Жолбарыс — адам рухы

Кеше ғана бұл фәниден өткен сөз зергері, ұлы ұстаз, қаһарман жан
Шер-ағамыздың, Шерхан Мұртазаның орны әлі де омсырайып тұр-ау

Шер-ағаң бұл фәниден өткенде алыс іссапарда жүр едім. Тас төбемнен біреу мұздай су құйғандай есеңгіреп қалдым. Бұл қаралы хабарды ауыл әкімі жеткізді. «Шерхан Мұртаза дүниеден өтіпті. Жаңа ғана хабарлады», — деді. Өмірбақи қадірлеп, сыйлап, жақсы көрген адамның, ұстазыңның «дүниеден өтті» деген ауыр хабарды аяқ астынан есту аса қиын да ауыр екенін сол сәтте сезіндім. Аспанның қабағы ашылмай қар аралас жаңбыр жауып тұрған. Ішім қан жылап, көзден жас парлап қоя берді. Пальтомның түймелерін ағытып Сарыарқаның үдере соққан желіне қасқайып тұрып ұстазымды, Шер-ағамды жоқтадым. Ей, жалған дүние-ай! Қазақтың жолбарысы, атына заты сай көкемізді де сұм ажал алып кетті-ау. Бір кем дүние деген осы екен! Мұндайда жолбарыс-адамның кесек-кесек сөздері, мірдің оғындай ұлтын қорғап айтқан рухты пікірлері, халқы үшін жасаған өнегелі істері бірінен соң бірі ой-сүзгіңнен өтіп, іштей оны қайталап, аздап болса да алай-дүлей болған көңіліңді жайландырады екен. Шүкіршілікке, тәубеңе келесің. Шүкіршілік ететінің Шер-ағаңның шапанынан шыққан, оны үлгі-өнеге етіп, еліктеп өскен жас баһадүрлердің, шәкірттерінің көптігі. Шүкіршілік ететінің сөз қылышын өмірбақи қолынан тастамаған сөз зергерінің артына Алатаудай, Қаратаудай таңғажайып өлмес дүниелер, кітаптар қалдырғандығы. Шүкір, шүкір! Тәубе, тәубе! Аллам пендесінің, құлының аузынан шыққан осы сөздерге риза болады екен. Шер-ағам, жатқан жерің жайлы, иманың саламат, барар жерің жәннат болғай!

«Құдай бәрін көріп тұр ғой…»

Иә, Шер-ағаң менің де ұстазым еді. Бұл сырттай айтылған мезіреті емес. Ол кісінің қарамағында істеп, оның тәрбие тезінен өткен, сөйтіп Намыс атты қасиетті сөзді мәңгібақиға жүрегіме ұялатуға әсер еткен алып та абзал жан туралы қалам тербемесем маған сын. Желтоқсан көтерілісінен кейін іле-шала «Қазақ әдебиеті» газетіне «жер ауып» келдім. Газетшілердің ең ауыр учаскесі секретариатқа топ ете түстім. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газеті ұлттық мәселелерді бірінен соң бірін көтеріп, дүрілдеп тұрған кезі. Шер-ағаң бас сардар, Оралхан Бөкей ағам орынбасар. Жауапты хатшы марқұм Тұтқабай Иманбеков көкем. Әсіресе қазақ тіліміздің мүшкіл жағдайын қақырата көтеріп, Колбин мырзаның берекесін қашырып, жағасынан алып жатқан газетті зиялы қауым, тіл жанашырлары ту етіп көтеріп тұрған ұлтымыздың шамырқанған шағы еді ол. «Арал тағдыры — адам тағдыры» деп Рахымжан Отарбаевтің циклді мақалалары жарқ-жұрқ шығып жатты. Не керек Шер-ағаң басқарған газет «Желтоқсан» көтерілісінен кейін жаншылған бүкіл ұлттың рухын көтеріп, ерекше бетбұрыс жасады…
Жалпы Шер-ағаң қай баспасөзге барса да осылай бетбұрыс жасайтын. Қандай сиқыры бар ол кісінің сонда? Мәселен футбол әлемінде де бас бапкердің рөлі күшті ғой. Аузыменен құс тістеген футбол командаларының басында үнемі атақты бапкерлер тұрады. Меніңше баспасөз де солай. Алдымен Шер-ағаңның өзінің сөзін тыңдап алайық. «От пен судан өттім. Шыңдалдым. Саясат деген сұрқияның сұрқын көрдім. Ол кездегі редактор ұстараның жүзімен жүруі керек еді. Жүйкемді жұқартты, күш-қайратымды жеді. Бас редактор — қоғамның бас дәрігері. Қоғам денесіне әр түрлі жара қаптаған. Оның ішінде қатерлі ісік те бар. Сол ісіктің қоясын шығарып, сылып тастауға жараса сол нағыз бас редактор».
Иә-ә, Кеңес үкіметі кезінде ұлт мәселесін көтере білу ол ерлікке парапар болатын. Шер-ағаңның сиқырының басты сыры оның үш көзі бар көреген кісі. Шындықты астарлап жеткізсе де, басқа да әдістермен батыл түрде бадырайтып жеткізсе де ол журналистік қызметінің өзегінде соны үнемі ұстап тұратын. Ұстараның жүзімен жүре білді. Жанының жараланатынын, сәл мүлт кетсе құрдымға кететінін сезді, бірақ ол сол Шындық жолынан шықпады.
«Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние-дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе қорқады. Бірақ құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам құдайды да алдауды үйренді.»
Осы сөздерді ақтарылып айтқан Шер-ағаң да ет пен сүйектен жаралған пенде. Ол да қорқады. Бірақ ол, менің ұстазым құдайдың үнемі өзін бақылап, қарап тұрғанын терең ұққан иманды да, салиқалы адам. Құдайға сиынса әлгі ұстараның жүзінен тайдырмайтынын, құрдымға құламайтынын шын жүрегімен сезінді. Кеңес үкіметінде журналистерді «Төртінші билік» деп еркелетпейтін. Бірақ мемлекет те, халық та журналистердің әрбір жазған шындығының бір әрпін түсірмей әспеттейтін, көңіл аударатын. Билік баспасөзден өлердей қорқатын. Себебі сол биліктің өзі журналистің жазған сынын ту етіп көтеріп, қалай болғанда да бір қорытынды шығаратын.
Тәуелсіздік алғанда баспасөзге «Төртінші билік» деп өтірік ен таққан билік журналистердің жазғанын елемейтін болды. Шер-ағаң, Жолбарыс адам осы кезде тағы да шамырқанды:
«Жалпы журналист еңбегі — ең қиын денсаулыққа зиянды жұмыстар қатарына жатады. Сөйтсе де қазан құлағын ұстап отырған «шөмішшілер» бұл еңбекті бағалаған емес. Әрдайым шөміштен қысады.»
Менің ұстазымның көңіл жанарынан қоғамдағы қандай жағдай болсын қағыс қалған емес. Қазір тереңге тамырын жайып кеткен жемқорлық жайлы сона-ау тоқсаныншы жылдары-ақ дабыл қағып үкіметтің құлағына жеткізген.
«Қазір жоғарыдан төменге дейін, өрден ылдиға дейін жаппай ұрлық-қарлық. Ұлы ұрлық дәуірі. Қайда барып оңамыз? Жетім мен жесірдің ақысын жеме! — деді салтымыз. Әсіресе әлсіздерді, жетім мен жесірлерді жегіштер көбейді.»
Қандай тақырыпта әңгіме айтсын, мейлі, Шер-ағаң жолбарыстай ақырып айтады, туырлығын таспадай тіліп, қақыратып жеткізеді. Айызың қанып, рахаттанып отырасың. Жан-жағындағы, қоғамдағы бей-берекет тірлікті көріп ашынып тұрып айтқаны:
«Пифагор деген әулие: «Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген екен. Бізде не көп, заң көп. Бірақ соның қайсысы орындалып жатыр. Ал әдет-ғұрып, салт-сана, міне, замандар легінен тазарып шығып сұрыпталған идеология. Сорлатқанда біз содан айрылдық қой».
Көлденең көк аттылар байып, дарынсыздар елді басқарып жатқанын көріп тұрып үндемей қалу Шер-ағаңа тән емес. Бұл жөнінде де қалам тартып, бетің бар, жүзің бар демей шыншылдықпен жеріне жеткізе жазған мақал-мәтелге айналған көрікті ойларын сіз де оқып көріңіз:
«Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүниеқоңыздықпен, ақшамен өлшейді. Көлдің тақырға айналуы оңай, байдың пақырға айналуы оңай.
Ал таусылмайтын байлық, ол — құдай о баста пешенеңе берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады. Талант пен дарын тана сүтінен емес, ана сүтінен дариды.»
Ұлтқа, тілге қауіп төндіргендерге атқа мініп, сөз-қылышын суырып, Шер-ағаң аянбай талай мәрте қарсы шыққан. Дер кезінде атойлап шығып, Махамбет сынды мірдің оғындай сөздерімен кесіп айтқан, жайпап өткен. 1995 жылы бір топ байшікештер Президентке ашық хат жазды. Өзгелер аңысын аңдып, бұғып қалғанда жолбарыс адам оларды отты тілдерімен тапап тастады.
«Ал оларда Отан деген, ұлт деген ұғым, сезім тапшы. Оны осы жылдың жүзінде бір топ бизнесмендердің «Ашық хаты» айтып берді. Бұл топ үшін мемлекеттік қос тіл керек, қос азаматтық керек. Жаңа паспортқа «ұлты» деген сөз жазылмасын. Жер сатылу керек.
Бұл — отансыздық идеологиясы. Бұл топтың анасы — ақша, атасы — сауда. «Коммерсанттар үшін өз туған елі болмайды» деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.
Демек бұлардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесіне щеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиардтарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады».
Халықтың бұлттай шерін қайсар мінез, жалын жүрекпен жеткізе білген Шер-ағамыздың қадірін біліп жүрміз бе, осы? Әй, қайдам… Әйтпесе жоғарыдағы ұлтын, тілін қорғап айтқан түйдек-түйдек ойлары мен толғамдары үшін, Редактор деген қасиетті сөздің қадірін аспанға көтеріп зор үлгісін жасағаны үшін, қарапайым қазағының асыл да бай сөздерімен өріп тамаша шығармалар жазғаны үшін өткен 85 жасында, мерей тойында Шер-ағамызға Халық қаһарманы атағы лайық-ау, сірә.
Осыдан бір жыл бұрын тәй-тәй басқан Шер-ағамды көрдім. Үнемі алшаң-алшаң басып жүретін, бүркіт қабағынан қайсарлық оты кетпейтін, от ауызды, орақ тілді ұстазымды тап осындай мүсәпір халде көргенімде жүрегім ауырды. Қайран қарттық па бұл? «От пен судан өттім. Саясат деген сұрқияның сұрқын көрдім. Жүйкемді жұқартты, күш-қайратымды жеді…»
Таудай-таудай толқындары жағалаудағы қасқиған шыңды соққылағаны көз алдыма келді. Сан жылдар бойына қиындықпен, ауыртпалықтармен арпалысқан өмір. Ұлтын шын сүйген жандар ұлтына бағытталған зәр мен уды өзіне қабылдай ма әлде… Бір кем дүние…
Қашанда тайғақ емес, мерт шыдамы,
Күйінсе ойларынан өрт шығады.
Осы жан иілместен, бүгілместен,
Сынса да шамырқанып шарт сынады!

«Мені ұр, соқ, бірақ газетіме тиіспе!»

Ұстазымның өзінің сүйікті мамандығына тер төгіп, жұмыс істеп жүрген шаңырағына, нағыз редактор ретінде газетіне деген шын жанашырлығын, махаббатын дәлелдейтін басымнан кешкен мына шағын екі оқиғаны баяндағым келеді.
1987 жылы «Қазақ әдебиетіне» жұмысқа келдім. Секретариатқа қызметке алды. Ол кезде газет жұмысы өте ауыр болатын. Суреттерді боямалап (ретуш) баспаханаға алдын ала жібереміз. Олардағы бейнелерді темірге бедерлеп (клише) болашақ газетке жапсырамыз. Міне менің алғашқы күнгі кезекшілігімде әлгі клишелер жоғалып кетті. Ал ол темір суреттерсіз газет шықпайды. Қайта жасау үшін бір күн керек. Сонымен түнде газет басылмады. Яғни газет оқырман қолына тимеді. Ол кезде мұндай оқиғалар жоғары жақтан кешірілмейтін. Таңертең бір ағамыз жоғалған суреттерді әкелді. Жігіттер клишелерді қасақана жоғалтып жіберген адамды да тауып, жетектеп Шерағаңның алдына әкелді.
— Әй, пәленше! Мені ұр, соқ, тепкіле, жоқ қыл! Бірақ газетіме тиіспе! — деді Шерағаң жолбарыстай ақырып…
Екінші оқиға да бір аптадан соң болды. Секретариатта талантты Төлеген атты суретші ағамыз болды. Газеттің макетін, оның безендіруін терең түсінетін жан болатын. Лездемеде сол суретші ағамыздың тағдыры талқыға түсті. Ұжым мүшелері байғұсты ортаға алып әбден сілкіледі, жамандады. Барлығы дерлік оны жұмыстан шығаратын болып, жардың жиегіне әкеліп қойды. Бір минөттей үнсіздік орнады. Жұмыстан шығару жөніндегі үкімді енді бас редактор Шер-ағаң айтуы тиіс. Кілең мүйізі қарағайдай-қарағайдай ағаларымның бұл күстанауларына мен түсінбедім. Жаңа келіп жатсам да мен де ойымды айтқым келіп қолымды көтердім.
— Шер-аға, мен ойымды айтсам бола ма?
— Айт, сары бала! — деп ол кісі гүр-р ете қалды.
— Шер-аға, сізге заманауи безендіруі бөлек тамаша газет керек пе? — дедім сауал тастап. Шер-ағаң мына оқыс сұрағыма мырс етіп күлді.
— Әрине керек!
— Ендеше газетті жасау осы ағамның қолынан келеді…
Тағы да шыбынның ызыңы естілер тыныштық орнады. Шер-ағаң ыңырана үн қатты.
— Әй, Төлеш! Сенің жаныңды уақытша мына сары бала сақтап қалды. Жасаңдар, көрейік! Сендерге 3 ай мерзім беремін. Егер осы уақытта ондай газет шығара алмасаңдар екеуіңді де жұмыстан шығарамын!..
Үш айдың ішінде Орта Азия бойынша безендіру жөнінен бірінші орын алдық. Сол үшін бүкіл ұжымға сыйақы берілді. Шер-ағаң ағам екеумізге жұрт алдында алғыс жариялады…
Жолбарыс — адам енді арамызда жоқ. Бүгін міне қырқы. Бірақ рухы, үні ел есінде мәңгілік қалды. Енді ондай адам келе ме, келмей ме оны Алла біледі. Бірақ әлі Шерағаңдай жолбарыс — адам келе қоймас. Бір кем дүние…

Ертай Айғалиұлы

Мырзатай Жолдасбеков:
Қазақты жылатқан Меңдібаевты тізерлеткен

Ұлтымыздың мұқтаждарын, қоғамдағы келеңсіздіктерді, көпшіліктің көкейіндегісін айтып, сол кезде батыл сөйлеп, батырлық танытқан адамдарды айта кеткеніміз орынды сияқты. Баспасөзде ол Шерхан Мұртаза, ел ішінде Мұхтар Шаханов еді. Сол кезде Мұхтар депутат та болды. Шерхан газет жұмысын да, баспасөзге қойылатын талаптар мен міндеттерді де, орнымен жұмсай білсе баспасөздің алмастай өткір қару екенін де жақсы білетін азамат. Ол басқарған газет-журналдардың беделі артып, таралымы өсіп, жалы күдірейіп шыға келетін. Ол өмір бойы өзінің ұлтына бойындағы талантымен, барлық ынта-жігерімен аянбастан қызмет етті. Осы жерде Шерханның сол кездегі бір үлкен азаматтық, ерлік ісіне тоқтала кетсем деймін.
Орталық комитетте бөлім бастығы болып жүргенімде бір күні маған Шерхан келді. Қолында қалың папка, іші толған хаттар.
— Шер-аға, бұл не? — дедім.
— Адамдардың көзінен жастың орнына қан ағып, жылап-еңіреп отырып жазған арыздары, — деді Шер-аға. Алматы облыстық партия комитетін басқарып тұрғанда Меңдібаевтың жұртқа жасаған қиянаттары туралы. Оқып көруіңе болады.
Біразын қарадым. Адамның жаны түршігетін жайлар екен.
1985-1988 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Меңдібаев Колбиннің кезінде одан әрі жоғарылап, Орталық партия комитетіне екінші хатшы болып келген еді. Сол кезде біздің бөлімді жөн-жосықсыз, еш негізсіз кінәлап сөйлеп, артынан аппарат қызметкерлері алдында менен кешірім сұрауға мәжбүр болғанын жаңа айтып кеттім. Содан кейін ол республиканың Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасарлығына ауысып, сол биік лауазымда қызметін одан әрі жалғастырып жатқан.
— Мына хаттарды не істейміз? — деп сұрады Шерхан.
— Өзіңіз қандай ойдасыз?
— Мен жариялау жағындамын. Сұмдық қой! Қаншама халықты зар еңіреткен. Елге қадірлі қанша азаматтарды жазықсыз қудалап, орнынан алып, қаңғыртып жіберген. Жұрт запыран құсып, көмек іздегеннен амалсыз газетке жазып отыр. Бергеніміз әділеттілік болар еді.
Шерханның айтып отырғаны дұрыс, «бергеніміз әділетті болар еді» дегені қауіпті әрі ерлікпен пара-пар шешім еді. Меңдібаев соның алдында ғана республика партия ұйымы басшылығындағы екінші адам болса, әлі де билікте, енді республика үкіметіндегі екінші адам болып отыр. Мұндайға кез келген өзге журналистің тәуекелі жетпес еді. Мен кішкене ойландым да:
— Берсеңіз, беріңіз, — дедім. Бірақ жауапкершілікті мойныңызға аласыз. Мен білмеген болайын, жариялап жатқан — сіз. Ал ертең мақала шыққаннан кейін, сізді барынша қорғауға тырысамын.
Шерхан батыр адам ғой:
— Бопты, — деді.
Бірер күнде мақала шықты. Таңертең Өзбекәлі мені өзіне шақырды. Барған бойда «мынау не?» деп маған алара қарады. Алдында, стол үстінде «Егемен Қазақстанның» мақала шыққан беті ашық жатыр. Мен:
— Білмеймін. Газетті әлі қарағаным жоқ. Не болып қалыпты? – дедім.
— Немене бұл? «Кіші 37» дейді, — деді Өзекең. Меңдібаевтың кім екенін, істеген істерін менен артық біледі ғой. Сыртынан жақтырмаса да, іштей риза болып отырған сыңайлы.
— Кәні, қарайын, — деп газетті алып, көз жүгіртіп оқып шықтым.
— Мұны бөлім білмейді, — дедім сонан соң.
— Бұл не деген сұмдық! Неге білмейді бөлім? Бұлар неге бетімен кетеді?
— Жоқ, Өзеке, бетімен кеткендік емес. Ішке сыймаған ғой. Жазбауға болмаған ғой, — дедім.
— Шақыр редакторды, — деді.
Шерханды шақырдық. Әуелі маған, бөлімге келді. Мен Өзекеңе ертіп бардым.
— Мынау не? — деді Өзекең оған да.
— Жазбауға болмады, Өзеке. Ешкімнің кінәсі жоқ. Кінәліні іздесеңіз, ол — мен. Мен тіпті бөліммен де келіспедім. Жалпы, кез келген мәселені бөліммен ақылдасып отырамыз. Бірақ бұл жолы білдім, бөлімнің қарсы болатынын. Жазбауға болмады. Ол үшін қызметтен алып тастаймын десеңіздер, алып тастаңыздар, — деді сабырмен.
— Өзеке, неге аламыз? Халықты қан жылатса. Әділін жазған адамды жұмыстан қалай аламыз? Ертең газеттің беделі не болады? Қайта беделі көтеріледі. Еш адам ойына келгенін істемейтін болады, — деп ара түстім.
— Ой, сен де қайдағыны айтасың, — деді маған.
— Болмаса айтыңыз. Кінәліге мені де қосыңыз, — дедім. Үндемеді. Мақала жөнінде басқа ешкім ештеңе деген жоқ. Сол күйінде қалып қойды. Ешкім жазаланбады. Шерхан орнында. Мен орнымдамын. Сол кезде екі қауіптен қалдым. Бірі — қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру керек деп Колбинге жазған хатым, екіншісі — осы мақала. Меңдібаевтың адамдарға жасаған қиянаттары елге осылай әшкере болды.

Қара қылды қақ жаратын
Шерхандар келер ме екен?

Адамзаттың, қазақтың ұлдары, Дулаттың кенже ұлы, Шымырдың, оның ішінде Шілмембеттен тараған үш жұлдыздары Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы және Шерхан Мұртаза еді. Енді ол да арамызда жоқ. Бұл қайраткерлердің қай-қайсысы болса да қазақ үшін жанын пида еткен, қасқайып күрескен нар тұлғалар.

Ш.Мұртаза өз ғұмырында, қазақ халқы үшін не жазбады, не айтпады дейсіз. Парламенттің екі рет депутаты болған кезеңдерде, әсіресе, тіл тағдыры шешіліп жатқанда, асқан батылдықпен «тек жылан ғана қос тілді болады», — деген еді. Оны да жүре тыңдадық. Жер мәселесіне келгенде жер анамыздың мәңгілік екендігін, жерді сатуға да, шетелге жалға беруге де болмайды деп кесіп айтқан. Шерханның бұл сөзіне де құлақ салынбады, соңында жерге моратория жасалып, әлі де заңмен шегеленбей отыр.
БАҚ саласындағы қызметінде қашан да ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойып, өткір мәселелерді төтесінен көтере білді. Мәселен, Камал Смайловпен бірге екеуінің халықтың мұңын — мұңдап, жоғын — жоқтаған ашық әңгімелері дүйім жұртқа аян. Философиялық иірімдерге толы «Бір кем дүние» еңбегінің өзі қазаққа қаншама ой салды, сыни ойлауға тәрбиеледі. Бұл шығарма қазіргі заман бренді болып, бүкіл қазақ халқының бойына жаңалық болып ене бастады. Шерхан Мұртаза — ұлы Абайдан кейін қазақтың да, биліктің де теріс мінін міндеп, түзетуге, тура жолға салуға атсалысты, ашық айтты.
Біз әлемде 6 цивилизацияның, оның ішінде Рим империясы сияқты жарты әлемді бағындырған жойқын күші бар Түркі империясы болдық. Қазір қайда сол тек? Сол тектің сынығы, батырлығы, ұстанымы Шерxан ағаның бойында болды. Біз соны жандандыруымыз қажет, әсіресе жастарға.
Шерханның өмірден озуы бүгінгі қазақты ояту керек деп ойлаймын. Жаһандану заманында ертең не болары белгісіз, әлем астаң-кестең түрлі дағдарыстарды басынан кешіруде. Әсіресе, рухани дағдарыс белең алды. Осы тұста әлемді құтқаратын, соның ішінде қазақты жаңа өркениеттерге бастайтын, кешегі түркі өркениетінің «сынықтары» деп мен Абай мен Шәкәрімді, қала берді Шерхан Мұртазаны айтар едім. Себебі ол халқымыздың өркениетке ұлттық тамырымызды сақтай отырып қадам басып, еліміздің жаңа белеске көтерілуі жолында аянбай еңбек етті, өшпес мұра қалдырды. Абайша сынап, кемшілігімізді көзімізге көрсетті. Бүгінгі ұрпақ және билік тұтқасындағылар осы Абайды және Шерханды тереңіне үңіле оқыса деймін, сонда алмағайып заманда адаспайтынымыз анық. Себебі, Шерхан Мұртаза «Абай кітабынан ерекше сәуле шашып тұрады» десе, ол өзі де халықтың шамшырағы бола білді.
Шерхан ағаның ұлтжандылығының негізінде терең білім бар. Танымы кең, өресі биік еді. Халық қазынасынан сусындап, төл тарихымыз бен әдебиетімізді жан-жақты меңгерген. Ол Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып жүріп В.Вернадский, М.Ломоносов, Д.Менделеев, Л.Толстой, А.Пушкиннің еңбектерін танып білді. Әрине бұл әлемдік деңгей. Қазір түрлі дипломдарымыз көп, алайда біліміміз таяз болып тұр. Кітап оқитындардың қатары сиреп барады, бәріміз «ин-тернеттің құлы» болып бара жатқан сияқтымыз. Үкімет пен Парламент бүкіл қазақтың бетін кітап оқуға бұру туралы бір кешенді қадам жасау керек. Керек болса саясаттың ең үлкені осы.
Кейінгі кезде қазақтың ар-ұяты болған С.Зиманов, Т.Кәкішев, Г.Белгер сияқты абыз-зиялыларымыздан айырылған едік. Енді олардың қатарына Шерхан аға да қосылды. «Шерханнан кейін енді «қара қылды ақ жарып» кім айтар екен?!» деген халықтың көкейінде сауал тұрған сияқты…

Оразалы Сәбден, академик

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған