Жиналысшыл, қағазбастылыққа көмілгендер Елбасы ескертулерін неге елемеді?

Біздің газеттің жыл сайын қоңыр күзде ұйымдастыратын дәстүрлі «Ауыл» экспедициясы биыл Елбасының жолдауымен қабаттаса келді. Экспедициямыздың аты «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» деп аталатын. Бұл да біздің сапарымызбен сабақтастық деп құп алдық. Тағы бір айтатын маңызды мәселе бұрын «қағазбастылықты азайтыңдар» деп патшамыз қатаң ескерту жасаса, бұл жолы «Жиналысты азайтып, онанда жұмыс істеңдер!» — деп үкіметтен бастап одан төменгі лауазымды тұлғаларға нық тапсырма берді. Оған сапарға шығып бара жатқан біз де қуандық. Себебі облыстың, ауданның шенеуніктерімен кездесіп, ақылдасатын шақтарда олар жиналыста болып, күтіп дегендей қаншама алтын уақытыңды жоғалтасың.

Ертай Айғалиұлы

«Жиналыс азаяды» деген қуанышымыз Павлодар облысына аяқ басқаннан-ақ су сепкендей басылды. Бізді қарсы алған «Нұр Отандық» жігіттердің жүздерінен мазасыздықты байқадық. Әрине, бізге арнайы адам бөліпті. «Нұр Отанның» облыстық филиалының ғимаратына кірсек құж-құж адам. Жолдауға байланысты жиналыс болайын деп тұр екен. Ауыл-ауылдан, аудан-ауданнан таң атпай келгендер мұнда Жолдауды талқыламақ. Партияның басшыларымен аттың жалында, түйенің қомында тілдестік. Облыстық әкімшілікке келгенімізді білдірмекке ниеттеніп едік олар да «Жолдаумен» шапқылап жүргендігін, арасында саңылау болса кездесуге уәде берді.
«Қай жерге, қай ауыл, ауданға барсаң да «жиналыс-жиналыс, жолдау-жолдау» деп абы кіріп, күбі шыққан» аласапыран асыққан жұрт. Бір жиналыстан соң бір жиналысқа кіріп, онда қалғып-шұлғып бірсыдырғы әңгімелерді тыңдау кімді де болсын жалықтырмай ма десеңші тәйірі?! Құлаш-құлаш баяндамаларды, құжаттарды арқалаған басшыларды көріп қатты аяп кеттім. «Ау, кеше ғана Президент жиналысты азайтыңдар деген жоқ па?» — дегенде, маған олар таңдана қарады. «Сіз қызық адам екенсіз. Жолдауды халыққа жеткізбесек болмайды ғой», — дейді олар. «Жолдауды халық теледидардан, ғаламтордан, газеттерден оқып алған. Оны несіне талқылайсыздар?» — десем, оған да олар дес бермеді. О-о, айтпаңыз! Бір Павлодарда емес, барлық облыстарда осындай шапқыншылық. Тура соғыс жүріп жатқандай майдан. Таудай қағаз, құжаттарды арқалаған толағай шенеуніктердің түрлерін көрсең… Қандарын ішіне тартып, сұрланып қолды аяққа тұрмайды. «Тек осындай жолдау кезінде ғана шапқыншылық бола ма?» — деп сұрасақ, олар бізге күле қарайды. Олардың жүздерінен «біздің көрген күніміз, тірлігіміз осындай» деген ойды оқисың. Алдымен облыс, содан соң аудан, содан ауылда талқылаулар жүреді. Бір-біріне егіз қозыдай ұқсас жиналыстар…
Қарағандыға келгенде де осы шап-қыншылық, осы майдан. Ақмоладағы Ақкөлге келгенде ғана бір жаңашылдық-қа тап болып қуанып қалдық. Ақкөлдік-тер Елбасының ескертуінен бірден қорытынды шығарып, жиналыстарды сап тиған. Өте-мөте маңызды оқиғалар болғанда ғана бас қосып, талқылауға оң шешім шығарған. Біз барып аралағанда әкімдер де, халық та өз орындарында қызу жұмыс істеп жатты. Қадірлі ағайын-ау, ақкөлдіктерден үлгі алайық. Жиналысшыл емес, іскер болуға ұмтылайық. Сонда алтын уақытымызды үнемдейміз.
«Қағазбастылық» ауруы қазір елімізде дендеп тұр. Қай мекеме, қай ұжымға барсаң да зар қағып осыны айтады. «Азайтып жатырмыз», — дейді. Бірақ қағаздан бас көтере алмай отырғандарды көресің. Сәлемдесуге уақыты жоқ. Министрліктен, әкімшіліктен… тағы да басқа лауазымды жерлерден қағаз талап етіп жатады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында жетекші маман болып ұзақ жылдар жұмыс істеген, тәжірибесі мол, ісіне тап-тұйнақтай азаматтан бұл жөнінде ойын, пікірін сұрадым. (Аты-жөнін айтпауды өтінді.) «Бізде жүйесіздік орын алған. Айқай, сүрең жиналыстардың, ұрандардың арты осындай қағазбастылыққа әкеледі. Бізде не көп реформалар, жобалар көп. Әр министр, әр әкім өзінің реформаларын әкеледі. Бұрынғылардың бәрін жоққа шығарып жаңа жүйеге ауысасың. Бұл тағы да қағазбастылықты көбейтеді. Кеңес өкіметінде жүйе бар еді. Сол жүйемен жұмыс істейтінбіз. Ал біздегі қазіргі жүйесіздіктің шеті көрінбейді».
Маманның сөзінде жан бар. Ол кісі биыл пайғамбар жасына келіп, зейнет демалысына шығуға жиналып жатыр екен. «Тағы бір жыл жұмыс істемейсіз бе? Бір жағынан зейнетақы, екінші жағынан айлық алып шала баисыз», — деп едік, ол ат-тонын ала қашты. «Ойбай, атама! Ақшасы құрсын. Осы қағазбастылықтан, жүйесіздіктен, жиналыстан әбден қажып біттім. Зейнет демалысына қалай шығам, сол күні кетемін!»
Иә, адамдар, қызметкерлер жиналыстан, қағазбастылықтан шаршады. Келер жылы мемлекеттік қызметкерлер қысқарып, соның есесінен айлық көбейеді екен. «Мұрыннан шаншылу» сол кезде одан сайын асқынып, қағазбастылық күшейеді-ау, сірә!
Бұл ауруларымызды Елбасымыздың өзі тоқ-тата алмай тұр. Біздің қолымыздан жазу ғана келді. Ал сіздің қолыңыздан не келеді?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған