Жеті қыздан кейінгі ұл!

Конституция күні мерекесі Қостанайдағы Оспановтар әулеті үшін тағы бір қуанышпен толығып отыр. 18 жыл отасқан Атымтай мен «Алтын алқа» иегері Құралайдың шаңырағына жеті қыздан кейін Ахмет есімді ат ұстар дүниеге келді. Бүгін көп балалы отбасы өмірге келген нәрестені перзентханадан шығарды.

– Қазір қыздарымның алды мектепті бітіріп, арнаулы орта білім алып жатыр. Ал мына ұлымызға Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың есімін беріп отырмыз. Бір жағы еліміздің Ата Заңы мерекесі тойланып жатқан күні нәрестеміз шаңырағымызға келді. Бұл біздің отбасымыздағы үлкен қуаныш! – деді көп балалы әке ағынан жарылып.

Көптен күткен қуанышты бөлісе келген ағайын, жора-жолдас перинаталды орталыққа сыймай кетті. Тіпті, сырнай, домбыраларын арқалай жеткен Атымтайдың іні-бауырлары перзентхана алдын ән-жырға бөлеп тастады. Ал құрдастары қалжыңдап, «Ахметтің соңынан Міржақыптар ере берсін» деген тілектерін айтып жатыр.

Қазір Оспановтар 4 бөлмелі пәтерде тұрады. Отағасы он адамға мұндай кеңестік үлгіде салынған баспананың тарлық ететінін айтады. Үй-жайы бұдан кең болса дейді.

– Осы жөнінде қала басшылығына айтқанмын. Бірақ басымызда баспана болған соң, жоғары жақ еш қайран қыла алмаймыз деп отыр. Ең бастысы, басымыз аман болсын. Әр баламның ырыздығы өздерімен бірге келіп жатыр, – деді Атымтай.

Қыдырбек Қиысханұлы,

Қостанай.  

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған