Жолдаудың жүгі ауыр

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арналған «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» Жолдауы бұл жолы да өзінің стартегиялық ерекшелігімен барша қазақстандықтардың көңілінен шығып отыр. Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуының өзекті мәселелері мен халық тұрмысын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды.

Елбасы: Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделінің қалыптасқандығын баса айтты. Ел экономикасының дамуы бұл бүкіл Қазақстанның қай бір саласы болмасын қарқынды түрде алға жылжуының кепілі екендігі сөзсіз.

Қазақстан заманы газетінің барша ұжымы, Астана мен Алматы қалаларындағы арнайы редакциялармен бірге еліміздің барлық өңіріндегі меншікті тілшілері бүгінгі жолдауда айтылған басым бағыттар мен стратегиялық жоспарлардың елімізде орындалуы, орындалу барысының қадағалануы мен жолдауды халыққа түсіндіру жұмыстары барысын арнайы тікелей желі арқылы талқылап, басылым арқылы оны халыққа насихаттауды бастап кетті.

Бұл жолғы жолдаудың тағы бір ерекшелігі ашық әрі күллі халық алдында жариялы түрде болғандығында.

Елбасы І. ХАЛЫҚ ТАБЫСЫНЫҢ ӨСУІ міндетінде, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды.

Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін еліміздегі 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтып отырғандығын атап өтті. Осының ішінде бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өсетіндігін айтты. Бұл дегеніміз әсіресе ауылдық жерлерде мардымсыз жалақыға жұмыс істейтін бұқара халықтың  тұрмыстық деңгейінің артуы деген сөз.

Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда  республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керектігін тапсырды.

Жолдауда Елбасы еліміз бойынша ЖОО-дарын бітірген мамандардың жұмыспен қамтылуы мен сапалы маман әзірлеуді бүгіннен бастап қолға алу керектігіне тоқталды. Сапалы маман- елдің келешек кепілі. Ал оны жұмыспен және жоғары жалақымен қамту, бұл ел болашағы болатын бәйтеректі барынша баптау деген сөз.

Жолдауда Елбасы, халықтың әлеуметтік мәселелерінен өзге экономика, ауылшаруашылық саласы, білім, жаңа технология мен бірге денсаулық саласының да қордаланған проблемаларын түйін-түйінімен тарқатып отырып, мәселенің шешілу жолдарында жігін жатқыза баяндап берді. Қажет болса сол салаға жауап беретін тұлғаны орнынан тұрғызып дүйім ел алдында атқарылып жатқан шаруаларының есебін алды.

Атын атап, түсін түстеп айтқан ведомства өкілдері оның ішінде әкімдер де ел экономикасы саласын дамытуда  қажетінше шетелдік  тәжірибені арттыру керектігі жөнінде елбасы өзінің сыни пікірін нық айтты. Бұл сыни көзқарас өңірлердің қарқынды дамуына ықпал етуі тиіс.

Үп еткен жел тұрса Үкіметте жинала қалатын жоғары билік өкілдері үшін енді жинала берудің қажеті шамалы болады. Жиын-терінді қысқартатын уақыттың жеткендігін ескерткен Президент, атқамінерлердің жыл сайын 100 тәулік уақытын тек жиналыс жасаумен өткізіп келе жатқандығын айтты. Пайдасыз отырыстарды жиналып емес телефонмен де шеше беруге болатындығы, оның орнына елге қызмет жасау керектігін Бақытжан Сағынтайовтың өзіне қадап айтты. Бұл тек Үкімет пен Парламентке ғана емес барша  құрылымдар мен облыс әкімдеріне қарата айтылған пікір деп түсінген абзал.

Жалпы жиын жасап жарысатын ақ жағалылар ендігі кезекте арқаны кеңге емес тезге салатын уақыттың келгендігін түсініп, жолдаудың жүгі ауыр екендігін саналарына сіңірсе болды…  біздің айпақ осы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған