«Жеңіске» пара-пар тең нәтиже

4 қыркүйек. Астана қаласы. «Астана-Арена» стадионы. Жасыл алаңда 2018 жылы Ресейде өтетін Мундиалдың іріктеу турнирінің алғашқы кездесуі өтті. УЕФА құрамындағы Польша мен Қазақстанның теңбіл доп шеберлері бүгінгі матчта тең түсті.

Әдеттегідей қазақ футболшылары ойынды жанкүйерлердің жүрегін ұшырумен бастады. Тіпті, оныншы минутқа жетпей-ақ, қорғаушыларды састырып кеткен Капустканың голынан кейін баяғы «әнге» салдық-ау деп аһ ұрғанымыз ақиқат. Әрине, Еуропа және әлем чемпионаттарында өзіндік ойын мәнерімен көзге түсіп жүрген Адам Навалка шәкірттеріне қарсы төтеп берудің өзі ерлік екенін мойындаймыз. Дегенмен, Роберт 2830672_big-lndЛевандовскидің 35-минутта пенальтиден гол соғуына мүмкіндік бергеннен кейін енді қайтып бас көтермеспіз деп те ойлағанбыз. Айтпақшы, сол мақтаулы Левандовскидің өркөкіректік танытып, «лас» ойынмен де көзге түсіп, сары қағазбен жазаланғанын да айта кетейік. Сондай-ақ, нақ бүгін 48 жасқа толып отырған Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Талғат Байсуфиновтың үзіліс кезінде шәкірттеріне жақсы ақыл айтқанын екінші таймда көз көрді. Намысқа тырысқан жігіттер Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің де кездесудің құрметті көрермені болып отырғанын да бір еске алса керек, екінші таймды ширақ бастады. Қорғаныс шебінде аздаған қателіктерге бой алдырғаны болмаса, ойын тізгінін 45 минут бойына Бауыржан Исламхан бастаған ел құрамасы ұстап тұрды. Сергей Хижниченко өзіне берілген екі мүмкіндікті де мүлт жібермей, турнирдің алғашқы дублін жасағанда Навалка бапкердің төбе шашы тік тұрып кетті. Білетіндер Қырғызстанмен өткен жолдастық кездесудегі жеңілістен біздің жігіттер жігерленіп қайтты деп жатыр. Бір байқағанымыз, қазақ ұлтынан шыққан ұлдардың көптеп жасыл алаңда өнер көрсетуі ел құрамасына береке әкелгендей. Бастысы, жәй ғана жеңу немесе ұтылмау деген мақсат емес, поляктарға қарсы футболшыларымыздың айбатына да анық куә болдық. Өйткені, Еуропа чемпионы атанған Португалияның өзі саңылау таппаған Польшаның қақпасына бір емес екі гол соқтық. Міне, нәтиже! Ендеше, қазақ футболына күмәнмен қарай бермей, алға қарай жылжуына, дамуына, жігіттердің жеңіске жетуіне тілектес болайық. Ресей-2018 жолындағы алғашқы ұпайымыз құтты болғай!  

«ЕлАна»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған