Жылдың үздік мұғаліміне жеңіл көлік сыйға берілді

Жуырда Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында мұғалімдердің мерейлі мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысып, ұстаздарға деген өзінің ізгі тілегін білдірді.

— Ұстаз — қоғамдағы ең құрметті де қадірлі мамандықтардың бірі. Өйткені адами қасиеттерді бойына сіңірген шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүрегіне білімге деген құштарлықты және Отанына деген сүйіспеншілікті сіңіреді. Өзінің ісімен, сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгерлері сіздерсіздер! Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы ұлағатқа толы еңбектеріңіз жемісті болсын! — деді өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Бүгінде облыста 35 мыңнан аса мұғалім жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Соңғы жылдардың өзінде ұстаздар қатары 1281 жас маманмен толыққан. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 2011 жылға қарағанда білім саласына бөлінген қаржы екі есе өсіп, 148 млрд. теңгені құраған. Облыс аумағында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 21 мектеп құрылысы жүргізілуде. Биылғы білім күні қарсаңында 6 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Жыл соңына шейін тағы да үш жаңа мектептің табалдырығын оқушылар аттамақшы.

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде білім саласында облыста 174 жаңа нысан іске қосылған. Бүгінгі күні 35 мың мұғалім мектепте еңбек етеді. Олардың 52 пайызы білімдерінің жоғары және бірінші санат бойынша квалификациясын көтерген. Бес мыңнан астам ең таңдаулы деген мұғалімдер негізгі жалақыларына 30-100 пайыз аралығында үстемеақы алады. Төрт мыңнан астам мұғалім бір жолғы жәрдемақы мен баспана сатып алу үшін көмек алған. Жетісудың ұстаздар қауымы өздеріне жүктелген сенімді ақтап келеді деп нық сеніммен айтуға болады. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі озық іс-тәжірибені насихаттау мақсатында жыл сайын мұғалімдер арасындағы ұйымдастырылған байқаудың нәтижесі осы салтанатты жиында белгілі болды.

Жеңімпаздарға облыс әкімі Амандық Баталов арнайы сыйлықтарды табыс етті. «Жылдың үздік мұғалімі — 2016» байқауының жеңімпазы атанған Жамбыл ауданының Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Гүлхан Нұрғазиеваға жеңіл автокөлік сыйға тартылды. «Үздік балабақша» байқауының жеңімпазы болған Қарасай ауданы «Бота» балабақшасына да арнайы сыйлық берілді. «Үздік ауыл мектебі» байқауының жеңімпазы болып Ақсу ауданы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-гимназиясы аталды. «Үздік сынып жетекшісі» атағы бойынша Кербұлақ ауданы Ж.Тобаяқов атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Жансая Нарымбаева жеңімпаз атанды.

«Үздік кәсіптік білім беретін мекеме» байқауында жеңімпаз дәрежесіне Есік гуманитарлықэкономикалық колледжі ие болды. «Қосымша білім берудің үздік мекемесі» деген мәртебелі атты Көксу ауданының музыка мектебі жеңіп алды. «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты Қапшағай қалалық орта мектебіне берілді. Осы салтанатты жиында сөз алған «Жылдың үздік мұғалімі» Гүлхан Нұрғазиева облыс басшыларына, білім саласы жетекшілеріне 14 жыл бойы мектептегі жас ұрпаққа берген білімі мен тәлім-тәрбиесін жоғары бағалағаны үшін алғыс сезімін білдірді. Сонымен қатар осы жиында бір топ ұстаздар облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттарымен марапатталды. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Нұрила Бектемірова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған