Жүрсін Ерман: Мұхтар мен Болатбектің жекпе-жегін қайта жасаймыз

Айтыс — бүгінгі күннің рухани, мәдени, ақпаратты қажеттілігін өтейтін, әрі ұлт ерекшелігін танытушы, әлем елдерінен даралаушы, ұлттың ұстын генімен өрбіген, ұлт генофондының айрықша көрінісін айғақтаушы өнер. Дәл қазіргі уақытпен бағдарласақ, қазақ халқының айтыс өнері XXI ғасырға аяқ басқанда өз құндылығын жоймай, керісінше жанданып келеді. Бірде ол жанкешті меценаттардың, демеушілердің қамқорлығымен өмір сүріп, өкіметтің кемкетігін сынаушы, түзетуші, оппозициялық күшке ие, демократияның жарқын көрінісі есебінде көрінді. Енді бірде өзі тыйым салған биліктің пиарын жақсартып, халыққа жасалынып жатқан оң істерді жарнамалаушы, қол шоқпары ретінде халық пен билік арасындағы байланысты жақсартушы, жандандырушы, бағалаушы, әрі тұрақтылық пен тыныштықты орнатушы қызметтерімен де ерекшеленді. «Нағыз қазақ мәдениеті» аталған айтыстың бүгінгі жай-күйі қандай? Айтыс өлеңдері ғылыми, әлеуметтік зерттеулердің нысанына айналды ма? Айтыс пен діннің қандай байланысы бар? Осы сұрақтар төңірегінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері, «Құрмет» орденімен марапатталған, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, ақын Жүрсін Ерман ағамызбен сұхбаттасуды жөн санадық.

img_3124

Айтыс ЮНЕСКО-ның тізіміне енді. Бірақ…

— Қазағымның арасында айтыс өнерін зерттеген ғалымдар көп қой. Жақында 2009 жылы біздің айтыстан ғылыми диссертация қорғаған америкалық бір зерттеушінің еңбегін қарадым. Ол диссертациясын Оразалы Досбосыновтың құрметіне арнапты. Сол ғалым айтысқа «нағыз қазақ мәдениеті» деп баға беріпті. Жалпы, қазақ мәдениетінің бүгінгі халіне қысқаша тоқталсаңыз.

— Бүгінгі халі парадокс! Айтысты ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгіздік. Кеше ғана радиодан халықаралық қорғауға алынды деп айтып жатыр, яғни айтысымыз заңмен қорғалады. Былтыр республика бойынша 13 айтыс өткіздік. Соның біреуі ғана (Алматыда өткен Наурыз айтысы) теледидардан көрсетілді. Қалған 12-сі еш жерден көрсетілген жоқ. Көрсетеміз деп түсіріп алады да, көрсетілмейді, себебін білмеймін. Қайта қазір айтыстарымызға әлеуметтік желілер жақсы болды. Былтыр желтоқсан айында erman-1024x796ауруханадан шыға салысыммен, әлеуметтік желі арқылы Иманғали Тасмағамбетовке хат жаздым. Оны жазған себебім, өткен жылы Республика сарайында қорытынды айтыс «Алтын домбыраны» өткіздік. Бұған жылдың ең үздік және жүлдегер ақындары қатысып, «Алтын домбыраны» Мұхтар Ниязов жеңіп алды ғой, ең жаманы соны көрсетуге ықыласты телеарна табылмады. Айтыстың негізгі демеушісі әкімшілік болды. Ақыр аяғында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Оразбайұлы Қырықбаев «Еуразия» арнасының директорымен сөйлесіп, көрсететін болып еді, бірақ олар уәделерінде тұрмады. Оның ішінде бас бұзатын сөз де жоқ. Ақындар қазір сауатты, не айту керек екенін жақсы біледі. Көрсетпей, тыйым салған сайын оған халық құмарта береді. Қаншама у да шу әңгіме болды. Мен Иманғалиға жетпей қала ма деп, сол хаттың көшірмесін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа да жібердім. Содан соң аздап қозғалыс болды, маған министрліктен қоңырау шалып, қандай көмек қажет, не сұрайсыздар деді. Сосын мен бізге не қажет екенін жазып та бердім. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының құрылғанына 5-6 жыл болды. Ол одаққа үкіметтік емес ұйым ретінде әуелі көмек берілді. Бір жылдан кейін ол тоқтап қалды. Одақ әрең күнін көріп отыр, біріншіден. Екіншіден, хат жазған себебім ЮНЕСКО-ға тіркелген сертификатты әкеліп, Астанаға тапсыру салтанаты болды. Одақтан бір адам шақырылмады. Неге? Үшіншіден, тәуелсіздіктің 25 жылдығында 25 мың адамға «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» медалі берілді. Содан сөлкебай бір айтыс ақынына бұйырмады. Жыл сайын Одаққа біз марапаттауға айтыскер ақындарды ұсынамыз. Қазақтың қайраткер ақындары бар. Мен «Еңбегі сіңген қайраткер» атағына Бекарыс Шойбековты жыл сайын ұсынамын. Министрліктің өзі беретін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі бар, ол да ақындарымызға берілмейді. Не медаль берілмейді, не Президенттің мемлекеттік стипендиясы берілмейді. Ұят қой енді! Тыңдаңыздар, теледидардан көрсетіңіздер, халыққа жеткізіңіздер деп те жаздым. Соның бәріне ешкім селк етпейді. Қайта Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек біздің ұсынысымызды ескеріп, «Алатау» дейтін дәстүрлі өнер театры ашылды былтыр, соның бір бұрышын бізге берді. Ақын деген штатпен 7-8 орын берді. Қазір 5 адам жұмыс істеп жатырмыз. Азғантай болса да сеп қой.

img_3707

— Бірнеше жыл бұрын берген сұхбатыңызда «Шарипаның шлагбаумы кедергі келтіріп тұр» депсіз. 10 жылдан бері сол шлагбаумның алынбағаны ма?

— «Шарипаның шлагбаумы» қазір жабылып қалды. Олай дейтін себебім, телеарнадан берген кезде монтаждайды. Сол кезде қит еткен сөздің бәрін кеседі, қияды. Сен ақын болсаң, сенің жасаған шабуылыңды бермейді де, жауабынан бірдеңені береді. Оны ешкім түсінбейді. Мысалы, былтыр Рүстем мен Иранғайып айтысқанды. Рүстем біраз орысша айтып жіберді. Соған Иранғайып жауап бергенде «ей, мынау орысша айтқанға жоғары ұпай бересің, қазақша айтқан маған төмен ұпай бересің» деп айтты. Қазылар оған 1 ұпай төмен беріп қойған ғой. Ал оны кесіп тастаған, сол жерде түсініксіз болып қалды. Жұрт мынау не айтып отыр деп ойлайды ғой. Бір кездері монтажға дұрыс адамды отырғызайық деп, Талант Арынғалиды жұмысқа алған болатын. Оның аяғы құрдым болды, «Қазақстан» арнасының басшылары ауысып кетті.

Шенеуніктер Елбасының саясатын насихаттауға қарсы ғой деп ойлаймын

— Айтыс бір кездері жабылып қалып, 2010 жылы қайта ашылды. Ол кезде Қазақстан ЕҚЫҰ-ні өткізді. Соған орай айтыс ұйымдастырылып, бастан-аяқ ЕҚЫҰ Қазақстанның жетістігі ретінде насихатталды. Жалпы, ЕҚЫҰ секілді шараны неге Үкімет айтыс арқылы насихаттағысы келді?

— Айтыс бірнеше рет жабылды. 2012 жылы жабылғанында, біздегі оппозиция басшысы Жармахан Тұяқбайға, оның алдында Болат Әбіловке де «мына айтысты сендер пайдаланбайсыңдар ма, халықтың сөзін жеткізу керек қой» дедім. Олар ондай іске бармады. Жалғыз М.Әблязов қана Англияда отырып «айтысты бізге бер, біз көрсетейік, қаржы бөлейік» деді. Ойлана келе қисынын таба алмадық. Айтыста біз мемлекеттің құрылымын қиратайық демейміз, ұлт араздығын қоздырмаймыз. Бірақ мына жас мемлекеттің басында проблемалар толып жатыр. Айтыстың міндеті соны жеткізіп, халықтың ортасына ой тастау ғой. Осыны тиімді пайдалануға болады деп ойлаймын. Халық айтысты көреді, сұраныс бар. Осыны «Нұр Отан» партиясы түсінген болуы керек, бізді қанатының астына алып, арбасына жегіп келе жатқанына 4-5 жыл болды. Билік айтыс сөзінің халыққа өтетінін түсінді. Сол арқылы ЕҚЫҰ-ні немесе ЭКСПО-ны насихаттата ма, универсиаданы ма, әйтеуір қолдап жатыр. Бірақ 12 айтыс телеарнада көрсетілмеген соң, мен мынандай ойға келдім. Бұл айтыстарда Елбасының жүргізіп отырған саясаты қалайда насихатталады. «Мәңгілік ел» саясаты, дамыған 30 елдің қатарына кіру, ұлт болып ұйысайық т.б. тақырыптарда ой қозғалады. Сол неге берілмейді? Демек, айтысты насихаттайтын жерлерде отырған кішкене-кішкене шенеуніктер Елбасының саясатын насихаттауға қарсы ғой деп ойлаймын. Сол күштер «Нұр Отаннан» да ықпалды болып тұр. Істің алдын жауып тастайтын солар болса керек. Бұл — ең негізгі нұсқам. Екіншіден, айтысты анау бірінші биліктегілер жаптырып жатқан жоқ, бергі жағында отырған шағын шенеуніктер. Айтыстың үстінде бірдеңе айтылып кетсе «мынаны неге айтқыздың, біз бәлеге қаламыз» дейді де, өздерінің отырған жерлерін қорғап, айтыстың алдын жауып отыр. Былтыр 6 шілдеде Конгресс-холда Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп айтыс өткіздік. Астана қаласы әкімінің орынбасары Аманшаевты істің басы-қасында отырып, аяғында жүлдені тапсыр деп жіберді. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев айтысқа барып қатысып, тиісті сөзін сөйлеп, жүлде тапсырды. Ол жер мәселесінің ушығып тұрған кезі еді. Комиссия құрылды, мораторий жарияланды. Жер мәселесі туралы бір ақын қаттырақ айтыпайтып жіберді. Сол кезде екі бастық есіктен тұра қашты. Аманшаев мырза сыртқа шығып, маған қоңырау шалып: «Мынау не бәле, тоқтат мұндай айтысты!» — дейді. «Сендер қашып тұрсаңдар, кете беріңдер, қазір елдің аузында жүрген әңгіме, қандай деңгейде айтады, ол ақынның шеберлігіне байланысты», — деп, айтысты өткізе бердік. Залда отырған «Хабардың» сол кездегі бастығы Ринат Кертаев маған «9-10 шілде күндері «Хабардан» көрсетіледі» деп хабарлама жіберді. Мен де халыққа хабарлап жібердім. 9-10 шілде емес, міне, ақпанның аяғына келдік, әлі көрсетілген жоқ. Бір ауыз сөз үшін. Ұнамаған жерін көрсетпей тастайды деген осы.

— Айтыста цензура бұрыннан бар ғой?

— Залдағы айтысқа ешкім цензура жасай алмайды, бірақ қазіргі ақындар білімді. Не айту керек екенін, қалай ату керек екенін жақсы біледі. Бірен-саран тура айтып қалатындары болмаса, көбісі ишаралап, тұспалдап осы елдің бүкіл проблемасын айтып жатыр ғой. Тіл, дін, ішкі-сыртқы саясат та қозғалады. Бізде айтыстан қорқу синдромы бар. Шындық айтылмаса, айтыс маңызын жояды ғой.

img_3544-1024x683

— Жалпы сіздің тарапыңыздан цензура бола ма?

— Менің тарапымнан болады. Шілдедегі айтыста бір күн бұрын ақындарды жинадым. Жер мәселесі ушығып тұр, мен де жер комиссиясының бір мүшесімін. «Халық қобалжып отыр, мұны ушықтырмаңдар. Айтсаңдар жұмсартып айтыңдар, халықты «көшеге шығыңдар, тәртіпсіздік жасаңдар» деп үгіттеуге болмайды» дедім. Жиналысқа қатыспай қалған Айбек Қалиев қатты айтып жіберді. Ал жиналысқа қатысқан Жансая Мусина мен Еркебұлан Қайназаров жер мәселесін қандай қылып айтты?! Ишаралап түсіндірді. Қалың халық та түсінді. Халық ақынның айтқанын да түсінеді, айтпай қалған емеурінін де түсінеді. Неге айтпай отырғанын да біледі. Сондықтан ондай тыйымның орны жоқ. Мен «Елбасыға тиіспеңдер, Қазақстанның осындай ел болып отырғаны Елбасының арқасы. Саяси жұмыста қателіктер, кемшіліктер болуы мүмкін, бірақ татулық, бірлік Елбасының ұстанған саясатының арқасында. Министрлер тарапынан, әкімдер тарапынан кетіп жатқан кемшіліктер көп. Қай облысқа, қай ауданға барсаң да, соны айта беріңдер» деймін. Менің тыйымым осы. Біреулер бізді Елбасыға жамандайды екен. Мен осы соңғы үш сайлаудың (президент сайлауы) алдында 3 рет айтыс өткіздім. «Елбасы — ертеңіміз, айбарымыз» деген айтыс. Сонда біздің ақындардың Елбасы туралы айтқанын естісе, Елбасы жылар еді. Қандай көркем қылып жеткізді. Енді осыны Елбасыға қарсы өнер деп бізді қарсы қояды екен. Ішінде бірен-саран сөздер кетеді ғой, соған бола Елбасының ренжімейтінін жақсы білемін. «Сөз түсінер ер болсаң, бопсаға шыда» дейді қазақ. Кеше Бұқар жырау Абылайға айтқан жоқ па, Сүйінбай Тезек төреге айтқан жоқ па, тіліп тұрып айтты. Тезек төре сөйтіп отырған Сүйінбайға атын мінгізіп, шапанын жауып, арқасынан қағады. Көрдің бе, сөзді бағалаған адамдар. Айтыс деген — өнердің алдаспаны. Біз, қазақ, сөзге тоқтаған халықпыз. Сондықтан оған түсіністікпен қарай біледі. Көлеңкесінен қорқатын шенеуніктердің бар шаруасы айтыста. Қазір бәріміз күстаналап жүрген «қоғамда өмір сүре отырып, қоғамнан тыс қалуға болмайды» деген сөз бар. Осы қоғамда қандай өзгерістер, құбылыстар бар, жақсылық пен жамандық бар, одан ақын тысқары қалмайды, айтады. Оған билік бірыңғай бетімен жіберіп те жатқан жоқ. Министрліктің адамдары айтыстың алдында қозғалады. Бірде маған бір министр 62 баптан тұратын қағаз жазып жіберіпті. Оның 31 пункті мынаны айтпау керек деген нұсқау. Шындық айтылмаса, айтыс кімге керек, ол концерт болады ғой онда. Ақиқатты айту ақынның парасаттылығына, ішкі мәдениетіне, сауаттылығына байланысты. Ал енді айтыс ақынын қудалау, жаза қолдану дегенді білмеймін. Бір айтыста қырғыздың екі ақыны Аалы Тұтқышев пен Азамат Бұлғынбаев «қазақ деген оңбаған, қазақтар біздің айтысымызды патенттеп алды, енді біз де қазақты қырғыздың баласы деп патенттеп алсақ қайтеді» деп айтып жіберіпті. Біздікілер қырғыздың елшісіне шығып, мына екі ақынды жазалау керек десе, елшілік өкілі оны өзіміз жазалаймыз, шара қолданамыз депті. Айтыс сөз барымтасы ғой. Кезінде қатты-қатты сөздерді Тоқтағұлмен айтысқанда Жамбыл айтпады ма, Қатағанмен айтысқанда Сүйінбай айтпады ма? Оның бәрінің артынан түсіп, әкімшілік шара қолдану — асыра сілтеу. Айтыс үстінде айтылған сөзі үшін ақынды жазалау — сорақылық. Ол екінші жағынан біздің шенеуніктерге үлгі болайын деп тұр. Сондықтан мен «фейсбукке» «бұл асыра сілтеу» деп жаздым. Кейін ол екі ақын өздері кешірім сұрапты.

— Экрандағы айтыс пен сахнадағы айтыстың айырмашылығы қандай?

— Бұл — үлкен проблема. Соңғы кездері осы айтысты мен құрттым-ау деп ойлайтын болдым. Неге десеңіз, бұл еркін өнер еді ғой. Еркін пікірталас алаңы. Керек нәрсені шымбайына батырып, кейбір жерін тіліп айтатын, өті жарылып кетсе де айтатын. Соны теледидарға бағындырамыз деп, уақытын шектедік. Қазылардың алдына жүгіндіріп қойдық. Содан бұл өзі жасанды өнерге айналып, көшетке отырғызылған өсімдік секілді болып қалды. Еркіндігінен айырылды. Бірақ, амал жоқ, айтыс та уақытқа бейімделуі керек қой. Сондықтан мұның табиғатының өзгергенін мойындау керек.

img_3611

Білімін, білігін жетілдірмейтін ақын ақын емес

— Өзім Алматыда өткен айтыстарға үнемі қатысып жүремін. Сонда байқағаным, қандай айтыс болсын, үшінші-төртінші айналымда ақындар қиналып қалып жатады. Нағыз айтыскерлік, суырыпсалмалық өнер сол кезеңде көрінеді. Жалпы айтыстың дамуы үшін не істеу керек? Бұл өзіңіз айтқан уақытқа ғана тәуелді болып тұр ма, әлде?..

— Мен сенің сөзіңді қостай кетер едім, алайда 3-4 не 5-айналымға шыққан ақындарымыз бар. Олар таусылмайды, сөздік қорлары көп, олар жаңа идеялар көтереді, тың ойлар айтады. Соған қарағанда, біздің теледидарға, уақытқа байлап қойғанымыз пәлендей әсер етпейді, зиянын тигізбейді. Ол ақынның өзінің ішкі дайындығына байланысты. Біздің көп ақындарымыз жалқау. Ақпарат жинамайды, оны бойына сіңірмейді. Бір жерде айтыс болады десе, шапанын жамылып, домбырасын сүйретіп бара береді. Оған одақ та, мен де тыйым салам. Одақ кәсіби ақындардың одағы ғой, әр ақынның жағдайын, мүмкіндігін біледі. Соны реттеп отырса дейміз. Барлық айтысқа бара бергеннен кейін ақын сарқылады. Ой адам басына келе бермейді, ой ішінде тұну керек қой. Өзінің жұмысын жүргізе алмайтын шенеуніктер айтыс өткізу арқылы өздеріне ұпай жинайды.

— Иә, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «әкімдер тендерге таласушы еді, қазір айтысқа таласатын болды» деп қалжыңдаған болатын.

— Әкімдікте істейтін кейбір мемлекеттік қызметкерлердің тірлігін түсінбейсің. Былтыр 3-4 желтоқсанда «Алтын домбыра» жүріп жатса, Шымкентте халықаралық айтыс өтіп жатты. Оны өткіз деп тапсырма берген Ж.Түймебаев қой, өткізген — облыстың мәдениет басқармасының бастығы Нұрболат Ахметжанов. «Алтын домбырамен» жағаластырмаңдар деп біз айтып жатырмыз, «Нұр Отан» ескертіп жатыр. Мұны қоя тұрыңдар деп министрлікке де қоңырау шалынды.

— Аға, қазір айтысқа байланысты зерттеу-сауалнама жүргізіп жатырмын, сонда сауалнамаға көбіне қатысып жатқандар журналистер, ғалымдар, саясаткерлер. Өз ойы бар жандар. Солардың көбі маған «мен дін араласқаннан кейін айтысты қарауды қойдым» дейді. Сонау 2004 жылдардағы «Жекпе-жек» айтыстарды еске салады. Көрерменнің осындай бір реніші бар. Діни ағымдарды осы айтыстан тыю мүмкін бе?

— Неге тыймасқа?! Өзінің кәсіби одағы бар, «Нұр Отан» қолдап отыр, министрлік бар, кімнің қай бағытта жүргенін білеміз. Соны реттеуге болады ғой. Айтыс 4-5 жыл бұрын діни ағымды насихаттауға кетіп қалған. Оны «Нұр Отан» жақсы түсінді. Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясын басқарып тұрған кезде мені шақырып алып: «Біз осындай теріс жолға түсіп бара жатқан айтысты оңдаймыз, сіз сәл шыдаңыз, біз айтысты арашалап аламыз», — деді. Мені Астанаға шақырып алып, шапан да жауып, шыда-шыда деп ақыры сол діни бағыттардан ажыраттық. Кеткен ақындар қазір кетіп қалды. Сол ағымның соңына түскендер қазір айтыста жоқ.

— Айтыскерлердің бойындағы ерекше бір қасиет — сұңғылалық. Ол көп адамдарда кездесе бермейді. Сол сұңғыла ақындарымыздың жат ағымның жетегінде кетуі өте өкінішті!

— Қазақ қоғамында діни бөліну жүріп жатыр ғой. Сирияға да кетіп жатыр, радикалды ағымдардың ұялары да оны көріп, біліп отыр. Біздің ҰҚК біліп отыр. Қазақ қоғамы қандай болса, айтыс та сондай. Айтыскер ақындар арасында да бар. Біреу радикалды бағытта, біреу дұрыс бағытта. Оған не істеуге болады? Қоғам оңалса, бұл да өзінен-өзі оңалады. Қазір қоғамда салафилерді анықтап, тежеу жүріп жатыр ғой, Елбасының өзі осыларды тыйыңдар деп тапсырма берді. Осы қоғамда да тыйылса, айтыста да тыйылады деген сөз.

Өміршең өнер талай мәселеге қозғау салды

— Айтыста көтерілген мәселе қоғамда қаншалықты талқыға түседі?

— Бұл — үлкен мәселе. Айтыстың негізгі миссиясының өзі сол. Кейде менен осы айтыс арқылы қандай мәселені шештіңдер деп сұрайды. Айтыстың міндеті мәселені шешу емес, мәселені қою, қоғамның ортасына ой тастау. Қысылған кезде мен мынандай мысалдар келтірем, мысалы, «Алматы ақшамы» газеті айтыстың арқасында шығып жатыр деймін. Кеңестің кезінде «Вечерний Алматы» дейтін газет шығатын, кезекке тұрып алатынбыз. Соны айтыстың үстінде «бұл Алматы Алаштың астанасында неге қазақша кешкі газет шықпайды. Мына мегаполистің мәселелерін қозғайтын ұлттық газет неге жоқ?» деп ақындар көтерді. Сол айтысқа қатысып отырған орталық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі Жолдасбеков орнынан тұрып: «бұл дұрыс көтеріліп отырған мәселе, біз бұл мәселені қараймыз, шешеміз» деді. Үш айдан кейін «Алматы ақшамы» деген жалпыұлттық газет шықты. Міне нақты нәтиже керек болса. Екінші мысалды айтайын, ана жылы Семейдің Абай ауданында айтыс өткіздік. Облыс әкімі Сапарбаев еді. Сосын Семей мен Қарауылдың арасындағы жол нашар екен. Ақындар «мынау жол қанша айтса да түзелмейді, бұл Абайдың жолын түзеу «Абай жолын» жазғаннан қиын болды ғой» деді. Сосын Сапарбаев түрегеліп: «Мен уәде беремін, жолды жөндеп беремін», — деді. Сосын жолды жөндетіп, жасап берді. Бұл — нақты нәрсе. Айта берсек көп, бірақ айтыстың негізгі міндеті ол емес. Біз өзі жап-жас мемлекетпіз, 25 жыл деген тарих үшін қас қағым сәт. 25 жылда бұл мемлекеттің мәселелері шешілмейді. Біз оң-солымызды енді танып жатқан ұлтпыз. Құндылықтарымызды орнына қойып, ненің қадірін білу керек, нені күстәналау керек, көп қой. Осы мәселелерді іздеп жатқан жас ұлттың тағдырында неше түрлі қолбайлау мәселелер бар емес пе? Соның бәрін көзге шұқып айтып, халыққа көрсетіп, пікір туғызу — айтыстың міндеті. Айтыс 80-90 жылдары халықтың санасын оятып, тәуелсіздікке дайындады. Енді қазір сол тәуелсіздікке қызмет етіп жатыр. Айтыс өнері не көрмей келе жатыр? Бұл ауыз әдебиетінің жанры өркениет дәуірінде де дамып жатыр, арабтарда айтыс өліп қалды, түріктерде, немістерде де өліп қалды. Қазақта өлмейді, қайта өршіп келе жатыр. Неге? Себебі бұл қоғамға пайдалы қызмет атқарады. Қайта тіріліп алды. Оны тірілтіп берген мына мен. Айтпаймын ешкімге, бірақ ішім сезеді, осыны мен қолға алып істемесем, тарих қойнауына кетіп еді ғой. Негізгі себеп жоғарыдағы тылсым әкеп маған қозғау салғызды. Бүкіл тағдырымды арнадым, ақындығымды тастап, 1974 жылдан бері 43 жыл болды осымен айналысқаныма. Бұл өміршең өнер, халыққа қызмет етуде.

— Айтыстан кейін қоғамдық пікір қаншалықты зерттеледі?

— Мен оған жауап бере алмаймын. Қазір неше түрлі институттар бар емес пе, халықтың пікірін зерттеп отырған, стратегиялық зерттеп отырған институттар айналысу керек қой. Біздің күнін көре алмай отырған Одақ мұнымен айналыса алмайды. Біздің Одаққа Дархан Мыңбайдың тұсында 1 рет 5 млн. теңге берілді. Одақ сол қаржыға мынау жинаулы тұрған қызыл кітап «Қазіргі айтыс ақындары» деген кітап шығардық. Сол жылы біз Қызылордада бір рет, Таразда бір рет айтыстың проблемаларын қарастырған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Осымен айналысатын ғалымдарды алып барып, баяндамалар жасатып, пікір алмастырып дегендей. Одан басқа он рет айтыс туралы тренингтер өткіздік. Ақындарды үйрету керек, оқыту керек. Өлеңнің ұйқасынан бастап, саяси көзқарасына дейін үйрету, жетілдіру керек. Бізде 84 жылдан бергі айтыстардың видеосы бар, соны көрсетіп қойып, кемшілігі қайсы, жетістігі қайсы, оқытамыз. Әйтпесе аспаннан ақын салбырап түспейді ғой. Оларды тәрбиелеп, ұштап, бірімен-бірін айтыстыру керек.

Мұхтар мен Болатбектің жекпе-жегін қайта жасаймыз

— Көрерменді былай қойыңыз, айтыскерлердің өздерінің қазыларға көңілі толмайды. Ренжіп жатады. Қоғамның бүгінгі қазысы қандай болу керек? Алматыда өткен «Алтын домбыра» айтысына екі рет қатыстым. Былтыр Аспанбек жеңіп алғанда дәл биылғыдай наразылық болған жоқ. Халықтың өзі Аспанбек алғанына қуанып, сахнаға дейін шығып кетті. Соңғы «Алтын домбырада» керісінше болады. Қазылық еткен айтыскер ақындардан кейбір әріптестерім барып пікір сұрағанда, мүлдем жауап бермей, «анадан сұра, сол біледі барлығын» деп өзгеге сілтегендер болды.

— Маған кім қазы болды дегеннен гөрі, кім қазы болмады деген сұраққа жауап беру оңай. Қазақ өнерін, сөзін ұғатын мүйізі қарағайдай азаматтарды қазылыққа кіргізіп келемін. Қазір біз «әділ» деген сөзді алып тастағанбыз. Қазы деп қана айтамыз. Айтыстың күрделі проблемаларының бірі болып тұр. Айтыстан, байқап отырсаң, жазба ақындарды көрмейсің. Ал қазы қылсаң, жетіп келеді. Ақын деген өлеңнің жаратылуын көру керек қой. Он балл беріп жатқанда, тақсырларының айтуымен сегіз деген баға беретіндер бар. Қазылардың арасында айтысты зерттеген ғалымдар мықты еді: Мырзабек Дүйсенов, Мүслім Базарбаев, Рақманқұл Бердібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғали. Ал соңғы «Алтын домбыраға» байланысты сұраққа қысқаша ғана жауап берейін. Мен Мұхтар мен Болатбектің айтысын қайта жасаймын. Жекпе-жек айтыс болады. Екеуі де сұрапыл ақын. Кеше Болатбек алып кетсе, Мұхтар алмады деп шулайтындар шығатын еді. Халықтың пікірі соңғы пікір емес. Айтыстың үстінде қандай күрделі ойлар айтылды, қандай мәселелер көтерілді, қандай көркем образдар жасалды дегеннен гөрі «мынаның бәйгесін кім алып кетті» деген мәселе халықты қатты алаңдатады.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған