ЖІӨ 35,5 млрд. болған аудан

Сергеевка қаласында Шал ақын ауданының әкімі Ербол Сағдиев халық алдында есеп берді. Жиынға облыс әкімі Ерік Сұлтановтың өзі де қатысты. Кездесуді ашқан өңір басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулерінің мақсаты халықты ақпараттандыру екенін атап өтті. Ербол Болатұлының айтуына қарағанда, Шал ақын ауданының жалпы капиталына өткен жылы қосымша 4 жарым млрд. теңге түсті. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 3 млрд. теңгеге көп болып отыр. Негізінен қаражат көзі ауыл шаруашылығына тиесілі. 2016 жылы аудан диқандары қамбаға 316 мың тонна дәнді, 19,2 мың тонна майлы дақыл құйды. Бидай шығымдылығы гектарынан 17 центнерден айналды.

— Мерекелі жылы аудан диқандары 186 мың гектар жерге дәнді, 22 мыңнан астамына майлы дақылдар септі. Егіс науқанына 29 мың тонна тұқым пайдаланылды. Бұл, әрине, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. 2017 жылғы көктемгі науқанға 29 мың тонна дәнді, 500 тонна майлы дақылдардың, 108 тонна жемазықтық шөп тұқымы дайындалды. Биыл 3 жарым мың тонна минералды тыңайтқыштар қолданылып, майлы дақылдылар 33 мың гектар жерге себілмек. Нәтижесінде бұл сұрыптағылардың көлемі артпақ. Былтыр біз алғаш рет қант қызылшасын ектік. 14 мың тонна өнім алдық. Гектар берекелілігі 350 центнерді құрады. Үстіміздегі жылы қант қызылшасының аумағы кеңейтілетін болады, — деді Шал ақын ауданының әкімі Ербол Сағдиев.

Өткен жылы Шал ақын ауданының ішкі жалпы өнімі 35,5 млрд. теңгеге дейін жетті. Нәтижесінде бұл меже 2015 жылмен салыстырғанда 12 миллиардқа артты. Диқандар 3,4 млрд. теңгеге су жаңа 44 техника сатып алды. 2016 жылдың басында облыс әкімі Ерік Сұлтанов ауылды жерде ірі қара санын 2 мыңға жеткізу қажеттігін айтқан болатын. Бұл ретте, Шал ақын ауданы былтыр Зеңгі баба төлінің 1100 басын сатып алды. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Нәтижесінде ауылдықтар Үкімет қолдауын пайдаланып келеді. Былтыр мал шаруашылығына 204 млн. теңге көлемінде субсидиялар бөлінді. Елбасы тапсырмасы бойынша кооперативтер құру ісі де жақсы жолға қойылған. Құрылыс көлемі де 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып отыр. Есептік кездесуде жолдар мәселесі туралы да айтылды. Былтыр бұл тақырыпқа қатысты сұрақтарды шешуге 757 млн. теңге бөлініп, барлық қаражат игерілді. Облыс әкімі ауылды жерлерді көркейтуге жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қосу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, облыс әкімі мектептердегі қазандықтарды ғимарат сыртына шығару ісін жалғастыру керектігін ескертті.

dsc_1254

Тимирязевте тыңдалған есеп

Тимирязев ауылында аудан әкімі Еркін Базарханов тұрғындар алдында есеп беріп, алда тұрған міндеттерді саралады. Келелі жиынға өңір басшысы Ерік Сұлтанов қатысты. Еркін Сейілханұлы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 108 пайызға өскенін алға тартты. Бұл салаға бөлінген республикалық бюджеттің 765 млн. теңге демеуқаржысы игерілді. Ол өткен жылғы деңгейден 4,7 пайызға көп. Машина-трактор паркін жаңғырту жоспарлы түрде жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауданның агроқұрылымдарына 2 млрд. 380 млн. теңге займ берілді. Соның нәтижесінде аудан бойынша дәнді дақылдардан 17,4 центнерден, майлы дақылдардан 9,5 центнерден өнім алынды. Есепті кезеңде ауданның өнеркісіп кәсіпорындары 154 тонна ет, 49104 тонна ұн, бір жарым мың тоннадан астам нантоқаш бұйымдарын өндірді. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 20 жоба жүзеге асырылып, 286 жаңа жұмыс орны ашылды. Инвестиция тарту үшін «бір терезе» қағидаты бойынша Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы құрылды. Соның нәтижесінде өткен жылы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2,5 млрд. теңгені құрады. Тұрғындардың қаражаты есебінен 1612 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудандағы 24 елді мекеннің 17-сі торапты су құбырын, 5-уі жергілікті су көзін, 2-уі тасымал суды пайдаланады.

Ауданды көріктендіруге, ішкі жолдарды қалпына келтіруге, көшелерді жарықтандыруға «Өңірлерді дамыту » бағдарламасы аясында 5,4 млн. теңге қаражат бөлінді. Ауданда 119 спорт нысаны, 19 мектеп жұмыс істейді. Кездесу соңында сөз сөйлеген өңір басшысы Ерік Сұлтанов алдағы су тасқынының алдын алуға барлық қызметтерді жұмылдыруды тапсырды.

НҰРСАЙЫН ШӘРІП

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған