қазақ тілінде жүргізілуі тиіс. Қазір 3 тілділікке көшсек, онда біздің қазақ тілінің мәртебесі одан сайын төмендеп кетеді. Қазірдің өзінде жоғарғы басшылар қазақша сөйлегеннен гөрі орысшаны ұнатады. Сондықтан түгелдей қазақ тіліне заңды түрде көшу керек. Оқу орындары, орта білім, жоғарғы білім ордалары қазақ тілінде оқытса, тіл өз орнын сақтап қалады. Бұлай болмағанда тілімізге қауіп төніп тұр. Бүйте берсе жойылып кетуі де мүмкін. Онда қазақ халқы да жойылады.
  3. Қазақ халқы өте сенгіш, біреуді құрметтеп, шама-шарқына қарай сыпайылық жасап, оны көтермелей сөйлейтін халықпыз. «Ой, анау мықты екен, сөзі де, өзі де керемет» деп қошемет көрсетіп жатамыз. Бұл қанымызда бар нәрсе. Мұндай өтірік қошемет біздің түбімізге жетеді.

Соңғы кезде жастардың үйленбей жатып ажырасуы жиіледі. Менің білетінім бұрынғы ата-бабамыздың тәрбиесі жетіспейді. Өйткені әкесі-шешесі маскүнем болса, балалар қандай тәрбие алмақ? Аталы сөз қазір бізде жоқ. Бұрын үлкендер жастарға ақыл айтып, жөнге салатын. Қазір жастар ақыл тыңдамайды, бірден беттен алып, «не шаруаң бар?» деп дүрсе қоя береді. Қыз балаларымыз мектеп қабырғасында жүріп-ақ әртүрлі сұмдыққа барып жатыр. Себебі олар теледидардан көрген әртүрлі фильмдерге еліктеп бұзылып жүр. Ұлттық идеология өте төмен, өйткені идеологияны жүргізетін басшылардың өздері не орыс не қазақ бола алмай жүр.

  1. Мемлекетіміз бай адамдармен жұмыс жасауы қажет. Өйткені оның миллиондары халықтың қалтасынан ұрланған ақша. Сондықтан ол миллионды Үкіметке қайтарып, халық игілігіне пайдаланған жөн. Миллионерлер қайырымдылық жасап, кей адамға үй, машина әперіп, не болмаса ауруларға ота жасауға көмектессе, өте дұрыс болар еді. Бай-бағландардың шетел банктеріндегі ақшалары түгелдей өз елімізде болғаны дұрыс, олар ақшаларын сыртқа тығып тастаған.
  2. Ұлт санын көбейту үшін ана капиталы қорын молайту қажет.

Аналық жәрдемақы 100% жоғарғы деңгейде болуы шарт. Осылай болғанда адам саны 1-2 жылдың ішінде 20 млн. болары сөзсіз. Өйткені 3-4 балалы отбасылар, сол балаларды жеткізем деп, жұмысы болмай, не істерін білмей дал болып жүргені шындық.

Дәуренбек Ғалымұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған