Жетісудың «жұлдызды» қызы

Қоңыр күздің жиын-теріні басталған қазан айында Жетісу өңірінде Социалистік Еңбек Ері Зылиха Жанболатқызы  Тамшыбаеваның  80 жылдығына арналған дүбірлі мереке басталды. Ел Тәуелсіздігінің  25 жылдық мерейтойы қарсаңында аталып өтіп жатқан  бұл шараның  мәні де, мағынасы да өзгеше болды.  

Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің 28 шілде күнгі санында жарияланған «Жұлдыздай жарқыраған Зылиха еді» деген мақала  талай жақсы істерге ойтүрткі болғаны анық.  «Іздемегеннің ізі жоқ» деген де сөз бар екен.  Көп ұзамай  Алматы облысында Зылиха апамыздың  80 жылдық мерейтойын өткізу  туралы арнайы іс-шара жасалып, бекітілді. Ең бір құптарлық іс  Жетісу өңірінің барлық мектептерінде  өмірі өнегеге толы, еңбеккер апаның ғұмырнамасы, еңбектегі ерлікке бергісіз  үлгі-өнегесі  жөнінде сынып сағаттары өтіп, кітапханаларда  кітап көрмелері ұйымдастырылды. «Жастар» спорт кешенінде  Зылиха Тамшыбаева атындағы жүлде үшін әйелдер арасындағы еркін күрестен  екі күнге созылған  республикалық турнир  өтті.  Бұл жарысқа  еліміздің барлық өңірлерінен   құрамында 250 спортшы бар 13 команда қатысты. Жарыс жеңімпаздары марапатталды. 

dsc_9693

Ерлікке бергісіз еңбек

Қазақтың қарапайым қызының жүріп өткен өмір жолы елдің тарихымен тығыз байланысып жатыр. Сол бір жылдары мектеп бітірген жас қыз-жігіттер ауылда қалып еңбек етіп, шаруашылықтың экономикасын дамытуға өз үлестерін қосқандығы жөнінде жиі-жиі баспасөз құралдары беттерінде мақалалар жарияланып, олар марапатталып жататын. Қысқаша айтсақ, сол бір Кеңес дәуірі кезінде қарапайым еңбек адамдарына көрсетілетін құрмет ерекше еді. Солардың қатарында 1936 жылдың 5 қазанында Талдықорған облысы, Гвардия ауданы (қазіргі Кербұлақ), Шанханай ауылында дүниеге келіп, мектеп бітірген Зылиха Жанболатқызы бар еді.

Сол қаршадай қыз қайнаған еңбекке білек сыбана араласып, сауын сиыр фермасының меңгерушісі болды. Еңбек десе жанып тұратын, өз ісіне берік, батыл шешім қабылдай алатын, жауапкершіліктің жүгін көтере білетін Зылиха сияқты алғыр қызды байқамау мүмкін емес еді. Сол кездің өзінде-ақ соңынан бүкіл ауылдың қыздарын ертіп, қыстың көзі қырауда сауын фермасына жұмысқа барады. Әрине, ол комсомол мүшесі, комсомол ұйымының хатшысы болды. Жастар арасында саяси, тәлім-тәрбиелік мәні бар жұмысты да жүргізе білді. Білім алуға ұмтылды. Көп оқып, білуге құлшынды. Мал шаруашылығында, оның ішінде сауын сиыр фермасын механикаландыру жұмысын жүргізді. Жаңалыққа жаны құмар тілшілер қауымы жас сауыншы қыздардың ерен еңбектері туралы асыра мақтап жаза бастады. Бір кездері мардымсыз көрсеткіші бар сауын сиыр фермасында оңды өзгерістер болды. Жұмысты дұрыс ұйымдастырудың арқасында әрбір сауын сиырдан алатын сүт өнімі көтерілді. Зылиха өзі армандаған Алматы мал дәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді. Ақиқатын айтсақ, Зылиха өте ажарлы, сұлу қыз болып бойжетті. Әсіресе беліне түсетін қос бұрымы, адамға қарағанда нұры төгіліп тұратын қара көздері, жазық маңдайы, әппақ жүзі, нағыз қазақ қызына тән жібектей мінезі, мейірімге толы көңілі мен шынайы күлкісінде де табиғат берген бір тамаша әсемдік бар еді. Осындай қасиеттерден дана апамыз жетпістің төріне шығып, өмірден көшкенше бір арылып көрген жоқ.

Сол Шанханайдан бастап-ақ Зылиха елдің сүйікті қызына айналды. Небәрі 21 жасында-ақ Қазақ ССР-інің Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Сол кеңестің мінбесінен жүрексінбей сөз сөйлеп, ауылдағы тұрғындардың хал-жағдайын айтып, талай рет өтініш білдіріп, көмек те алды. Қандай шаруа атқармасын, ең алдымен өзі иелік етіп отырған халқының қамын ойлайтын өзгеше жаратылған тұлға иесі болатын. Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын қайсарлығы, қайраттылығы, жігерлілігі, еңбекқорлығы қаршадай қыздың бойындағы жаратылыс берген ерекше қасиеттері еді. Сол алғашқы еңбек жолы басталған ауылда жүргенде-ақ Зықаңның әрбір басқан қадамы, жүзеге асырған шаруасы ел-жұртының көз алдында болды. Ауылға ағылған тілшіден басқа, ақын-жазушылардың санында есеп болмады. Еліміздің белді сахна төрінде 30 жыл қойылған Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтың «Беу, қыздар-ай» музыкалы спектакльдің прототипі болған Зылиха екенін көрермен жұртшылық кейін білді. Еркеғали Рахмадиевтың «Жетісудың қыздар-ай» әнінде Зылиха, Күләштай деген сөздер бар болса, «Өмір өрінде», «Жер туралы жыр», «Жетісудың жұлдызы» жинақ шығармалар да осындай қазақтың бір туар қызының ғұмыр жолына арналды. Ал ән-жыр арнамаған Жетісудың сазгерлері, ақындары некен-саяқ шығар. «Ана туралы ән», «Жетісу жұлдызы», «Ардақты ана» арнайы әндер мен жүздеген жылы шумақты жырлар, арнаулар жазылды. Ақын Күләш Ахметова:

«Таңданам кеңдігіне даламыздың,

Айналған арқауына ән-аңыздың.

Туғызған қазақ деген жомарт халық,

Бірісің ғасырдағы дана қыздың!» — деп жүрек толғанысын білдірсе, Ақын Ахмет Кендірбекұлы:

«Жасынан еңбек болып ән ұраны,

Еліктеп өсті елімнің сан ұланы.

Алыстан ақ ордадай көз тартады,

Құт қонған шат-шадыман шаңырағы», — деп сырлы шумақтарын арнады. Тіршілігінде ғұмырнамасы сан шығармаларға арқау болған Зылиха Жанболатқызы Тамшыбаева Жетісу өңірінің ғана емес, тұтас қазақ халқының мақтанышына айналды.

Бірлік түбі — тірлік

Зылиха Жанболатқызымен 1970 жылдан аралас-құралас болмаса да, қызмет бабында жүріп жақсы таныс болдым. Ол кезде Киров аудандық «Еңбек жолы» газетінде қатардағы тілші болып, елді мекендерде болып жатқан жаңалықтар туралы хабарлар жазып, жаңадан қалам тартып жүрген жас талапкер едім. Көп жағдайда шаруасы тұралап жатқан «Еңбекші» шаруашылығынан сын мақалалар газет бетінде жеті сайын жарияланып жататын. 1971 жылдың көктемінде Зылиха Тамшыбаева Еңбекші совхозының директоры болып тағайындалды. Бір күні аудандық газеттің редакциясына Зылиха Жанболатқызы келіп, редактордың бөлмесіне кіріп кетті. Бәріміз таңданып қалдық. Содан редактор Рымтай Дәулетов деген қарт адам еді, Зылиха кеткен соң бізді бөлмесіне жинап алды.

— Маған жаңа тағайындалған Еңбекшінің директоры келіп жолықты. Бұдан былай сол шаруашылықты сынап-мінегенімізді, жау болып жағадан алғанымызды қояйық. Зылиха деген қызымыз жанып тұрған от екен. Бір жылдың ішінде шаруашылықтың шаруасын жөнге келтіремін деп, барлық іс-жоспарларын айтып кетті, — деді.

Ол кезде совхоздың басшысы әйел адамның тағайындалуы сенсация сияқты болатын. Сондықтан бәріміз бұл ұсынысты құптадық. Алайда алақандай ауданда жаңалық деген жатпайды ғой. Еңбекші совхозындағы басталған тың көтергендей шаруалар жайлы құлағымызға хабар жетіп жатты. Жаңа келген басшы шаруашылықтың бұрыннан қалыптасып қалған жүйесін біржолата бұзып, өзінің темірдей тәртібін орнатыпты. Ол алғашқы күннен бастап қызмет бөлмесінде отырып алмай, ауылауылдың көшелерін аралап, әрбір отбасына кіріп-шығып, жағдайларымен танысыпты. Ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты апаларын шақырып ақылдасыпты. Үйде жұмыстан шеттетіліп отырып қалған Социалистік Еңбек Ері Битай Тәтенованы қызылша алқабына шақырып, звено жетекшісі етіп қойыпты. Тәжірибелі звено жетекшілері Закария Сейітова мен Шүйкен Қиымбаевалардың қызылша алқаптары жерінің өнімділігін жақсарту үшін облыс деңгейіндегі мамандарды шақыртыпты. Қант қызылшасының себілетін тұқым сапасын тексертіпті. Аяғына керзі етік киіп алып, тезегі шыланып жатқан сауын сиыр фермасына, ми батпағы шығып жатқан егістік алқабын аралапты. Мектепке барыпты, клубқа кіріпті, моншаны көріпті деген дүмпудүмпу хабарлар құлағымызға шалынып жатты. Әйтеуір, ілініп-салынып күндерін әрең көріп отырған шаруашылықтың еңбеккерлері шырт ұйқыдан оянғандай болды. Алғашқы күннен бастап жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын директордың жақсы бастамалары аңыздай айтыла бастады.

Сол жылдары мен Еңбекші совхозына қарасты Бесқайнар ауылында тұратынмын. Ауылдардың көшесінде өмірі бала-шаға шығып ойнамайтын. Оның себебі барлық отбасының балалары ала жаздай қызылша алқабында ата-аналарына қолғабыс тигізетін. Осы еңбекпен ержеткен балалар кейін жаман болған жоқ. Күні ертең-ақ мамандық алып, еңбектеніп, барлық қиыншылықтарға төтеп беріп, мойымай өсті. Бір-ақ жылдың ішінде Еңбекші совхозының игілікті істері жұртшылық арасына кеңінен тарап кетті. Зықаңның өз заманының феномені, оза туған тұлғасы, ерекше қабілетті жан екені белгілі болды. Шаруашылықта ең бастысы қатаң тәртіп орнады. Еңбекке деген ынта-ықылас жоғарылады. Басшының қамқорлығын көрген ауыл тұрғындарының шаруашылық жұмысына деген көзқарасы мен қарым-қатынасы өзгерді. Өйткені совхоз жұмысшыларының еңбекақысы әділетті төлене бастады.

Ауылдың сыртқы келбетіне, көгалдандыру жұмысы мен санитарлық тазалығына шейін совхоздың басшысы өзінің жіті бақылауына алды. Әр жылдың жаз мезгілінде Жетісу өңірінде алғашқы болып, «Ауылым — алтын бесігім» деген атаумен «Еңбекші» шаруашылығына қарасты төрт бөлімшеде көше, ауыл мерекелері өткізіле бастады. Бұл жай ғана мереке емес, үйлердің сыртын сылау, ауласын тазалау, гүл отырғызу және тағы басқа жұмыстар алдын ала атқарылып, қорытындысы дереу шығарылып, «Таза үй», «Үлгілі отбасы» және тағы басқа номинациялар бойынша сыйлықтар тапсырылатын.

Зылиха Жанболатқызы ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен соңынан бүкіл ауыл тұрғындарын ерте білді. Олардың ішінде механизаторлар, сауыншылар, қызылшашылар, сушылар, тіпті мұғалімдер және тағы басқа мыңға жуық жұмысшылар болды. Ол кісі үшін ұсақ-түйек деген мәселе өмірі болмайтын. Жастардың отау тігу тойы және тағы басқа отбасы қуаныштары, мерейтойлар немесе отбасындағы ауыр жағдай өлім-жітім болсын шаруашылық тарапынан көмек көрсетіліп, Зықаң бастаған шаруашылықтың жауапты мамандары барлық шаралардың бел ортасында жүретін. Осынша шаруаға қалай уақыт табатынына өз басым қатты таңқалатынмын. Ақиқатын айтсақ, бұл шаруашылық бір жылдан кейінақ жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе бастады. Қант қызылшасын өңдейтін жаңа техникалар мен автомашиналар сатып алынды. Ауылдың көне үйлері бұзылып, орнына сәулетті де сәнді тұрғын үйлер салына бастады.

Зықаң жетекшілік еткен қырық жыл ішінде «Еңбекші» шаруашылығының келбеті адам танымастай өзгерді. Жаңа мектеп үйі, 90 орындық балабақша, Мәдениет үйі, мейрамхана-сауда орталығы, ауылдық дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Оқтай түзу асфальт төселген көшелер, жаңа еңселі үйлер, жасыл ағаш, бау-бақшалар ауылдың көркіне көрік қосты. Елді мекеннің инфрақұрылым, өндіріс саласы жақсы дамыды. Халықтың әл-ауқаты өсіп, тұрмыстары түзелді. Бұл ауылдың тұрғындарының ауызбірліктері, береке-ынтымақтары аңыздай айтыла бастады. Зықаңның бір тамаша қасиеті барлық ауыл тұрғындарымен әңгімелесуге уақыт табатын. Әрбір отбасының күрделі мәселесін жатқа білетін. Оны шешуге ықпал ететін. Сол жылдары бір ғана «Еңбекші» шаруашылығы 1200 гектар жерге қант қызылшасын егіп, әр гектарынан 600 центнерден өнім алып, қант өңдейтін зауытқа 78 мың тонна тәтті түбір өткізеді екен. Осындай жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген Зылиха Жанболатқызының ауыл шаруашылығындағы ерен еңбегі жоғары бағаланып, 1981 жылы еліміздің ең жоғары наградасы — Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сондай-ақ, екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Октябрь революциясы», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталып, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» құрметті атағына ие болды. Кеңес Одағы және Қазақстан Компартиясының бірнеше съездеріне делегат, Республика Жоғарғы Кеңесінің төрт мәрте депутаты болып сайланды. Бұл біздің елдің тарихында жазылып қалған мұрағат, өткен өмір күндерінің жемісті де жеңісті еңбек адамына көрсетілген зор құрмет еді.

Ауылдағы той

Зылиха Жанболатқызының өз қолымен қабырғасын қалап тұрғызған Амангелді ауылының тұрғындары батыр апаның 80 жылдық мерейтойына ерекше дайындалыпты. Бәз-баяғы Зықаңның тәлім- тәрбиесін көрген үлкені бар, кішісі бар тұрғындар ауылдың әлеуметтік нысандарын тәртіпке келтіріп, үйлерінің айналасына шейін тазалап, келген қонақтарды емен-жарқын қарсы алды. Апаның көзіндей болған Мәдениет сарайының іші жұртшылыққа лық толды. Еске алу әдеби-сазды кешін айтыс ақыны Айтақын Бұлғақов арнау жырымен шашу шашып ашты. Ауданның Мұқыры халық театры Зылиха апамыз прототип болған «Беу, қыздар-ай» спектаклінен үзінді қойылымдар қойды. Алғашқы болып сөз алған Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ, қоғам қайраткері Жомартқали Жексенбінов батыр апаның ғұмыр жолы туралы, өздерінің жүрекжарды ой-толғамдарын ортаға салды. Алдағы уақытта батыр апа бүкіл саналы ғұмырын өткізген ауылды Зылиха ауылы, мектепті Зылиха Тамшыбаева атындағы мектеп деген ұсыныстар құжаттары рәсімделіп, жоғарғы жаққа жөнелтілгені де жария етілді. Осы еске алу кеші барысында ауылдың ортасында тұрған шаруашылықтың бұрынғы кеңсесінен Зылиха Тамшыбаеваның еңбек жолын, ғұмырын дәріптейтін мұражай ашу туралы да мәселе көтерілді. Бұл кейінгі ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие, тағлым беретін іс екені жөнінде жиналған қалың жұртшылық тарапынан қолдау тапты.

Бұл еске алу кешінде ақындар арнау өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Олардың қатарында Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері Эльмира Дәуренбекова, Арафат Исқақов және басқалары бар. Бұл кеш соңында батыр апаның күйеу баласы, қоғам қайраткері Серік Әбдрахманов, Зықаңның ұлы Серік Әріпов жылы шыраймен келген ауыл халқына алғыс сезімдерін білдірді. Жиналған халық сазгер Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» деген әнін тікелерінен тік тұрып шырқап, батыр ананы қимастық сезіммен еске алды.

Ғалымдар ой бөліскен ғылыми конференция

Дәл сол күні Көксу ауыл шаруашылығы колледжінің Мәдениет сарайында Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдығына арналған «Алматы облысында қант қызылшасын дамыту болашағы және жандануы» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференцияның пленарлық отырысы өткізілді. Отырысқа қатысқан алты тәтті түбір өсіретін аудандардың өкілдері және Көксу ауыл шаруашылығы колледжінің білімгерлері қант қызылшасын өсірудің майталман шебері болған Зылиха Жанболатқызын бір минут үнсіздікпен еске алды. Осы алқалы жиында алғашқы болып сөз алған қоғам қайраткері Наурыз Қылышбайұлы:

— Біздің Зылиха Тамшыбаеваны ұлықтауды республикалық «Қазақстан ZAMAN» газеті бастап берді. Жетісудың жарқыраған жұлдызы туралы мақаланы алғашқы болып жариялады, — деп атап өтті. Одан кейін қазақтың қадірлі қызы туралы естеліктерімен бөлісті. Осы жиында еліміздегі «Қант қызылшасы өндірісінің дамуы туралы» академик Серік Кененбаев, «Отандық селекцияның қант қызылшасы сорттары мен будандарын шығару, өндіріске енгізу бойынша ғылымизерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары және тұқым шаруашылығын дамыту» туралы ғалым Керімтай Қонысбеков, «Қант қызылшасын өсірудің инновациялық технологиялары» туралы ғалым Еркін Сүлейменов, «Қант қызылшасынан 600700 центнер өнім алуға мүмкіндік беретін жаңа технологияның моделі» туралы, ғалым Әбілқайыр Бексұлтанов және басқалары баяндама жасады. Олардың пікірінше, Зылиха Тамшыбаеваның қант қызылшасын күтіп-баптаудағы жетістіктері ерекше екен. Ең бастысы апамыз шаруашылықта ауыспалы егістік жүйесін жақсы сақтаған екен. Жылдар бойы ғылымдағы жаңалықтар қызылша алқабына енгізіліп отырған. Жерді тыңайту жұмысы өз деңгейінде жүргізілген.

— Біз әлі күнге шейін мамандығы зоотехник бола тұрып, қызылша егудің қыр-сырын жетік білген Зықаңның білімпаздығына таң қаламыз. Сол уақыттағы жоғарғы жетістіктердің барлығы орасан зор еңбекпен келгендігі аян. Енді бүкіл Жетісу өңірі қант қызылшасын өсіріп, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін нәтижелі шараларды жүзеге асырып жатыр, — деді Қазақтың егіншілік және өсімдік шаруашылығы жөніндегі ғылымизерттеу институтының бас директоры Серік Балғынбекұлы Кененбаев. — Алматы облысының тұрғындары қажетті қантпен небәрі 10 пайыз ғана қамтамасыз етілген, қалған 90 пайызы шеттен тасылады. Ғалымдардың пайымдауынша, Алматы облысының 13 ауданында, ал Жамбыл облысының 5 ауданында ғана қант қызылшасын өсіруге ауа райына, жердің құнарлылығына байланысты мүмкіншілік бар екен. Алайда тұқымды өзімізде өсіріп шығармаса, шетелден әкелінетін тұқым шаруаларға өте қымбатқа түсіп отырған көрінеді.

Елбасының берген тапсырмасын орындап жатқан Алматы облысының алған бағыты көңіл көншітерлік болса да, алқалы жиынға қатысушылар күні кешегі 1200 гектардың үстінде төл дақылды егіп, мол өнім жинаған Зылиха Тамшыбаева сияқты еңбек батырының іс-тәжірибесін зерттеп, жұмыс барысында пайдалану қажеттілігіне тоқталып өтті. Қант қызылшасын ғылым саласындағы жаңалықтармен ұштастыра отырып өсіру уақыт талабына айналғаны жөнінде кеңінен әңгіме болды. Осы жиында «Ауылдың панасы, өмірдің анасы» деген мазмұнда, Зықаңмен ұзақ жылдары бірге жұмыс атқарған Еңбек Қызыл ту орденінің иегері, зейнеткер Ақжолтай Көлбаев «Еңбекші» шаруашылығының жетістіктері жайлы кеңінен айтып берді. Мұндай мәнді әңгіме колледж студенттеріне өте қызықты болды.

Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сексенбай Бекішов өзінің қорытынды сөзінде Зылиха Жанболатқызының Жетісудың төл дақылы — қант қызылшасын дамытудағы рөліне, еңбек жолына қысқаша тоқталып өтті.

— Әрине, осы жиында айтылған ұсынысты біз ескеріп, мына шешімді қабылдадық. Көксу ауданы, Мұсабек атындағы округтің «Кең дала» шаруа қожалығы негізінде «Зылиха атындағы оқу тәжірибе мектебі» құрылатын болды. Қант қызылшасын күтіп-баптау, өсіру туралы мамандар бұл мектепте өздерінің істәжірибелерімен бөліседі. Оның себебі енді Жетісу өңірінде жылдан-жылға қант қызылша алқабы ұлғая береді. Биылғы жылы 180-190 мың тонна тәтті түбір жиналғанның өзінде облыс небәрі 40 пайыз құмшекермен ғана қамтамасыз етіледі екен. Біздің мақсат — 2020 жылға шейін қызылша алқабын 14 мың гектарға жеткізу, — деді лауазым иесі. Бұл жиын соңында Сүйінбай облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама көрсетілді.

Аңызға айналған тұлға

Қазақтың аяулы қызы, ардақты анасы Зылиха Тамшыбаеваның 80 жылдық дүбірлі мерейтойы Жетісудың бас қаласы Талдықорған шаһарында жалғасты. «Жастар» саябағына алысжақыннан келген сыйлы қонақтар және үш мыңға жуық қала тұрғындары Жетісудың мақтанышына айналған батыр анаға құрмет көрсету үшін жиналды. Сахна төрінде арнайы түсірілген «Аңызға айналған тұлға» атты бейнефильм көрсетілді.

Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театрының әртістері сахналаған «Жарық жұлдыз» атты театрландырылған қойылымы жиналған жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл шығарма Зылиха Жанболатқызының өмірінің біраз кезеңдерін көз алдымызға әкелді. Одан кейін сахна төріне Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев көтеріліп, Социалистік Еңбек Ері, қоғам қайраткері Зылиха Тамшыбаеваның өмір жолы, қол жеткізген жетістіктері туралы кеңінен баяндап берді.

— Зылиха Тамшыбаеваның ұзақ жылдар атқарған істері тарихта сақталып, жастарға үлгі-өнеге болары анық. Тарих көші алға жылжып, ұрпақтар сабақтастығы жалғаса бермекші. Осы орайда Зылиха апамыздың өмірі мен қызметі үлгісінде жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында облыстың білім беру мекемелерінде тәрбиелік сағаттар енгізілетін болады, — деді өз баяндамасында лауазым иесі.

%d0%b7%d1%8b%d0%bb%d0%b8%d1%85%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d3%99%d0%b4%d0%b5%d0%b1%d0%b8-%d1%81%d0%b0%d0%b7%d0%b4%d1%8b-%d0%ba%d0%b5%d1%88%d1%96%d0%bd%d0%b5%d0%bd-%d0%ba%d3%a9%d1%80%d1%96%d0%bd%d1%96

Осы еске алу салтанатты жиында бірталай іске асырылатын шаралар туралы жиналған қауым хабардар болды. Оның ішінде ағымдағы жылдың соңына шейін Зылиха Тамшыбаеваға арналған жазба ақындардың мүшәйрасын өткізу, Талдықорған қаласындағы бір көшеге, Амангелді ауылындағы мектепке, Кербұлақ ауданы Шанханай ауылдық мәдениет үйіне Зылиха апамыздың атын беру де жоспарланған екен. Сонымен қатар алдағы уақытта өзі еңбек еткен ауылға Зылиха есімін беру, «Жетісудың жұлдызды қызы — Зылиха» атты кітап шығару мәселелері де жүзеге асырылмақшы. Осы салтанатты жиында Астанадан әдейі келген танымал сазгер, қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджанов, Алматыдан келген қоғам қайраткері Бижамал Рамазанова қазақтың біртуар қызы туралы естеліктер айтты. Өзінің қажырлы еңбегінің арқасында халқының жүрегіне жол тапқан Жетісудың жарқыраған жұлдызы Зылиха апамыздың жарқын бейнесі мәңгі ел есінде сақталады. «Ердің атын еңбек шығарады» дегендей, Зылиха Тамшыбаева еңбекпен шыңдалған нағыз ер еді. Батыр апамыздың есімі, ерлікке пара-пар істері ешқашанда ұмытылмай, халық жүрегінде қалады. Салтанатты жиын соңы әсем ән мен күмбірлеген күйге ұласты.

Нұрила Бектемірова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған